Ауыр атлетика • 11 Сәуір, 2018

Ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионаттарының қысқаша тарихы

787 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 127 жыл бұрын, яғни 1891 жылы алғаш рет ауыр атлетикадан әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Лондонда өткен айтулы жарыста небәрі 6 мемлекеттен келген 7 спортшы бақ сынады. Бір ғана салмақ дәрежесі бойынша өткен сайыста жергілікті зілтемірші Эдвард Лоуренс Леви топ жарса, италиялық Джакомо Дзафарана мен бельгиялық Артур Франсуа күміс пен қола медальді өзара бөлісті.

Ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионаттарының қысқаша тарихы

Содан бері әлем чемпио­на­тының жалауы 85 мәрте жел­біреді. Алғашқы 61 жарыста тек ер­лер ғана сайысқа түссе, 1987 жыл­­дан бастап, олардың қа­тары­на әйелдер де қосылды. Бір қы­зы­ғы, бастапқы кезеңдерде бір жыл­да үш-төрт бәсекеге дейін ұйым­дастырылса, кейіннен бірте-бірте дүниежүзілік доданы өткізу тәртібі бір жүйеге келтірілді.

Әлемдік спорт тарихында өз есімдерін алтын әріптермен жазып кеткен Қазақстанның ауыр ат­леттері де аз емес. Бүгінгі мақа­ламызда тек әлем чемпио­наты жа­йында әңгімелейтін бол­сақ, қа­зақ­стандықтар алғашқы медаль­дің сыңғырын 1974 жылы естіді. Фи­липпиннің астанасы – Ма­нилада өткен жарыста Юрий Зай­цев қола медальді қоржынға салды. 1976 және 1979 жыл­дары ол екі дүркін әлем чем­пионы атанса, 1977 жылы күміс медальді мойнына ілді. Ал 1975 жылы Мәскеудегі бәсекеде Ва­силий Мажейков екінші орынды олжалады. 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындары барысында әлем чемпионатының да жүлделері сарапқа салынғанын егде тартқан жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Сол жарыстарда Виктор Мазинге тең келер ешкім табылмады. Жерлесіміз қос бірдей додада чемпиондық атаққа қол жеткізді. 

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында Анатолий Храпатыйдың дәуірі басталды. 1986-1990 жылдар аралығында ол қатарынан бес әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Ал 1990 жылы Сергей Копытов Будапештегі бәсекеде қола медальді иеленді. Тәуелсіз Қазақстанға алғашқы медальді сыйға тартқан да Ана­толий Храпатый. Даңқты спортшы 1993 жылы Мельбурндегі жарыста қола жүлдегер атанды. 1995 жылы Гуанжоуда өткен дүниежүзілік додада ол өзінің командалық әріптесі Андрей Макаровпен бірге тағы да үшінші сатыға табан тіреді. 

 2005 жылы Дохада және 2006 жылы Санто-Домингода Илья Ильин дүйім жұртты теңдессіз өнерімен тамсандырып, алтын тұғырға көтерілді. 2009 жылы Коянда Владимир Седов, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова дара шықса, Владимир Кузнецов қола медальді иемденді. 2010 жылы Анталияда Майя Манеза мен Светлана Подобедова алтыннан алқа тағынды. 2011 жылы Парижде Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло алдына жан салмаса, Майя Манеза мен Светлана Подобедова күміс медальді олжалады. 2013 жылы Вроцлавта Алмас Өтешев күміс медальді иеленсе, Владимир Седов қолаға қол созды. 

2014 жылы Алматыда жалауы желбіреген жарыста Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло және Жасұлан Қыдырбаев әлем чемпио­ны атанса, Жазира Жаппарқұл, Владимир Седов күміс медальді еншіледі. Ал Кирилл Павлов қола жүлдені қанағат тұтты. 

2015 жылы Хьюстонда Нид­жат Рахимов пен Александр Зай­чиков теңдессіз деп танылса, Жа­зира Жаппарқұл күміс, ал Свет­­лана Подобедова қола алды. Та­­ғы бір айта кетерлігі, АҚШ-та­ғы додада қазақтың қос қыра­ны – Ал­мас Өтешов пен Жас­ұлан Қы­дырбаев та жүлдегерлер сана­тына қосылған болатын. Өкі­нішке қарай, оларға «допинг қол­данды» деген айып тағылып, олар өз медальдарынан айырылды. 
Міне, ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионаттарының қысқаша тарихы осындай. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»