Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

«Алаш көсемсөзі» түрік тіліне аударылады

291 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркиядағы қазақ диаспорасының қолдауымен Ыстанбұлда жарық көретін «Қазақ елі» альманағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы түрік тілінде жарық көрді. 

«Алаш көсемсөзі» түрік тіліне аударылады

Редакция алқасы Мемлекет бас­шы­сының маңызды құжатта атап көрсеткен алға қойған мақсат-мін­дет­тері мен кешенді бағдарламасын және стра­тегиялық жоспарларын бауырлас халыққа түбегейлі таныстыруды мақсат етіпті.

Басылымның алғысөзінде Қа­зақ-түрік білім және зерттеу қау­ым­­дас­­­тығының басқарушы кеңесінің төр­­­ағасы Шабан Серкан Динчтүрк Президент бастамаларына үн қоса оты­рып, 2025 жылға дейін білім беру­дің барлық деңгейінде латын әліп­биіне көшу мәселесіне қатысты орам­ды ойын ортаға салады. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сон­дай-ақ заманына лайық, шет тіл­дерін меңгерген, озық әрі жаһандық көз­қарасы бар қазақстандықтарды қол­дау тапсырмасының туыстас елде орындалу барысына тоқталады.

– 1991 жылы Кеңес одағының ыдырауына қуанғандардың ішінде Түркияда тұратын қазақтар да бар еді. Өйткені ұлан-байтақ қазақ жері Ресей­дің құрсауынан құтылып тәуел­сіздік­ке қол жеткізді. Енді, міне, ата­жұр­тымыз – Қазақстанда да латын әліп­би­іне көшу мәселесі қолға алынып жатыр. Қазақстан әлеммен байланысын одан әрі нығайта түсті.

Әлемдегі қазіргі конъюнктура тех­­но­логияның тілі, және пайдаланы­ла­тын алфавит – латын графикасы. Со­нымен қатар түркі әлемінде жалпы мүдделерді жүзеге асыруды жос­­парлау (тілдік айырмашылықтар бол­са да) және жүзеге асыру латын графикасы арқылы оңайырақ болады. Бұл оқиға Түркия қазақтары үшін үлкен жауапкершілік әрі та­рихи мүмкіндік болып табыла­ды. Біз­дің мәдениеті мен тілін же­тік біл­ген­діктен Қазақстан мен туып-өскен Түр­кия арасында алтын көпір ретінде қызмет ете алатынымыз айдан анық. Экономикалық, саяси және мәдени салада қалыптастырған қарым-қаты­нас­тарды жоғары деңгейге көшіруге үлес қоса алатынымызға да сеніміміз зор. Қазіргі таңда әлемдегі беделді күш болып есептелетін елдерде үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын рөлінің маңызды екендігін ескеретіні даусыз. Біздің де ҮЕҰ-ды күшейту үшін жүйелі жұмыс істеуіміз қажет. Ұжымымызда жастардың белсенді рөл атқаруына жағдай жасап келеміз.  Жастарға қол ұшын беріп, жол көрсетіп, олардың білім алып, ғылыммен айналысулары үшін мүмкіндік беруіміз керек. Әр түрлі тілдерді білетін, өз саласында білімді, технологияны меңгерген, өз мәде­ниетін, салт-дәстүрін білетін, құр­меттейтін, өзіне сенімді, қабілетті ұрп­ақ келешегіміздің кепілі болатыны анық. Мал мен мүлікке жұмсалған қар­­жы әлдебір экономикалық соқ­қы­дан жоқ болуы мүмкін, ал адамға жұм­­­салған қаржы ешқашан жоқ бол­­­­майды. Сондықтан да біздің өз бола­­шағымызды жоспарлап, сол ар­қылы ертеңіміз үшін аянбай еңбек етуі­міз керек, – дейді Шабан Серкан Динчтүрк.

Журналдың кезекті санында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­­стан халқына арнаған Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасын жүзе­ге асыру мақсатында Қазақ­стан­ның Түр­киядағы елші­лі­гін­де өткен іс-шаралар барысы­нан да ақ­парат берілген. Қазақ­стан­­ның Түр­кия­дағы елшісі Абзал Сапар­бек­ұлының қатысуымен жүзеге асқан Қазақстанның мәдениет күн­дері мен халықаралық жиындар, салта­натты қабылдау мен концерт­тік бағдарламалар топтамасы жария­лан­ған. «Қазақ елі» журналының редак­циялық кеңес төрағасы және жауап­ты шығарушы редакторы Ертолқын Гайретуллах Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығы 2014 жылы құрылған күннен бастап көп­теген жетістіктерге қол жет­кіз­генін айта келе, қауымдастық төр­ағасы Серкан Динчтүрк мырзаның Дүние­жүзі қазақтарының V құрыл­тай­ында Дүниежүзі қазақтары қауым­да­с­тығының төралқа мүшесі болып сай­ланғанын атап өтіп, жағымды жаңа­лықты оқырманға жеткізуге асы­ғыпты.

– Жетінші санымызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауымен, Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы Төр­аға­сы­ның бірінші орынбасары Зауытбек Тұрыс­бек­овтің қауымдастық жүзеге асырған іс­тер мен жобалар туралы жазған мақа­ласымен бастап, Жасылайдың өз жұмысын Орталық Азияда жал­ғас­ты­ратындығына байланысты жаңа­лық­ты оқырмандарымызбен бөлістік. «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына байланысты өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференция туралы мәлімет беріп, профессор, доктор Намазалы Омашұлының жетекшілігімен құрастырылған 10 томдық «Алаш көсемсөзі» атты шы­ғар­маны оқырмандарымызға қай­та таныстыруды жөн көрдік. Бұйыр­тса, осы 10 томдық шығарманы түрік тіліне аударуға тырысамыз. Ту­ға­ны­на 120 жыл толуына байланыс­ты Мұхтар Әуезовтің еске алынуы, фи­лология ғылымдарының докторы Жәмила Кынажының «Қазақ әде­би­етіндегі әйел образы» мақаласы ар­қылы алғашқы және ең маңызды ұс­таздарымыздың қоғамның дамуына қосқан үлестерін қолға алдық. Алтай ауылының мешіті туралы мәлімет беріп, білім жолындағы жас қандасымыз Ибрахим Калканмен сұхбат жүргіздік, – дейді өз сөзінде Ертолқын Гайретуллах.

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»