Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

Жүктелген міндет жүйелі атқарылуда

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында өнеркәсіп, көлік және логистикалық инфрақұрылымды цифрландыру, құрылыс пен коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету мен жергілікті жолдар желісін дамыту бойынша жүріп жатқан жұмыстарға байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.  

Жүктелген міндет жүйелі атқарылуда

Ж.Қасымбектің айтуынша, бағдарламаны ойда­ғы­дай іске асырудың нәтижесінде  2017 жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,1 пайызға жеткен. «Индустрияландыру картасы аясында 2017 жылы 1,5 трлн теңге қаржыға 120 жо­ба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс ор­­ны ашылды. Биыл жыл соңына дейін 1 трлн теңге қаржыға 150 жаңа жобаны іске қосу жос­­парланып отыр. Онда шамамен 15 мың тұ­рақты жұмыс орны ашылады», деді Ж.Қа­сымбек.

Еліміздің көптеген азаматтары үшін тұр­ғын үй өзекті мәселе ретінде күн тәрті­бі­нен түспейді. Министрдің сөзінше, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру­дың нәтижесінде 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пай­далануға берілген тұрғын үй көлемі 11 млн шаршы метрден асқан. Ол 2016 жылға қарағанда 6,2 пайызға жоғары.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2030 жылы халықты жан басына шаққанда 30 шаршы метрден келетіндей тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі іске асыру механизмдерін қайта қарап жатырмыз. Тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында арзан құрылыс пен ипотекалық кредит беру мәселелері бойынша жұмыс жүргіземіз. 2030 жылға қарай тұрғын үй көрс­ет­кішін бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарлануда. Сон­дай-ақ Мемлекет басшысы жариялаған бес әлеу­меттік бастаманы іске асыру аясында осы айда жаңа «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдар­ла­масының нормаларын есепке ала отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізі­летін өзгерістерді Үкіметке таныстырамыз. Қыс­қаша айтқанда, жаңа бағдарламада несиенің пайыздық үстемесі жылына 7 пайызға дейін тө­мен­детіледі. Ал бастапқы жарна 20 пайыздан аспайды. Ай сайынғы төлем жүктемесін азайту үшін несие мерзімі 25 жылға дейін ұзартылады. Осы механизм арқылы әрбір жұмыс істейтін адам несиеге пәтер сатып ала алады», деді ол.

Сонымен қатар Инвестициялар және даму министрі ауылдық елді мекендерді орта­лық­тандырылған ауызсумен жабдықтауды 59 пайызға, ал қалаларда 94 пайызға жеткізу жоспарланып жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударғаны белгілі. 

«Сондықтан «Нұрлы жол» инфра­құ­ры­лымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы айрықша бақылауда. Өткен жылы бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Олардың ішінде Алматы-Шу учаскесіндегі екінші жолдың құрылысы, Құрық портында автомобиль-паромдық кешенінің бірінші кезеңі аяқталды. Астана қаласының «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы әуежайында жаңа жолаушылар терминалы, «Нұрлы жол» жаңа темір жол вокзалы пайдалануға берілді. Республикалық маңыздағы 4,4 мың шақырым автожолға құрылыс жұмыстары жүргізілді. Өңірішілік мобильділікті арттыру мақсатында Мемлекет басшысы жергілікті жол желісін жөндеп, қайта жаңарту үшін қаржыландыру көлемін ұлғайтуды тапсырды. Биыл қаржыландыру көлемі 85 млрд теңгені құрады. 2018 жылғы бюджетті нақтылау кезінде министрлік қосымша 30 млрд теңге бөлді. Облыс әкім­діктері де жергілікті бюджеттен қар­жы қарастырды. Алдағы жылдары қаржы­лан­дыру сомасы 150 млрд теңгеге дейін жеткі­зіледі. Ол қаржыға жыл сайын шамамен 5 мың шақырым жол жөнделеді. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 4,2 мың шақырым республикалық маңызы бар автожолдар және 3 мың шақырым жергілікті желілер реконструкцияланады. Қабылданған шаралар алдағы жеті жылда жергілікті жолдардың 85 пайызын жақ­сар­туға мүмкіндік береді. Біз автожолдарды салуға бөлінген қаражаттың тиімділігі мен ашық­тығын бақылауды күшейтеміз. Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген барлық тапсырма айрықша бақылауда болады және дер кезінде орындалады», деді Ж.Қасымбек.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»