Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

2025 жылға дейін Астанада 10 емхана ашылады – Ә.Исекешев

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасының қатысуымен өтіп жатқан елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте қала әкімі Әсет Исекешев Астанада жаңадан 10 емхана ашылатынын айтты.

2025 жылға дейін Астанада 10 емхана ашылады – Ә.Исекешев

«Әкімдік өмір сапасы мен ұзақтығына әсер ететін негізгі ауруларға назар аударып отыр. Соңғы 10 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері бойынша оңтайлы қарқын бар. Инсульттік орталықтардың ашылуы, диагностика мен емдеуде жаңа технологияларды қолдану өткен жылы инсульттен өлім-жітімді 33,7 пайызға, ал миокард инфаркты 36,4 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді», деген Астана әкімі медициналық көмек көрсетуге айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша тек 2017 жылы 8700 медициналық маман біліктілікті арттыру курстарынан өткен. 40 дәрігер Оңтүстік Корея, Израиль және Германияның үздік клиникаларында білімін жетілдірген. Ағымдағы жылы да бұл жұмыстар жалғаспақ.

«Биылғы қыркүйектен бастап дәрігердің жұмыс орнын толықтай автоматтандыру қамтамасыз етіліп, қағазбастылық  кезең-кезеңмен жойылады», деді ол. Яғни медициналық ұйымдардың шамадан тыс жүктемесі мен олардағы кезектілік мәселесі мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі көмегімен шешілуде.

«Жаңа емханалардың құрылысының орнына сенімгерлік басқаруға берумен қолайлы ғимараттарды сатып алу жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін 10 емхананы ашу көзделген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы 20 млрд теңгені үнемдеу мүмкіндігі бар», деді әкім.