Аймақтар • 11 Сәуір, 2018

Маңғыстауда балық шаруашы­лығын қалпына келтіру – шешімін табуы тиіс мәселе

1166 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Маңғыстауда бір кездері балық шаруашылығы дүрілдеп тұрды. Малды негізгі күнкөріс көзі еткен жергілікті тұрғындар  балықшылық кәсіпті де таңсық көрген жоқ – ашық айдынға шығып ау салып, желкенін жел керген қайықтарымен нәпақасын айырды. 

Маңғыстауда балық шаруашы­лығын қалпына келтіру – шешімін табуы тиіс мәселе

Өңірдегі балықшылықтың тарихы тым әріде жатыр деуге болады. Өйткені Құлалы аралынан табылған балық шаруашылығына қолданылатын тас құралдардың кезеңін ғалымдар неолит заманына меңзейді. 1558 жылғы ағылшын жиһанкезі А.Дженкинсонның, одан берідегі Л.Берегтің Каспий теңі­зінің балық байлығы, оның Маң­ғыстау түбегіндегі игерілуі жайлы мәліметтері Ресей сауда­гер­лерінің қызығушылығын туды­рып, олар түбекті бетке алады. «Ай­далада жатқан құйрық» деген­дей, келе тұмсықтарынан мол бай­лыққа кенеледі. А.Кутаисов, Д.Кор­неев бастаған қазақтардан жал­­дама­лы жұмысшылар ұс­тап, ба­лық аулау және оны өңдеу, ба­лық өнімдері саудасын қыз­дыру, ірі балық кәсіпорындар ашу ісін З.Дуб­ский, И.Абаков, С.Афа­насьев, М.Ериванцев, С.Климов секілді көпестер жалғастырды.

Өңір­дегі балық аулау ісінің тари­хы­на үңілсек, алдымен он­шақ­ты отбасы болып келген орыс кә­сіп­керлерінің саны аз уа­қыт ішін­де еселеп артып, қа­йық-кеме, ау-қармақ сынды құрал­дары да көбейіп, Кирилл, Орлов, Дол­гий атты ауылдары пайда болды, шір­кеулерін де тұрғызып үл­герді. Қарқын алған балық шаруашы­лы­ғы жағдайсыз қазақтардың теңіз жағалап, орыстарға жалдана жүріп нәпақасын айыруына сеп болды, бір жағынан балық аулаумен бірге оның өнімдерін өңдеу, кәдеге жарату және сату жолдарын үйренді. Балық шаруашылығының дамуы өңірдегі керуен жолының қай­та жандануына әкелді – Хиуа­ға, Оралға, Астраханға, Крас­но­водскіге балық өнімдерін, сондай-ақ итбалық терісі мен майын тасу қызу жүрді. Каспийдегі балық аулау ісінің әлеуеті, жағадағы жабайы кәсіпкерлік және жекелеген көпестердің есепсіз баюын көрген билік бұл мәселені дереу қолға алып, теңіз балығын зерттеу, оны аулау ісін заңдастыру, жоспарлау мәселелерін көтерді. Маңғыстау өл­ке­­сінде балық аулау ісі XIX ғ­а­сыр­дың соңы мен XX ғасырдың ба­­­сын­да шарықтап, өңірдегі мал ша­руа­­шылығы мен бірге балық ша­руа­шы­лығын аяқтан тұрғызған, ха­­лық­­тың сұранысы жоғары өнім­дерді сыртқа шығаратын не­гіз­гі өндіруші мекенге айналдырды. 

Қазан төңкерісінің әсерінен әлсіреген кәсіпті үкімет қайтадан қолға алып, балық аулаумен айналысатын мекемелер құра бастады. Осы жылдары Маңғыстауда балық зауыттары, мемлекеттік балық аулау базасы, балық кол­хоз­дары, сондай-ақ балық өң­деумен, итбалық аулаумен айналысатын аң-балық тресі, Баутин кеме жөндеу зауыты, моторлы ба­лық аулау стансасы, жүзбелі балық зауыттары құрылды. Фортт­а балық консерві зауыты са­лынды. Майшабақ аулану арнайы тапсырыспен жоспарланып, фортта белгілі ихтиологтар ықыласпен жұмыс жүргізді – Б.Бадамшин өзі құрған эксперименталды базада итбалық мәселесін зерттеумен айналысса, З.Баймырзаев кефаль балығын әкеліп Каспий теңізіне жіберіп, жерсіндіру ісімен шұғылданды. Екі ғалымның ісі де нәтижесін бергендігіне бүгінде ел куә.

Ал ба­лық шаруашылығын ұтымды ұйым­дастыруда, сондай-ақ кеме ка­пи­таны, балықшылық сынды еңбек саласында жоғары шебер­лігімен, іскерлігімен көзге түскен азаматтар жоғары марапаттарға қол жеткізіп, бірі Социалистік Еңбек Ері атанса, бірі Ленин орденімен марапатталып, енді бірі «стахановшы» атанып, келесі қазақ «КСРО-ның еңбек сіңірген балықшысы» белгісін омырауына тағып, құрметке бөленді. Мұның бәрі бір кездері қызыл балықтың ішінен шыққан уылдырықты қалай қажетке жаратарын білмей, өткір пышақпен балықтың ішін жарып жіберіп, уылжыған уыл­дырықты итаяққа төңкере салып, иттері майдан аяқтарын баса алмай қалған, тұрқы шағын май­ша­бақтарды «балықтың бала­сы, тиюге болмайды, әлі де өссін» деп суға қайта жібере салатын ауыл қазақтарының балық кәсібіне әбден машықтанып, өзіндік тәжірибе жинап, шаруаны үйіріп алып кете алғандығының дәлелі. 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Маңғыстаудағы «Шев­чен­ко», «Тельман», «Киров», «Калинин», «Ленин», «Қызыл Долгий», «Құлалы» және «Каганович», «Фетисов», «3-ші ин­­­тер­­на­ционал» балық шаруашы­лық­тары майданға ауқымды көмек ұйым­дастырған күштердің бірі болды. Деректер XIX ғасырдың орта­сында өңірдің 20 мыңнан ас­там тұрғыны балықшылық кә­сіп­пен айналысқан болса, со­ғыс жыл­дарында 70 пайыздан астам тұр­ғын осы кәсіппен күнел­т­кендігін айтады. 

Алайда Форт-Шевченко қала­сы­ның еңсесін көтеріп, са­ндаған адамды жұмыспен қам­тып, азық-түлік мәселесін шешіп «қызып» тұрған осы әдемі тір­ліктің тағы ту-талақайы шықты. Саяси-әскери қажеттілік базары қайнаған балық шаруашылығының күлін көкке ұшырды. Маңғыстаудағы аталмыш шаруа Астрахань арқылы жүзеге асырылатын болды. Тәуел­сіздік алған алғашқы жылдары балық шаруашылығының тамырына қан жүгіріп, беті бері қарауға бағыт алғандай болған еді, бірақ тұралаған орнынан әлі тұра алмай келеді. Каспийдің жағасында отырып, ауыз тұшытып балық жей алмау барды бағаламау ма, істі ұйымдастыра алмау немесе салғырттық па?! Әйтеуір халық балық жегісі келмейді, балық кәсіпшілігінде жұмыс жасағысы келмейді деу негізсіз. Тауарлық балық шаруашылығын дамытуға не кедергі? Тоғандар неге салмаймыз? Ашық теңізден балық аулау мәселесін неге мем­ле­кет­тік деңгейде қолға алмас­қа? Мүмкіндік те, негіз де бар, асау құ­рықтағандай етіп тула­ған балық­тарды елдің ырыс-бере­кесіне айналдырған аталары­мыз­дың кәсі­бін жандандыра алсақ жетіп жатыр...

Сондай-ақ, Маңғыстауда ба­лық шаруашылығымен бірге тұз кәсіп­шілігі де өркендеген бола­тын. Кетік, Қошқар ата, Шопан ата, Оймаша, Тасорпа, Қай­лы, Ақша­ғыл, Тұзбайыр және Үш­кем­пір жер­лерінен бірнеше мыңдаған пұт тұз өндіріліп, ба­лық өңдеу, сақ­тау ісінен бөлек, тұрғын­дардың күн­делікті тұтыны­сына беріл­ген. Ал итбалық мәселесі – бөлек әңгіме. 

Маңғыстауда балық шаруашы­лығын қалпына келтіру – ойландыратын да, шешімін табуы тиіс те мәселе. Каспийдің қызыл балығы – теңіз торуылдаған қаскөйлердің көзқұрты. Заңсыз жолмен балық аулап бала-шағасын асыраған жерлестер түгілі, су көлігімен сырттан сыдыртып келіп, су сүзетін «қонақтар» да аз емес. Балық шаруашылығын қалпына келтір­се, талай адам жұмыспен қам­ты­лып, ел-жұрт заңсыз аулан­ған балықтан жалап-жұқтамай, емін-еркін ерніне тигізер ме еді?! Ал бұл кәсіпті шағын шаруа көзіне айналдырып отырғандар да, жоба ретінде арнайы орында өсіріп, сауда айналымына түсіруді көз­дегендер де – халықтың жап­пай қолданыс-қажеттілігін қанағат­тан­дыра алмайды. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы