Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

Білім сапасы – басты ұстаным

453 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы биылғы Жолдауында еліміз­дің алдында тұрған технологиялық, экономи­калық, әлеуметтік салалардағы қарқын­ды өзгерістердің келелі міндет­терін нақты белгілеп берді. 

Білім сапасы – басты ұстаным

Бастан өткеріп отырған бүгінгідей жаһандану дәуі­рін­де жетістік жолдарын табу, яғни даму­дың жаңа сапасына көтерілу оңай емес. Әлем­дік дағдарыстар мен ықтимал сын-қатер­лерді еңсерудің басты кілті, бір­ден-бір кепілі – төртінші өнеркәсіптік револ­юция элементтерін кеңінен енгізу қажет­тігін Мемлекет басшысы атап көр­сетіп, жұртшылық назарын негізгі он қа­ғи­датқа аударды.

Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келі­сімнің арқасында ұзақ мерзімді мақсат­тарымыз жүзеге асып, таңдау бағы­тымыз барынша тұрлаулы сипатқа ие. Бәріміз де ертеңіміздің бүгінгіден жар­қын болуын қалаймыз. Мақсатымыз айқын. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу – асыл мұратымыз. Оған жетуге Қазақстанда барлық алғышарттар қалыптасқан. Тарихи құжат биік белес­терге жетелеп, тың серпілістерге құл­шын­дырады. Бұл орайда адами капитал­ды жаңғыртудың, жақсартудың маңызы өте зор. Білімді де сауатты ұрпақ өсіру, тәрбиелеу басым бағыттардың бірі болып қала береді. Халықаралық стан­дарт­­тарға негізделген білім беру бағ­дарла­малары дербес озық жүйемізді құруды жеделдете түсері анық. Оның өмірдегі нақты қолданыстарын өңірде жұмыс істейтін Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесінен айқын аңғаруға болады. Оның қатарына қазақ-түрік, «ЛОРД» лицейлерін, Ә. Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатты қосар едік. Бұл білім ошақтары­ның қай-қайсысын алсақ та жаңартылған мазмұндағы әдіс-тәсілдер кеңі­нен қол­даны­лады. Десек те, білім беру саласын­да толғақты мәселелер аз емес. Ол көбі­не оқыту сапасына, кадрлар­дың бі­лік­ті­лігіне келіп тіреледі. Бұдан былай жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру үлгісі енгізілетін болады. Мұның тиімді жақтары көп. Ең бастысы, бәсекелестік қарым артып, түпкі нәтиже нақты айқындалады.

 Халық қалаулысы ретінде тұрғындар арасында жиі болып тұрамын. Осындай кездесулерде ата-аналар тарапынан оқу­шы­лар жүктемесінің шамадан тыс көп­тігі жиі айтылатын. Талдау көрсеткендей, Қазақстанда бұл көрсеткіш ТМД елдері арасында ең жоғары екен. Мұндай жағдай ойландырмай қоймайды. Енді оны төмендету жолдары қарастырылып, мәселе шешімін табатын болады. Білім берудің деңгейін санмен емес, сапамен өлшейтін мезгіл жетті. Бұл орайда педагогтарды оқытудың және олардың білік­тілігін арттырудың маңызы айрықша. Кәсіби шеберлігі жоғары ұстаз жас буынды ғылыми-зерттеу саласына да, өндірістік-тех­нологиялық ортаға да тез бейімдей алады. Алдағы уақытта мектеп басшылары осы жағын басты назарда ұстағандары абзал. Кез келген елдің болашағы білімі мен ғылымының даму деңгейімен тығыз сабақтас. Білім беру жүйесіндегі түбегейлі жаңғырту міндеттерін талаптағыдай жүзеге асыруды сапалы оқулықтардан, заманауи мектептерден бөле-жара қарауға болмайды. Халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары қажетті функ­циялық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытары анық.

Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастарымыздың жан-жақты ізденіс­тері көңілге үміт сәулесін себе­ді. Заманауи техникаларды игерсем деген талаптары күшті. Жаңалықтарға бейім. Білсем, үйренсем деген қызығушылығы зор. Қызылжар өңірінде де үш, төрт тілді еркін меңгерген жастар қатары қалың. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру оқушылар үшін соншалықты қиындық тудырмайды. Жолдауда жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты ретінде білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керектігіне де көңіл аударылды. Цифрлы білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру шетін мәселелердің бірі. Әсіресе шалғай ауыл мектептерінің материалдық-техни­калық базасын нығайту, жас мамандарды орнықтыру, әлеуметтік жағдай жасау жергілікті билік орындарының басты ұстанымы болуы тиіс. Ірі орталық­тардың «ақылды» қалаға айналып, балалар­ға арналған технопарктердің дамуы сүй­сіндірсе, ауылдық мектептер түбегей­лі қамқорлықты қажет етеді. Ғалам­тор жүйесін еркін пайдалана ал­майтын­дары, дипломды мамандар барудан қаш­­қақ­тайтыны жасырын емес. Елді мекен­дер­дің инфрақұрылымын дамыт­сақ, бұл мәселелердің шешім табары сөзсіз. Өйт­кені адами капиталдың сапасын жақ­сарту оны әлеуметтік жағынан толық­қанды қамтамасыз етуге тікелей қатысты.

Жолдау талаптарын орындау – барша қазақстандықтардың абзал борышы.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

қалалық мәслихат депутаты,

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі

Солтүстік Қазақстан облысы