Қазақстан • 30 Наурыз, 2018

Арман қала, орман қала – Астана

972 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елорданы жасыл желек жамылған Алатау баурайынан ақселеулі Ақмолаға көшіру идеясын жүзеге асырған сонау 1998 жылы Елбасы еліміздің бас қаласын болашақта орман көмкерген, гүлмен кестеленген жасыл қалаға айналдыру жөніндегі қиял-ғажайыпқа ұқсас бастамасын бастап кетті.  

Арман қала, орман қала – Астана

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"

Елбасы елорданың 15 жыл­дық мерейлі мерекесіне орай жарияланған «Астана – Қазақ­станның ұлы дәуірі және стра­­тегиялық векторы» атты мақа­ла­сында «Астананың өзінде жаңа саябақтар мен гүлзарлар құрылды, ал көгалды алаңдар көлемі миллиондаған шаршы метр­­ге жетіп отыр. Бүтіндей ал­ғанда, елорда айналасындағы қол­дан отырғызылған ағаштар аумағы 65 мың гектарға жетті, оның 14 мың гектарға жуығы қаланың өз ішінде бой көтерді. 2020 жылға дейін, тұтастай алғанда, қалаішілік және қала маңындағы далалы аумақтардың 100 мың гектары орманды алқап болады» деп атап көрсеткен болатын. Иә, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бүгінде елорданы көгалдандыру және бас қаланың «жасыл белдеуін» дамыту мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың ауқымы зор.

Бүгінде елордамыздың әрбір тұрғынына шаққанда 17 шаршы метр жасыл желек аумағынан айналады екен. Сарапшылардың пікі­рінше, бұл көрсеткіш қала­ларды көгалдандырудың әлем­дік нормасына сәйкес келеді. Елорданы жасыл орман көм­керген саябақ қалаға айналдыру жөніндегі жүйелі жұмыс одан әрі жалғасын табуда. Астана қаласы әкімдігінің табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурс­тар басқармасы басшысының орынбасары Мирас Ғайсиннің айтуынша, биылғы жаз айларында елордада жаңадан тағы да 10 саябақ және 4 бульвар жасалады. Мамандардың дерегі бойынша, тек 2017 жылы ғана елордада жасыл желек отырғызу 2016 жылмен салыстырғанда үш есе артқан.

«Өткен жылы қаламызда 2 мың­нан астам ағаш отырғы­зылды. Оның үстіне жаңа сая­бақ­тар мен бақтар ашу ісі жалғасады. Қа­зіргі күні қаламызда 10 ірі бақ, 95 саябақ және 4 бульвар жа­сақ­талған. Үстіміздегі жылы жаңадан тағы 10 саябақ пен 4 бульвар жасақталады», деді жа­қында өткен кездесуде Та­би­ғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары.

Елорданың 20 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында Маңғыстау облысының қала­мызға жасаған сыйлығы ретінде Жеңіс және Бөгенбай батыр даң­ғыл­дарының бойында жаңа сая­бақтар мен гүлзарлар ашылады. Сонымен бірге биыл қала­мызда тағы бір ірі демалыс саябағы ашылады. Онда Шы­ғыс­тың қос жұлдызының бірі, қазақ­тың батыр қызы Мән­шүк Мәметоваға арналған еңселі ескерткіш бой көтеретін болады. Бас қаламызды көгалдандыру және абаттандыру мақсатындағы кешенді шаралар биыл ерекше басымдыққа ие болмақ. Мәселен белсенді демалысқа әуестенуші қала тұрғындары үшін қосымша тағы да 34 шақырымға созыл­ған велосипед жолы ашылады. Бас қаланың 20 жылдық мерейлі мерекесіне орай қаламызды көгал­дандыру және абаттандыру жұмысына еліміздің барлық об­лыстары өздерінің үлестерін қосатын болады.

Астана қаласын қоршаған «жасыл белдеу» бүгінде көз сүйсінетін нағыз ну орманға айналды. 1998-2004 жылдар аралығында елорда шекарасы аумағындағы жалпы ауданы 11502 гектар жерге 9,6 миллион түп ағаш және 1,8 мил­лион түп бұта отыр­ғы­зылды. Ал 2012 жылдан бас­тап 2017 жыл­ға дейін ор­ман жолақтарының ара­сына 152 миллионнан астам кө­шет отырғызылды. Қазіргі уа­­қытта атты кісі жасырына алатын Астана орманы қа­ладан 60 ша­қырым қашық­тық­та орналасқан Шор­танды бағытындағы табиғи ор­ман­мен қосылып, тұтасып үл­­герді. Қала маңындағы бас­қа бағыт­тардағы ормандар да біртін­деп қа­натын кеңге жайып барады. Ел арасында «Президент орманы» атты лайықты атау алған бұл орман алқабы хақындағы ке­лелі әңгімені алдағы уақыттың ен­шісі­не қалдырайық.

Мерекелі жылы Талдыкөл кө­лі­нің маңайында және әуежайға ба­ратын күрежол бойында 280 мың түп ағаш отырғызылады. Қа­зір­дің өзін­де бұл жол бойында 44 мың шырша отырғызылды. Кө­галдандыру шараларына 300 миллион теңгеден астам қар­жы бөлінді. Үстіміздегі жыл­дың екінші жарты­сында Кіші Тал­дыкөл көлінің ма­ңайын құрғату және абаттандыру жобасы бойынша қарқынды жұ­мыс­тар жүзеге асырылмақ.

Соңғы уақытта Астана қа­ласы кө­шелерін сан түр­лі гүлдермен көмкеру дәс­­түр­ге айналып келеді. Гүл­­­зар­­лардың аумағы жылдан-жылға кеңейіп барады. Өткен жылдың өзін­де қаламыздағы гүл­зарлар кө­лемі үш есе артты. Сонымен бірге кейінгі кезде «Астана-Көгалдандыру құ­ры­лысы» АҚ кәсіпорындары өсім­діктерді күзеп, реттеу ар­қылы жасыл мүсіндер жасау дәстүрін тәжірибеге берік ен­гізді. Қазір қа­ламыздың барлық көше­лерінен дер­лік осындай жасыл мүсін­дерді көруге болады. Бұл мүсіндерді кез келген жасыл өскін­дерден жасай беруге болмайды. Ол үшін 1 шаршы метр арнайы аумаққа 2 мың түп көшет отырғызылады. Бұл өсімдіктерге жан-жақты күтім жасалып, үздіксіз су­ары­ла­ды. Үс­тіміздегі ме­ре­к­елі жылы мұндай көз тар­­тар жасыл мүсіндердің қа­та­ры бұрынғыдан да кө­бей­тілетін болады. Бүгінде қала көшелерінде жол бойы орнатылған көздің жауын алатын құмыраға салынған аспалы гүлдер қала тұрғындарына етене жақын болды. Биыл да қала көше­лер­інде қоршаған темір шар­бақ­тарға гүл өсірілген мың­даған аспалы қыш құ­мы­ралар ілінетін болады.

Елорданың 10 жылдық ме­рейлі мерекесі аталып өтіл­ген жылдар­дан бастап Астана қала­сында аула­ларды абат­тан­дыру жұмысы жүйелі жал­ғасып келеді. Осы кезең ішінде елордада мыңнан ас­там аула күр­делі жөн­деу­ден өткізіліп, абат­тан­ды­рылды. Абат­­танды­рылған ау­­ла­ларда жасыл желек отыр­ғы­зылып, ба­ла­лар­дың ойнау алаңдары құры­лып, қала тұрғындарының шынайы ризалығына бөленуде. Ас­тана қаласының осындай аула­ла­рындағы балалар ойнайтын түр­лі-түсті қондырғыларды, құм төселген алаңдарды, асфа­льт­талған, тас төселген жаяу жүргін­шілер жолдарын кө­р­генде кө­ңі­лің толып, бас қаламызды кө­гал­дандыру және көркейту мақ­сатында шын мәнінде ауқымды шаралар атқарылып жатқанына тән­­ті боласың. Астананың жи­ырма жыл­дық шежірелі ме­ре­кесі аталып өтілетін би­ыл да осы бір игі дәстүр жалғаса бермек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»