Саясат • 02 Сәуір, 2018

Гендерлік саясат өз деңгейінде жүргізілуде

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Республикасының Президенті жа­нын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Орталық сайлау ко­миссиясының бір­лескен отырысы өтті. Жиынға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалы­қова және Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Берік Имашев төрағалық етті.

Гендерлік саясат өз деңгейінде жүргізілуде

Селекторлық режімде өт­кен отырысқа Парламент Мәжі­лі­сі­нің депутаттары, Ұлттық комис­­сияның, Орталық сайлау комис­­сиясының мүшелері, халық­­аралық ұйымдардың басшы­­лары, сонымен қатар саяси пар­тия­лардың, әйелдер істері және от­ба­сы­лық-демографиялық саясат жө­ніндегі өңірлік комис­сиялар­дың, аймақтық сайлау комис­сия­ларының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» әйелдер қауымының қызметіне зор серпін бергеніне ерекше тоқталып өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қа­зақ­стан хал­қына арнаған «Төр­тін­ші өнер­кәсіптік революция жағ­дай­ын­да­ғы дамудың жаңа мүмкін­дік­тері» атты Жолдауында және «Болашаққа бағдар: руха­ни жаң­ғыру» бағдарлама­лық мақала­сында қойылған міндет­терді орындау әйелдер мәселе­сімен айналысатын барлық ұйым­дардың белсене қатысуын талап етеді», деді Мемлекеттік хатшы.

Г.Әбдіқалықова Қазақ­стан­ның 1995 жылдан – Бейжің декларациясына қосылған кезден гендерлік саясатты жүйелі түрде іске асыруға бет бұрғанын айтты. Тең құқықтықтың заңнамалық негізін дамытуға мүмкіндік берген 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы табысты іске асырылды.

Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік индексіне сәйкес, Қазақстан өткен жылдың қорытындысы бойынша 144 мемлекет арасында 52-орынға, оның ішінде «әйелдердің эко­но­микалық шараларға қатысуы және мүмкіндіктері» жөніндегі көрсеткіш бойынша – 30, «ден­сау­лық индексі» бойынша – 36, ал «білім деңгейі» бойынша 48-орынға орналасты.

2017 жылдың басында сая­си мемлекеттік қызметшілер ара­сындағы әйелдердің үлесі – 10 пайыз, Парламенттің депутаттық корпусында 22 пайызға жетті.

Сонымен қатар отырыста Орталық сайлау комиссиясының әйелдердің сайлау процесіне қатысуының гендерлік аспек­тілері жөніндегі ақпараты тың­далды. Бүгінде бүкіл ел бойынша 739 әйел (ұсынылған кандидат әйелдер санының 22,2 пайызы) депутат болып сайланған.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қыз­меттегі әйелдерді шешім қабыл­дау деңгейіне дейін ілгерілету мәселесі талқыланды. Барлық мемлекеттік қызметшілердің 55 пайызын (50,5 мың адам) әйел­дер құрап отыр. Сонымен бірге басшы лауазымдарындағы әйел­дердің үлесі – 39,5 пайыз (9,6 мың адам), оның ішінде ж­о­ғарғы басшы лауазымдары бойынша – 29 пайыз. Бұл деңгей Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының орташа көрсеткішіне сәйкес келеді.

Сондай-ақ Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыс­тары­ның ақпараттары тыңдалды. Қостанай облысы жергілікті мем­лекеттік органдардағы әйел­дер саны бойынша көш бастап тұр. Мәслихаттардың бар­лық деңгейінде әйелдер депу­тат­тық орындардың 31 пайызын, әкімшілік мемлекеттік қызмет­шілердің 61 пайызын құрайды.

Отырыс соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мемле­кет­тік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»