Аймақтар • 10 Сәуір, 2018

Көрші елдегі кәсіпкерлермен бәсекелесе аламыз ба?

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысында шағын және орта бизнес өкілдерін шекаралас нарықтарда бәсекеге қабілетті болу үшін ауылшаруашылық кооперациясына белсенді қатысуға шақырды. 

Көрші елдегі кәсіпкерлермен бәсекелесе аламыз ба?

Сондай-ақ ол қысқа уақыт ішінде «Атамекен» бизнестің пікірін білдіретін институтқа айналғанын атап өтті. Жергілікті бизнестегі күрделі мәселелер талқыланған отырыста облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтық кәсіпкерлікті дамыту мәселесін әрдайым басты назарда ұстайды. Әкімшілік кедергілерді жою, бизнесті жүргізу бойынша процедураларды жеңілдету Елбасымыздың әлеуметтік-экономикалық бас­тамаларын қолдаудың негізгі қағидаларына жатады. Бүгінгі таңда облыста қолайлы бизнес климат қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдайлар жасалған. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 858,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 102,1 пайызды құрады. Ал өндеу өнеркәсібінің жылдық өсімі 105 пайызға жетті. Бұл көр­сеткіштерге облыс Елба­сы­ның тікелей тапсырмасы бо­йынша жаңа өндірістердің ашылуы мен жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды жаңғырту арқасында қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 129,4 млрд теңге инвестиция салынған, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге өсіп отыр. Бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орындамыз», деді Ж.Түймебаев.

Кеңейтілген отырыста көрші елмен шекаралас екі ауданның мүмкіндігі кеңінен әңгімеленді. Бұл орайда арнайы баяндама жасаған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев өткен жылы жүргізілген талдау-сараптау жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Сарыағаш пен Жетісайда жүргізілген сауалнамалар мен зерттеулер барысында болашақта қажетті 44 бизнес нысан анықталған. Мысалы Сарыағашта 2 таксопарк, 4 қонақүй салуға болады. Сондай-ақ Э.Жұмағазиевтің айтуынша, аудан орталығында 30% бала мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз етілмеген. Яғни шамамен 8 балабақша салу қажет. Аудандағы жұмыссыздық көр­сет­кіші ресми мәліметтен 5 есе артық екені де айтылды. Осы орай­да, басқарма төрағасының орын­басары Сарыағаш қаласы­нан жоғары оқу орнында оқыған 2847 жастың 37%-ы жұмыспен қамтылмағанын мәлім етті.

Осы мәселеге қатысты пікірін білдірген Т.Құлыбаев: «Қазақстанда 824 колледж бар және маман дайындауға жыл сайын 107 млрд теңге бөлінеді. Үкіметпен мемлекеттік тапсырыс дайындалғанда 50%-ына бизнестің қатысуы қамтамасыз етіледі деген келісімге қол жеткіздік, бизнес өздеріне қажетті мамандарды және кәсіпорыннан қанша қажет екенін анықтайды. Кәсіптік-техникалық білім беруде дәл осындай тәсіл білім алушылардың алдағы уақытта жұмыспен қамтылатындарына сенімді болуға, кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді. Сондай-ақ Т.Құлыбаев жастарды кәсіпкерлікке мектеп жасынан бейімдеу бойынша Білім және ғылым министрлігімен бірлесе жоғары сынып оқушылары үшін арнайы пән енгізілетінін мәлім етті. Бұл демографиялық өсімі жоғары Оңтүстік үшін өте тиімді екенін жеткізді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»