Әлем • 06 Сәуір, 2018

Саяси дүрдараздық – қауіпсіздікке төнген қатер

369 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы аптада Таяу Шығыстағы жағдай тағы да шиеленісе түсті. Израиль әскері шеруге шыққан палестиналықтарға оқ жаудырып, соның салдарынан 16 адам қаза тапты. Осыдан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған еврей сарбаздарының бұл әрекетін әрекетін айыптады. Бұл мәселеде Израйль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху де қарап қалмай, жауабын айтты.  Бұдан сәл бұрын Түркия мен Франция арасынан да қара мысық жүгіріп өткен еді...

Саяси дүрдараздық – қауіпсіздікке төнген қатер

Израиль террористік мемлекет пе?

Түркия президенті Р.Ердоған Адана қаласында өткен Әділет және даму партиясының съезінде сөйлеген сөзінде Израильді – террорлық мемлекет, ел премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды «террорист» деп айыптады.

«Халықаралық қоғамдастыққа Израиль әскерінің қаншалықты зұлым екенін жеткізудің қажеті жоқ. Террористік мемлекеттің әрекетін Газа секторы мен Иерусалимдегі жағдайға қарап-ақ көруге болады», деді Р.Ердоған. Daily Sabah басылымы таратқан ақпаратқа сүйенсек, ел президентінің мұндай мәлімдеме жасауына Газа секторы шекарасындағы палестиналықтар мен Израиль әскерінің қақтығысы себеп болған.

Палестина мен Израиль арасындағы дүрдараздық ұзаққа созылып келгені белгілі. Халықаралық қоғамдастық түйткілді шешуге талпынғанымен, нақты нәтиже көрсете қойған жоқ. Кейінгі қақтығыс 30 наурыз күні басталған-ды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, атыс салдарынан 16 адам қаза тапты.

Түркия президентінің айыптауынан соң, Израйль премьер-министрі Б.Нетаньяху да іле жауап қатып, «Афринге әскер кіргізген Анкара билігінің Израильге «моральдық дәріс» беруге құқығы жоқ» деді.  

Р.Ердоғанның мәлімдемесі Израиль басылымдарының да шымбайына батып кеткен сыңайлы. The Jerusalem Post басылымы Түркия президентін жерден алып, жерге салған. Басылым Палестина – Израиль шиеленісіне келгенде өз мемлекетінің мүддесін қорғайтынын анық аңғартып, Газа шекарасындағы палестиналықтардың қаза табуын бүкіл батыс медиасы айыптап жатқанда оқиғаны басқаша сипаттады. Газеттің пайымдауынша, шеруге шыққандардың басым бөлігі «Хамас» ұйымының сарбаздары көрінеді. Бірақ The Times of Israel сайты таратқан видеода қарусыз жүрген жастарды Израиль әскерінің оқ астына алғаны бейнеленген.

Жалпы, Түркия мен Израильдың қарым-қатынасы күні кеше бұзылған жоқ. 2008-2009 жылғы «Израиль – Газа шиеленісін» Түркия тарапының айыптауы екі ел арасындағы дипломатиялық байланысқа сызат түсіргені белгілі. Ал 2010 жылы Газа секторы блокадаға түсіп, оларға теңіз арқылы жіберілген гуманитарлық көмекті Израиль қарулы күштерінің басып алуы жағдайды тіпті шиеленістіріп жіберді. Осыдан кейін өзара мәмілеге келу қиынға айналған-ды.

Францияның әрекетін құп көрмеді

Өткен аптада Франция президенті Эмманюэль Макрон Парижде «Сирия демократиялық күштері» (СДК) өкілдерімен кездескен-ді. Ол Түркия мен күрдтер арасындағы шиеленісті шешуге емеурін танытты. Алайда «үш жолақты ел» басшысының бұл қадамын Анкара билігі құптаған жоқ.

Біріншіден, «Сирия демократиялық күштері» Анадолыда террористік ұйым ретінде саналады. Екіншіден, Түркия қарулы күштерінің «Зәйтүн бұтағы» деп аталатын әскери іс-қимылды бастап, Африндегі күрдтермен айқасып жатқанына біраз болды. Оған қоса, Э.Макронмен кездеуден кейін күрдтер Франция президенті Түркия мен Сирия шекарасы маңында орналасқан Манбиж қаласына әскер жіберуге уәде бергенін мәлімдеді. Мұның қаншалықты шындық екені белгісіз. Алда-жалда Франция сарбаздары шаһарға көмекке келе қалса, бұл шекара маңындағы күрдтерді түре қууға бекінген Түркия үшін бүйірден қадалған шаншумен тең болады.

Сондықтан Анкара билігі Э.Макронның әрекетін сынға алды. Түркия президентінің баспасөз хатшысы Ибрахим Калин достас мемлекеттерді терроризмнің бүкіл түріне қатысты нақты ұстанымда болуға шақырды. Ол туиттердегі парақшасына «Біз Түркия мен террористік ұйымдар арасында «диалог», «байланыс» және «араағайындық» жасауға талпынған кез келген әрекеттен бас тартамыз», деп жазған болатын. Ел президенті Р.Ердоған да Францияның Сирия жөніндегі ұстанымымен келіспейтінін жеткізді.

Э.Макронның кенеттен мұндай әрекетке баруын тараптар сан-саққа жүгіртіп жатыр. Мәселен, France24 арнасына сұхбат берген журналист, «Күрд халқы: Таяу Шығыстың іргетасы» кітабының авторы Оливье Пиоттың пайымдауынша, Франция осы қадамы арқылы Сирияны қайта қалыптастыру жөніндегі ұзақмерзімді жоспары бар екенін көрсетеді.

«Франция президент Дональд Трамптың мәлімдемесінен АҚШ-тың аймақтан кететінін түсінді. Ендеше, Сирияны қайта қалыптастыруда Батыстың рөлі қандай болатыны енді Францияның ниетіне байланысты. Мұны Э.Макрон жақсы түсініп, Сириядағы күрдтерді қолдайтынын нақты көрсетіп отыр. Ендігі мәселе бұл көмектің қалай жүзеге асатынына байланысты», дейді О.Пиот.

Екіжақты қарым-қатынастың бұдан әрі қалай өрбитіні белгісіз болып тұр. Алайда француз басылымдарына шыққан мәліметтерге көз жүгірте отырып мынаны аңғаруға болады. Париж билігі түріктердің кей әрекеттерін, әсіресе Манбиж шаһарына кіруін қолдамайтынын білдірді. О.Пиот айтқандай, алдағы уақытта дипломатиялық пікірталас жеткілікті болмауы мүмкін. Ондай жағдайда Францияға өз ықпалын қалай жүргізетініне қатысты шешім қабылдауға тура келеді.

Түркияның ендігі досы кім?

Сириядағы шиеленісті шешу мақсатында Түркия, Иран және Ресей президенттері Анкарада өзара саммит өткізді. Жиында соғыс салдарынан қираған елдің экономикасын аяққа тұрғызу үшін халықаралық қоғамдастық қажет екені сөз болды. Үш ел басшылары БҰҰ-ны Сирия халық қолдауға, қосымша гуманитарлық көмек беруге шақырды. Сондай-ақ елде оқ атуды тоқтату мен гуманитарлық көмек жеткізу жөнінде пікір алысты.

Саммитте кепілгер атанған Ресей, Түркия, Иран тарапы Сирияның тұтастығын қолдап, елде қалған террористерді жоюды басты мақсат екенін жеткізді. Түркия президенті Р.Ердоған Сирия мен көршілес мемлекеттерге қауіп төндіретін содырлармен күрес жалғаса беретінін мәлімдеді. Өз кезегінде Ресей басшысы В.Путин әлем елдерін Сирияға қолдауын сөзбен ғана емес, іспен көрсетуге үндеді.

Айта кету керек, елімізде Сирия мәселелерін реттеуге бағытталған Астана процесінің бірнеше раунды өткізілгені мәлім. Соған сәйкес, бірқатар келісімдерге қол жеткізіліп, деэскалация аймақтары құрылды. Қазақстан түйіні тарқамағанына жеті жылдан асқан мәселенің шешім табуына, тараптардың өзара мәмілеге келуіне, бейбіт халықтың азап шегуін тоқтатуға үлес қосуға мүдделі. Бұл миссия Қазақстанның халықаралық аренадағы мәмілегер ретіндегі беделін биіктететіні сөзсіз.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»