Қазақстан • 06 Сәуір, 2018

Астананың мерекесі – елдің қуанышы

401 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамытуға арналған мәжіліске қатысты. Жиында Мемлекет басшысы бірқатар тапсырмалар беріп, елорданың 20 жылдық мерейтойына тыңғылықты дайындалу қажет екенін ескертті.

Астананың мерекесі – елдің қуанышы

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

Іс-шараға төрағалық еткен Президент кіріспе сөзінде тарихқа шолу жасап, Астананың ел дамуындағы маңызына тоқталды. «Бұрынғы Ақмола қаласының төңірегі қандай болғанын бәрімізге белгілі. Жаңа қаланың орны мидай дала еді. Қазір қаланың осылай дамығанына өзім де таңғаламын. Біз ата-бабамыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрінде ел ордасы – Астананы салдық. Дүние жүзі тамсанып, таңғалатын шаһарға айналдырдық», деді.

Мемлекет басшысы қажымай-талмай, ауа райы қолайсыз кездерде де кідірмей еңбек еткен құрылысшыларға, монтажшыларға, қаланың іші-сыртын тазалаған, абаттандырған жұмысшыларға ризашылығын білдірді. Санаулы жыл ішінде миллион тұрғыны, ауқымды инфрақұрылымы бар, жаһандық деңгейдегі жиындар өтетін, әлемге танылған шаһар салып, оны бейбітшілік пен келісім қаласына айналдыруға қазақстандықтардың жұмыла үлес қосқанын айрықша атап өтті.

Елбасы танымал америкалық тележурналист Ларри Кингтің «Тарихқа үңілер болсақ, елдердің шаһарларды жаулап алғанын көреміз, ал Қазақстан болса қала салады» деген сөзін мысалға алып, осынау лебіздің еліміздің даму сипатын тура бергеніне тоқталды.

Бұдан кейін Астананың дамуы бойынша қала әкімі Әсет Исекешев баяндама жасады. Қала басшысы елорданың ел мақтанышына айналғанын айта келіп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспармен бөлісті.

Ә.Исекешов келтірген деректерге сүйенсек, Астана әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша қарқынды дамып келеді. Мәселен, былтыр экономикалық өсім 2016 жылмен салыстырғанда екі есе көбейіп, 4,8 пайызға жеткен. 20 жыл ішінде елордаға салынған инвестициялар көлемі 8 триллион теңгеге жуықтады. Қаланың дамуынан мемлекеттің қазынаға 6,3 триллион теңге қаражат түскен.

Қала басшысының айтуынша, «Астананың 2020 жылға дейінгі дамуы» бағдарламасы әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін жұмыс екі бағытта жүргізілуде. Бірінші бағыт бойынша, дамудың жаңа моделі арқылы аймақтық хаб құрып, шаһарды Еуразия кеңістігіндегі негізгі орталыққа айналдыру көзделген. Екінші басымдыққа сай, қала экологиясын жақсарту қолға алынып, тұрғындардың кірісін көбейту арқылы халыққа қолайлы жағдай жасалады.

Сонымен қатар Ә.Исекешев Астанадағы құрылыс саласына да тоқталды. Баспанамен қамтамасыз ету бойынша былтыр 2,36 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Осы орайда Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясындағы «5-20-25» бағдарламасы халықты үй-жаймен қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Осы бағыт аясында студенттерге де қолайлы жағдай жасалатыны сөз болды.

«Жатақхана мәселесін шешуді ерекше бақылауға алдық. Қазіргі таңда төрт жоғары оқу орнына 9750 жатақхана орны қажет екені есептелді. Осы мақсатта жалпы аумағы 10,4 га болатын 10 жер телімі белгіленген. Балама ретінде нарықтық механизмдерді ұсынамыз. Нақтырақ айтқанда, қаладағы 35 колледжде 26 мың студент оқиды. Олардың 1800-і жатақханамен қамтылған. Әлі 2100 орынға қажеттілік бар», деді Ә.Исекешев.

Қала әкімі бұдан әрі халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Ә.Исекешев келтірген деректеріне қарағанда, Елордадағы біліммен қамту 80 пайызға дейін артқан. Қазіргі таңда қалада 143 мыңнан астам мектеп жасындағы бала бар. Оларды орта біліммен қамтамасыз ету үшін алдағы үш жыл көлемінде 27 мектеп салынып, 10 жапсарлас ғимарат құрылысы жүргізілмек. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін 10 емхана ашу жоспарда бар. Оған қоса, Ә.Исекешев экология, экономиканы дамыту, туризм, газдандыру секілді қала өміріне қажетті маңызды салалар төңірегінде сөз қозғады. Сондай-ақ, Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлау жоспарымен бөлісті

Қала әкімінің баяндамасын мұқият тыңдаған Елбасы бірқатар мәселелерді нақтылап өтті. Мәселен, Астананың мерейтойына тарту жасауды жоспарлаған облыстар қала тұрмысына қажетті нысандар салу керектігін атап көрсетті.

«Елордамыздың 20 жылдық мерекесін барлығымыз бірлесіп атап өтуіміз қажет. Бұл – елдің қуанышы. Қаланы қалай салып, іргесін қалай көтергенімізді баршаңыз білесіздер. Астана экономикалық дамудың драйверіне айналып, 20 жыл ішінде қаланың жалпы өңірлік өнімі ұлғайды. Инвестиция тарту бойынша көшбасшыға айналды», деді Президент.

Мемлекет басшысы бас қалада ең ірі корпорациялар, трансұлттық компаниялардың кеңселері жұмыс істейтінін, отандық кәсіпорындар, қаржылық әрі өндіріс ұйымдары қызмет атқаратынын сөз етті. Сонымен қатар, Астананың дамуына, оның маңызына тоқталды. Қазіргі қол жеткізілген жетістіктерге тоқмейілсімей, дамуды жалғастыру қажет екенін жеткізді.

Бұдан кейін Н.Назарбаев қаладағы өзекті мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Мәселен, шаһардағы ұйымдастырылмаған сауда базарларын сынға алды. Мемлекет басшысы жиын барысында сондай базарлардың суретін көрсете отырып, мұндай бассыздықты тәртіпке келтіру жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

«Біз ауыл шаруашылығына бейім елміз. Алайда әлі күнге дейін өнімдердің басым бөлігін сырттан алып отырмыз. Ет өндіреміз, шұжықты сырттан әкелеміз. Жеміс-жидек, көкөністі де тасымалдаймыз. Біздегі бар нәрсенің бәрін сырттан тасып отырмыз», деді Мемлекет басшысы.

Осы мәселеге қатысты Н.Назарбаев Премьер-Министрдің орынбасарлары Ерболат Досаев пен Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік мәселесіне қатысты барлық түйткілдерді шешуді тапсырды.

Президент Кемеровада болған қайғылы оқиғадан қорытынды шығару қажеттігін атап көрсетті. «Қазір менің тапсырмам бойынша тексеру жүріп жатыр. Балалар алаңдарын ең жоғары қабатқа салудың қажеті қанша? Онда сауда-саттық болуы тиіс қой. Алдағы уақытта үлкен жобалар құрылысы бойынша осындай міндет жүктеу қажет», деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы қоғамдық тәртіп, Астананың экологиясы, әлеуметтік түйткілдер секілді маңызды мәселелерге тоқталды. Әсіресе, елордада әлі күнге дейін көнерген ғимараттардың шаһардың қақ төрінде тұрғанын сынап, тұрғын үйлерде пайдаланылатын отынның сапасын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ автотұрақ, қоғамдық көлік жұмысын жолға қоюдың қажеттігін мәлімдеді.

Бұдан бөлек Н.Назарбаев бірқатар нақты тапсырмалар беріп, Астананың 20 жылдық мерейтойына тыңғылықты әзірлену қажет екенін жеткізді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»