Аймақтар • 06 Сәуір, 2018

Маңғыстау бюджеттің кіріс бөлігін іске асыру нəтижесі бойынша алғашқы орынға шықты

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында  мемлекеттік кірістер департаментінің «Ақтау қаласының атқарушы билігінің геоақпараттық картасын таныстыру» мен «Астана-1 ақпараттық жүйесінің 3-кезеңінің іске қосылуын таныстыру» бойынша жиналысы өтті.

Маңғыстау бюджеттің кіріс бөлігін іске асыру нəтижесі бойынша алғашқы орынға шықты

Мемлекет басшысының «Төртінші индустриалды революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы, сондай-ақ «Бес әлеуметтік бастамалары»  бірқатар тапсырмаларды алға қойды. Аталмыш нұсқауларды орындау қаржылық қолдауды талап етеді. Осыған байланысты мемлекеттік кіріс органдарына жергілікті бюджеттің кірістерін толықтыру міндеті қойылған.

Ақтау қаласының геоақпараттық картасы мемлекеттік қала құрылысы кадастрының және салық органдарының жүйелерін біріктіру үшін құрылады. Сол арқылы салық төлеушілердің қызметін бақылап, салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.

-Қазіргі таңда облыстың барлық деңгейінен түсетін түсімдер 180 млрд. теңгені құрайды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,5 млрд. теңгеге артық. Бұған дейін бюджеттің кіріс бөлігін іске асырудың нәтижелері бойынша біз республика рейтингісінде соңғы орында тұрсақ, ағымдағы жылдың 1-тоқсанының аяғында 1-орынға жайғастық.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы бюджет түсімінің өсу қарқыны 16 пайызды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,4 миллиард теңгеге артық. Мұндай динамика биылға жоспарланған болжамды орындауға ғана емес, оны асыра орындайтынына сенімдімін. Мемлекеттік кіріс басқармасы бұл жұмысты қамтамасыз етуі керек, деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына және халықаралық стандарттарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 сәуірінде еліміздің барлық аумағында «Астана-1» электрондық кедендік декларациялаудың ақпараттық жүйесі енгізілді, бұл Мемлекет басшысының экономикалық секторларды цифрландыру бойынша ағымдағы саясатының элементтерінің бірі.

2017 жылдың 1 қазанынан бастап «Астана-1» жүйесінің бірінші компоненті Қазақстан Республикасының аумағында іске қосылды.

Енді транзиттік декларация берудің орташа уақыты 4-7 минутты құрайды. Бұл бұрынғыға қарағанда сегіз есе жылдам. Ағымдағы жылдың 3 қаңтарында «Астана-1» АЖ  «Тауарлар экспорты» кедендік рәсімімен іске қосылды. Егер бұрын тіркелу кезінде шамамен 2 сағат жұмсалса, қазір тіркеу уақыты 3-5 секундтан аспайды, бұл ЕАЭО кедендік аумағынан тауарларды экспорттау процесін 97% -ға жеделдетті.

-«Астана-1» ақпараттық жүйесінің үшінші кезеңіне кіру автоматты түрде тіркелуге ғана емес, сондай-ақ «жасыл» дәлізде декларация шығаруға да мүмкіндік береді, бұл кедендік істер департаменті мен кедендік рәсімдеу маманы арасындағы тікелей байланысты болдырмауға мүмкіндік береді. Жасыл дәліз бойындағы тауарларға декларацияларды өңдеу және шығару уақыты 1 минуттан аспайды. Бұрын мұндай рәсімдер 50 минутқа дейін созылатын», - деді Мемлекеттік кірістер Департаментінің басшысы Әлібек  Тілегенов.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы