Қазақстан • 03 Сәуір, 2018

«Тәуелсіздік дәуірі». Әлемдік тәжірибедегі тұлға феномені

559 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының беташарын: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деген жүрекжарды сөзімен ашыпты. Иә, кітаптың әрбір сөзі, сөйлемі бізге таныс, жақын. Себебі біз бұл тарихтың, дәуірдің куәсі болдық.

«Тәуелсіздік дәуірі». Әлемдік тәжірибедегі тұлға феномені

Елбасының аталған кіта­бында қазақстандық даму үлгі­сінің табиғаты мен оның эволюциясы, ақылмен ойлап, жеті рет өлшеп, бір кескен, толғанған, тарыққан, жол тапқан, тәуекел еткен, туған халқына сенген, ел сенімін ақтасам, халқымды бақытты етсем деген армандары, ұшқыр шешімдері сөз болады. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «...Ұлт көш­бас­шы­сы қандай болуы қажеттігі және оның артатын жүгі қан­шалықты екенін мен талай рет ой елегінен өткізгенмін. Мен үшін ұлт көшбасшысы болу – миллиондаған отан­дас­­та­рың үшін, өз халқыңның тағ­дыры үшін бүкіл жауап­кер­ші­лікті арқалау деген сөз. Хал­қы­ң­ның туған перзенті болсаң, еліңмен етене өмір сүр­сең, құндылықтарың мен мақ­сат­тарың жұртыңмен ор­тақ болса ғана ондай орасан жауапкершілікті көтере аласың» дейді.

Осы тұста сонау көне Түркі қағанаты заманындағы тасқа ойылып жазылған «Бектері де, халқы да сенімді екен, Сол үшін елін сонша билеген екен, Ел ұстап, заң жасаған...» деген сөз тіл ұшына оралады. Көш­бас­шыға деген халық сенімі 1991 жылдың 1 желтоқсанын­да тұңғыш Президент сайла­уында көрінді. Ғасырлап күт­кен еркіндігі, азаттығы келіп жеткеніне қуанған халық, ақсарбасын құрбандыққа шалып, Жаратушыға алғысын айтып, тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Президентін сайлау­ға тайлы-тұяғы қалмай барға­нын, бірін-бірі құшақтағанын, қария­лардың көздеріне жас алғ­анын біз көзімізбен көрдік. Жа­сыратыны жоқ, біз де қуа­ныш­тан жылағанбыз.

Ал 1991 жылғы 16 желтоқ­сан­да тәуелсіздіктің ақ таңы атқан сәтте қуанбаған ел болмады. Қазақ елі етек-жеңін тез жинап, кеудесін тіктеп, алға басты. Оның бір сырын біз былайша түсіндік – халқымызда «қарғыс алма, алғыс ал, сонда ғана көктейсің» деген қағида бар. Кеңес Одағы ыдырап, абдырап тұрған кезде Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ Қазақстан қандай болады, қайткенде елім бақытқа кенеледі?» деген ойдың шырмауында болғаны анық.

Бүкіл әлем Кеңес Одағының тарап кеткен 15 еліне назарын тікті, әрекетін бақылады. Сон­дай бір сынақ уақытта әлемді таңғалдырған да, ойландыр­ған да бір ұлы іс атқарылды. Ол – Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы болатын. Бұл оңай шешім емес еді. Осы жөнінде Елбасы: « ... Бәске ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздік тігілді. Таразының бір басында, өзіміздің әскери қуатымыздың ресурсы ретінде ядролық әлеует­ті сақтап қалу, ал екінші басында өзіміз ядролық қарусыз болашақ таңдап, одан бас тарту арқы­лы бүкіл жер жүзіне біздің мақсатымыз күшімізді қару-жарақ жинаумен дәлелдеу емес екенін көрсету тұрды» деп жазады. Басқа ел жасай алмайтын ерлікті Қазақстан жасады. 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қой­ды. Осылайша тіршілікке, Жер-Анаға, адамзатқа апат әкеле­тін, өлім әкелетін, кесел алып келетін ядролық қарудан бас тарттық. Бұл шешімге күллі әлем де, алыс-жақын елдер де қуан­ған-ды. 

Сөйтіп бейбітшілікке таң­дау жасаған Қазақстанның бү­гінгі таңда әлемнің қарқын­­ды дамыған елдерімен терез­есі тең мемлекетке айналуының бір сыры осында деп ойлаймын.

Жер көлемі бойынша әлем­де тоғызыншы орын ала­­тын, 130-ға жуық ұлт өкілі мекен­­­деген Қазақстан халқын бір отбасындай ұйыстыра білу, бір­лігі мен ынтымағын сақ­тау оңай еместігі анық. Сон­дық­тан Елбасының ең бірін­ші ұстанымы ел бірлігі, дос­тығы мен ынтымағы болды. Осы­ның нәтижесінде құрылған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы біз­­дің елдің бейбітшілік, достық символына айналды. Ол туралы Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «1995 жылдың 1 наурызында мен Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Сол арқылы басты міндет мем­лекет пен азаматтық қоғам инс­титуттарының әріп­тес­тігі негізіндегі этностар мүд­де­лері­нің бірігуін қам­тама­сыз ету, тиімді этнос­аралық қарым-қатынас жүргізу және ортақ саяси, құқықтық, мәдени орта қалыптастыру болып табылатын жаңа консульта­тивті кеңес органы құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы басынан бастап этностық топтар өкілдіктерінің механизмі, мемлекеттік этностық саясатты жүзеге асырудың маңызды институты есебінде ойластырылды» деген еді.

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының «Көші-қон керуені. Атажұртқа оралу» бөліміндегі толғамалы сөз­дері өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы халықтың тұр­мыстық жағдайын көз ал­дымызға келтірді. Эко­но­ми­калық тоқырау, жұмыс­сыз­дық, дүкендердегі кезектер, та­лон­дық режім ертеңімізге сенімді азайтқаны белгілі. Бірақ Президенттің басшылығымен, салиқалы саясаты арқылы тығырықтан шықтық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саясатта да өте ықпалы зор тұлғалармен еркін диалогке шыға білді. Олар Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Борис Ельцин, Цзян Цзэмин, Ли Куан Ю, Франсуа Миттеран, Джон Мейджор, Сүлейман Демирел және саясаттың тағы басқа тарландары болатын.

Әлемдік деңгейдегі саяси көшбасшылардың әрқай­сысы­мен әңгімеде Нұрсұлтан Назарбаев елдің мүддесіне сай қадамдар жасады. АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Сингапур және т.б. дамыған алпауыт елдердің басшыларымен кеңесе отырып, олардың жүрген жолын саралай білген Елбасы Н.Назарбаев қазақстандық дара жолды таңдады. Ол жолды басқа жұрттың жолымен шатастыруға болмайтынын сезінді. Себебі аспан ортақ, жер ортақ болғанмен, әр ұлттың өмір сүру мәдениеті, дәстүрі, тілі, ділі, тарихы басқа.

Елбасының көрегенділігінің арқасында еліміздің ақылман­дық сапасын арттырудың жаңа жобасы іске қосылды. Ол – «Назарбаев Университет» және Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері. Елбасы «Сапалы білім мен ғылымсыз Қазақстан­ның келешегі жоқ! Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятып, жүзеге асыруға мүмкіндік бере­тін интеллектуалдық төң­­керіс қажет. Ең алдымен жас­т­ардың білімге және парасат­тылық көзқарасын өзгер­тетін уақыт жетті. Бізге халықара­лық деңгейде бәсекелесуге қабі­летті жан-жақты маман­дар керек!» деген ойын жүзеге асырудың жолын тапты. Білім­сіз, ғылымсыз алға басу болмайты­нын жастардың санасына құйып, жастармен әр кез­десуінде оларға сенетінін, бола­шақта ел де, жер де өздері­­не аманат екендіктеріне көз­­д­ерін жеткізіп сөйледі. Назарбаев университеті студенттері­мен кез­десуінде Президент «Сен­дер, қазіргі жастар, тәуел­сіз Қазақстанда өстіңдер, сен­дердің көз алдарыңда біздің мемлекеттілігіміздің қалып­тасуы жүрді. Сендер ана сүтімен бірге бойларыңа патриотизм және өз тәуелсіз Отандарыңа деген сүйіспеншіліктің терең сезімін дарыттыңдар. Мен біз­дің жастарға сенемін. Сен­дер­дің білім­дерің, сендердің күш-жігер­лерің мен сендер­дің ең­бек­терің күшті де өркенді Қазақ­станды орнатуға жұмыс істейтініне сенімдімін» деген болатын.

Әлем мойындаған ірі тұл­ға, ұлы саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сенімін оятты.

Бүгінде Назарбаев уни­вер­ситеті әлемдік деңгей­­дегі халықаралық оқу орнына айналып, 4269 студент білім алуда. Оның Фаундейшн бағ­дар­ламасында – 708, бакалавр – 2586, магистрлер – 806, PHD студенттері – 99, «Медицина докторы» бағ­дарламасының студент­тері 70. Ал халықаралық студент саны 30-ға жуықтайды.

Назарбаев университетінің түлектері Карнеги-Меллон университеті, Колумбия уни­вер­ситеті, Дьюк универси­теті, Цюрихтегі Швейцария­­ның жоғары техникалық мек­тебі, Лондонның империя­­лық колледжі, Король Абдалла атын­­дағы ғылыми-техно­логия­лық университет, Лон­донның экономика және саяси ғылымдар мектебі, Мас­сачусетс технология­лар инс­титуты, Стэнфорд Уни­вер­ситеті, Сингапурдың Ұлт­тық университеті, Сеулдің ұлттық университеті, Токио тех­но­логиялық институты, Цинхуа университі, Вис­консин-Мэди­сон университеті тәрізді әлем­нің беделді оқу орындарында білімдерін жалғастырып жатыр. Олардың алды ғылым магистрі, ғылым докторы болып оралып жатыр. Негізіне өз түлектеріміздің бірқатары бастапқы қанат қағып ұшқан білім ордасына оралып, қызмет жасауда.

Игіліктердің қайнар бастауын іздеген әрбір қазақ­стан­дық, соның ішінде Назарбаев университетінің түлек­тері, сту­денттері өз елі Көш­бас­шы­сы­ның әлемдік тәжірибедегі тұлға феномені екендігін мойындайды әрі мақтан етеді.

Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,
педагогика ғылымдарының докторы, «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше