Аймақтар • 02 Сәуір, 2018

Оралда жаңа мектеп ашылды

882 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласына қарасты Деркөл кентінің «Көкжиек» шағын ауданында жаңадан ашылған №48 мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Мектеп 600 оқушыға арналған.

Оралда жаңа мектеп ашылды

- Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған жаңа мектеп – көптен күткен қуаныш. Бұл жыл басынан бері пайдалануға берілген екінші мектеп. Алдағы уақытта тек облыс орталығында емес, Бөкей Ордасы, Зеленов, Ақжайық, Теректі аудандарында мектептер саламыз. Елбасы білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Облыс бойынша бұл саладағы бюджет соңғы үш жылда 20 млрд. теңгеге көбейді.

Мұғалімдер жағдайына да мемлекет басшысы баса назар аударуда. Осы орайда жаңа форматқа оқуға көшкен мұғалімдердің жалақысы көбейетін болады. Оған қазір республикадан тиісті қаражат күтіп отырмыз, - деді мектептің салтанатты ашылу жиынына қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Соңғы жылдары қалаға көшіп келушілердің, тегін жер үлесін алушылардың есебінен Орал қаласының етек-жеңі далиып барады. «Көкжиек» шағын ауданы да соңғы кезде пайда болған. Су, көгілдір отын секілді желілер тартылып, жолы салынып жатқан жаңа ауданның балалары осы кезге дейін көршілес Селекционный кентіндегі №12 мектепке қатынап оқитын.

Ол мектеп ғимаратында да орын болмай, оқушылар көп қиындық көрді. Енді , міне, жаңа ауданның өз мектебі бар. Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метр мектеп ғимаратында 56 оқу кабинеті, кітапхана, 2 шеберхана, барлық құралдарымен жабдықталған спорт залы, 200 орындық мәжіліс залы, радиоторап кабинеті, 130 орынға арналған мектеп асханасы бар. Барлық кабинет проектілік экранмен жабдықталған. Жаңа мектепке 500 оқушы, шағын орталыққа 100 оқушы қабылданбақ.

Құрылысы 2016 жылдың қараша айында басталған мектеп ғимаратын салуға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1 255,609 млн. теңге қаржы жұмсалған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ