Қазақстан • 30 Наурыз, 2018

Қазақстан мен Моңғолия үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы өтті

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Астанада сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан мен Моңғолия үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы өтті.  

 

Қазақстан мен Моңғолия үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы өтті

Аталмыш іс-шараға еліміздің тарапынан тең төраға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Моңғолия тарапынан тең төраға осы елдің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Соднамин Чинзориг, сонымен бірге қос елдің орталық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Үкіметаралық комиссия отырысында сауда, экономика, инвестиция, кәсіпкерлік, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, білім беру және ғылым, денсаулық сақтау, құқықтық базаны дамыту, халықты әлеуметтік қамсыз­дандыру сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды.

Жалпы, Қазақстан мен Моңғолия тарихи тәжірибеге бай, мәдени әрі гуманитарлық байланыстары орныққан, сон­дай-ақ салт-дәстүрі жағынан да ұқсастықтары көп елдер. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Моңғолия арасында сенім мен өзара ортақ мүдделі қағидалар жағынан да тұрақты әрі сындарлы қарым-қатынастар орнаған.

 Кездесуді еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова ашып, Моңғолия Қазақстанмен дипло­матиялық қарым-қаты­нас орнатқан алғашқы мемлекет­тер­дің бірі екенін ерекше атап өтті. 

«Біз Моңғолия тарапынан болған зейнетақымен қам­сыздандыру саласындағы екі­жақты ынтымақтастықты жалғас­тыруды және осы жоба бойынша басталған тиісті үкіметаралық келісімді дайындау үдерісін биыл іске асыруды қолдаймыз», деді М.Әбілқасымова.

Келелі кездесудегі маңызды мәселелердің бірі Монғолия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтас­т­ық шеңберінде екі ел ара­сын­дағы сауда-экономика­лық ын­ты­мақтастықты дамыту және кеңейту болды.

Тараптар өзара жеткізілім­дер құрылымы салыстырмалы түрде шектеулі екендігін және бұл олардың өндірісі мен экс­порттық әлеуетін көр­сет­пейтінін атап өтті. Бұл ретте екі ел өкілдері кездесуде атал­ған олқылықтың орнын тол­ты­руға қажетті шаралардың бір­нешеуін қабылдады. Екі ел тауар айналымын одан әрі да­мыту мақсатында әлеуетті экс­порт­тық тауарлар тізімімен алмасты.

Кездесу қорытындысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдениет саласындағы әріптестік бойынша Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының хаттамасына қол қойылды. Сондай-ақ маңызды кездесу барысында Үкіметаралық комис­сияның келесі, яғни сегізінші отырысы 2020 жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласында өтетіні мәлім болды.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар