Қазақстан • 03 Сәуір, 2018

Азаптаудың жазасы ауыр

407 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Ішкі істер министрлігі жа­нын­дағы қоғамдық кеңесте БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетіне Қазақстан тарапынан тапсырылатын Төртінші кезеңдік баяндама жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. 

Азаптаудың жазасы ауыр

Оған Бас прокуратура, Әділет министр­лігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік ор­ган­дардың, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, құқық қорғаушылар қатысып өз пікірлерін ортаға салды.

Жиында баяндама жасаған Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповтың айтуынша, Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесіндегі реформалардың нәтижесінде түрмеде ұсталатын сотталушылар саны 25 пайызға қысқарған. Бұл көрсеткіш қалыптасқан жағдайдың біршама жақсарғанын көрсетеді. Өйткені 2000 жылы түрмеде жазасын өтеушілердің есебі бо­йынша жүргізілетін әлемдік рейтингте еліміз алдыңғы үштікті түйіндеп, көңілге селкеу түсірген. Ал бүгінде Қазақстан оңтайлы реформалар арқылы аталған рейтинг бойынша жағдайын түзеп, 71-ші орынға көтерілді.

Осы орайда Р.Жақыпов еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымына сәйкес азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттерді азайту бойынша ұлттық заңнаманы халықаралық нормалар мен сәйкестендіру бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылғанын ерекше атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, БҰҰ-ның конвенциясына сәйкес, азаптаулар елімізде ауыр қылмыс деп танылып, заң шеңберінен аттағандарды 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Ал құқық қорғау органдарының тергеу ғимараттарында бейнекамерамен жабдықталған 490 «айқын бөлме» ашылған. Азаптаулардың алдын алатын халықаралық стандарттарға сәйкес Алматы, Қызылорда, Орал және Атырау қалаларындағы жабық мекемелер заманауи  ғимараттарға көшірілген. Оның үстіне бұған дейін жертөлелерде орналасып келген 26 оқшаулау орны жабылған.

Қоғамдық кеңес отырысында азап­тау­лардың қасіреті жайында халықаралық ұйымдардың өкілдері де ашыла айтты.

– Бізге әсіресе соңғы жылдары жабық мекемелерден арыз көбейді. Бірақ нақты азаптаулар бойынша дәлелденетіндері некен-саяқ, – дейді Еуропалық одақтың «Қазақстандағы қылмыстық әділ сот жүйесін жетілдіру» жобасының жетекшісі Сәуле Мектепбаева.

Ал Ішкі істер министрлігі Өзіндік қауіп­сіздік департаменті басқарма бастығының орынбасары Әділқожа Құсайыновтың айтуынша, тек соңғы үш жылдың өзінде ішкі істер саласының 59 қызметкері азаптауларға қатысы болғандығы үшін бас бостандықтарынан айырылған.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»