Теннис • 08 Сәуір, 2018

«Дэвис кубогы». Хорваттардың жұқарды жүйкелері

283 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Хорватияның Вараждин қаласында өтіп жатқан теннистен «Дэвис кубогының» ширек финалдық кездесуінде Қазақстан құрамасы корт иелерінің жүйкесін әбден жұқартты. Әлемдік теннисте көшбасшы қатарда жүретін шақпақ жейделілер Қазақстан құрамасы таразы басын теңестіргенде тықыршып тынышы кете бастады.

«Дэвис кубогы». Хорваттардың жұқарды жүйкелері

Ал жалпы теке тірестегі алғашқы матчты атақты Марин Чилич пен Дмитрий Попко бастады. Бұл екі теннисшінің деңгейі жер мен көктей еді. Ойын басталмай жатып болжамшылар жеңісті хорват теннисшісі тойлайтынын еш шүбәсіз айтты. Әрине, әлемнің үшінші ракеткасы Марин Чилич жас теннисші Дмитрий Попкоға көжек көрген қасқырдай атылды. Матч басталысымен жойқын соққыларымен бірден қарсыласты тықсырып алғысы келген Мариннің бұл ойы іске аспады. Қазақстандық теннисші Чиличтің ауыр соққыларына төтеп беріп, тіпті реті келгенде шабуылға да шықты. Бірақ, бұл жағдай бірінші сеттің 5 гейміне дейін ғана жалғасты. Одан кейін бір брэйк жасап, қазақстандықтың геймінде жеңіске жеткен Марин, матч тізгінін өз қолына алды. Бірінің артынан бірін эйстер жасап гейм артынан гейм, сет артынан сет жеңді. Нәтижесінде 6:2, 6:1, 6:2 есебімен Чилич алғашқы жеңісті тіркеп, Хорватия 1:0 есебімен алға озды.

Араға сағат салып кортқа Хорватияның тағы бір мықты теннисшісі Борна Чорич келді. Оның да ойы тек қана жеңіс болатын. Қарсыласы Кукушкинде кеткен есесі бар. Мадридте өтіп жүрген турнирде 2 мәрте жеңілген екен. Бірақ, жас теннисші одан бері бұғанасы қатып, білегі сомдала түскен. 2018 жылдың басынан бері 2-3 жарыстың жарытылай финалына жетсе керек. «Тұлпары озған елдің тайы да озар» деп Чиличтің ізін Чорич жалғауы керек деп хорват жанкүйерлері алақан соқты. Бастапқыда бірінші сетті Борна 6:3 есебімен жеңді. Бірақ, одан кейінгі сеттерде сенімінен айырылып, ракеткасын жерге ұрып, өз-өзінің құтын қашырды. Жас жігіттің желігіп кеткенін көрген Кукушкин тәжірибиесінің арқасында Чоричтің әлсіз тұсын қайта-қайта көздей берді. Михаилдың бірде жоғары, бірде төмен, тіпті кейде қысқа тастаған доптарының барлығы ұпайға айнала берді. Қалған үш сетті ол 7:6, 6:4, 6:2 есебімен ұтты. Таразы басы теңесіп, алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті аяқталды.

Ертесіне жалғыз ғана ойын жоспарланды. Жұптасу бәсекесінде біздің құрамада Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллин өнер көрсетті. Бірінші сетте бұл екеуі Никола Мектич пен Иван Додигтің дегбірін қашырып, корттың түбіне тығып бақты. Үлкен жылдамдықпен берген соққылары алаң иелерін әбігерге салғаны рас. Тай-брэйкте Недовесов өз тәжірибиесіне салып, есепті 7:6 қылды. Алайда, Хабибуллиннің жастығы, мұндай ірі қарсыластарға қарсы көп ойнамағандығы көп әсерін берді. Қазақстандық жұп қалған үш сетте жеңіліп, ұпайды уыстан жіберді. Кездесу аяқталысымен Хабибуллин сенімді ақтай алмадым деп көзіне жас алды. Енді қалған екі кездесуде Кукушкин мен Попконың қалай қимылдарын көреміз. Жұптасуда жеңілген соң, келесі кезеңге өту мүмкіндігіміз күрт төмендеп кетті.

Хорватия – Қазақстан теннис матчындағы есепті теңестірген Михаил Кукушкин тілшілер сауалына жауап берді.

– Бірден айтайын, «Дэвис кубогында» рейтинг деген ескерусіз қалады. Борна Чорич рейтингте менен әлдеқайда биік тұр. Алайда, бұл – жеке сын емес, бұл ұлттық құрама ойыны. Мұнда маған көмектесетін адамдар көп. Бүкіл ел болып жолыма қарап отырғанда, ешкімді жерге қаратқым келмеді. Осы ой мені бүгін алға жетеледі.

– Жеңіске жетуге не себеп болды? Қарсыласыңыздан күткендей күш көре алдыңыз ба?

– Әрине, ойынның бастапқы бөлігінде ол өте агрессивті ойнады. Бірақ, кейіннен құм төсенішіне жылдам бейімделмегенін байқатып алды. Борна екеуміз бір-бірімізді жақсы білеміз. Оның үстіне осы ойынға АҚШ-тағы жарыстан бірге келдік. Ол жақта хард төсеніште ойнадық. Ал мұнда жағдай басқаша. Көбірек жаттығып, қол үйретіп алдық. Шамасы, құмға мен жылдам үйреніскен секілдімін. Онымен қоса екінші сеттегі тай-брэктегі жеңісім маған психологиялық жеңілдік жасады. Одан кейін үшінші сеттің басында тіпті әрбір ұрған соққым ұпайға айналып жатты.

Баспасөз мәслихатына Михаил Кукушкинмен бірге Диас Досқараев та келді.

– Екінші сетте Михаил бір геймде брэйк жасады, алайда қайтадан өзінікін беріп қойды. Дегенмен, бұл оқиға екінші рет қайталанып, қарсыласының геймінде жеңіске жеткен кезде біз жеңіске сендік. Қарсылас та шамамен сол тұста сынып қалды ғой деймін.

– Бірінші сеттің 8-геймінде қатарынан көп қателесе бастаған Михаилге қандай ақыл-кеңес айттыңыз?

– Бірден байқағаным, Михаил қарсыластың топ-спин (шиіріп тастаған соққылар) соққыларын қайтара алмай жатты. Одан кейін сол бұрышқа қатарынан екі рет ұрып, оңға қарай бір мәрте ұр деген секілді ақылдарымды дер кезінде айтып отырдым. Менің негізгі жұмысым сол еді. Корттың түбіне қарай, яғни тордан кейіншектеп барып соққылар жасауын сұрадым. Сырт көз сыншы ғой, Михаил көрмеген қателіктерді айтып тұрдым.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Вараждин (Хорватия)