Парламент • 03 Сәуір, 2018

Депутаттар Елбасының бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру бойынша кездесулер өткізіп жатыр

304 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аймақтарда Елбасының бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру бойынша Парламент депутаттарының сайлаушыларымен кездесулері жалғасуда, деп хабарлады Парламент Сенаты мен Мәжілісінің баспасөз қызметтері.

Депутаттар Елбасының бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру бойынша кездесулер өткізіп жатыр

Атап айтқанда, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров және сенаторлар Серік Бектұрғанов пен Жеңіс Нұрғалиев Қостанай өңірінде болды. Олар облыс орталығындағы жаңа шағын ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асуы барысымен танысты және құрылыс мекемелерінің басшыларымен кездесуде Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Аймаққа сапар аясында депутаттар облыстық соттың жаңа ғимаратының құрылысын көріп, мешіт және күштік спорт түрлері академиясына барды. Сондай-ақ облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесу барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жоспарлары талқыланды.

* * *

Ал Павлодар облысындағы Май ауданында болған сенатор Манап Көбенов еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген жас мамандармен кездесіп, олардың тұрғын жағдайлары және еңбекақы мөлшері жайында әңгіме өрбітті.

Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын жұртшылыққа түсіндіру аясында депутат аудан активімен кездесуде білім беру, тұрғын үй құрылысы, несие беру, салық ауыртпалығын төмендету мәселелерін талқылады.

Май ауданының тұрғындары Президент Үндеуіне толықтай қолдау білдірді, ал мемлекеттік органдар бүгінгі таңда Елбасының ауқымды әлеуметтік бастамаларын іске асыруға әзір.

* * *

Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов Қызылорда облысының Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған аудандарында болып, ардагерлер кеңесі, шаруа қожалықтары өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, медицина саласының қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу кезінде Елбасы Үндеуінің басымдықтарын нәтижелі жүзеге асыру жан-жақты талқыланып, сенаторлар жиналған жұртты елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

* * *

Ал сенатор Ғұмар Дүйсембаев Атырау қаласындағы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В» компаниясының еңбек ұжымымен кездесуінде Президенттің бес бастамасына сәйкес әрбір отбасының баспана алуда жаңа мүмкіндіктері бар екенін, сондай-ақ жоғары білім, шағын несие беруді көбейтуде және еңбекақы мен салық саласында да ауқымды жаңалықтар болатынын айтты.

Ғ.Дүйсембаев сондай-ақ «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының, «Caspian Royal Fish» ЖШС және Атыраудағы мұнай машиналарын жасау зауытында да еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

* * *

Моңғолиядан көшіп келген қандастар өздерінің шешілмеген әлеуметтік мәселелеріне алаңдайды. Сенат депутаты Сергей Ершовтың Қарағанды облысындағы Осакаров ауданында жергілікті тұрғындармен кездесуі барысында оралмандардың жұмысқа орналасуы мен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері әңгіме болды. Сенатор Президент Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын іске асыру барысында көптеген мәселелердің шешімі табылатынына сенім білдірді.

* * *

Жергілікті атқарушы органдармен барлық қызметтердің тығыз жұмыс істеуі және төтенше жағдайларды болжау жұмыстары да жетілдіруді қажет етеді. Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарда болған кезінде аймақтағы тасқын суға байланысты ахуалға орай осылай деді.

Д.Мусин ауылшаруашылық дақылдарын сұрыптау-сынаудың Шығыс Қазақстан облыстық инспекциясында да болып, Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

* * *

Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, депутаттар Гүлнар Иксанова мен Зауреш Аманжолова Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті және Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болды.

Депутаттар білім беру мекемелерінің жатақханаларын аралап, студенттердің тұрмыс жағдайымен танысты.

Кездесу барысында вице-спикер Г.Исимбаева жоғары білім стандарттарына сәйкес білім беру жүйесін құру, оқушылардың оқу және тұру жағдайына назар аудару қажеттілігіне тоқталды.

* * *

Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко Мемлекет басшысы белгілеп берген бес әлеуметтік бастаманың бас­ты бағыттарын түсіндіру үшін Ақтөбе облысына келді. Ол аптаның аяғына дейін созылатын сапарының алғашқы күні шалғайдағы Ырғыз ауданының жай-күйімен танысты. Вице-спикер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқанына көз жеткізді. Бұл ретте В.Божко тұрғын үйлерді иеленуге бағытталған жаңа әлеуметтік ипотекалық бағдарламаның тиімді тұстары жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары облыс орталығындағы «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу мекемесі, Алға ауданындағы әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, кейбір түйінді тұстарға көңіл аударды.

* * *

Депутаттардың өңірлердегі сапары аясында Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдраxманов Ақмола облысының Аршалы ауданында сайлаушылармен жүздесуі барысында Президент Н.Назарбаевтың бес бастамасы әлеуметтік мемлекеттің әлеуетін әлемге әйгілеген, елімізде бәрі де адам игілігіне жасалатынын келісті көрсеткен шешім болып шыққанын нақты дәлелдеп айтты. Елбасы бастамаларының мән-маңызын жан-жақты ашқан депутат олардың жүзеге асырылуының тетіктері жөнінде де әсерлі әңгімелеп, жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді.

* * *

Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Жексенбай Дүйсебаев, Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев жұмыс сапарымен Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзені үстінен салынып жатқан көпір құрылысын барып көрді. Жаңа нысан Махамбет, Индер аудандары арасындағы көлік қатынасын реттеп, облыс орталығындағы кептелісті азайтатын болады. Халық қалаулылары, сондай-ақ Махамбет ауданы тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың басты қағидаларын талқылады.

* * *

Төменгі палата өкілдері Серік Сейдуманов пен Ержан Құдайбергенов Алматыда шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Әңгімеге арқау болған президенттік бес бастама кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапқан. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ғимаратында өткен кездесуде «Нұр Отан» фракциясының мүшелері бастаманың шағын несиелеу көлемін көбейту бағытында кеңінен әңгімеледі.