11 Сәуір, 2018

Балалар алдындағы жауапкершілік

1604 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Балалар кіршіксіз ақ парақ сияқты. Осы параққа саналы тәрбие әліппесін жазу, осы парақты от пен судан сақтау – парыз. Ата-анаға ғана емес, қоғамға да. Өйткені олар – өмірдің шуақ нұры. 

Балалар алдындағы жауапкершілік

«Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дегенде, қазір сол аппақ әлем, таза дүние қорғансыз қалып, физикалық тұрғыдан да, моральдық-психологиялық тараптан да көлденең кедергіге жиі ұшырап жатқаны анық. Әлімсақтан әлемді тітіреткен қиян-кескі шайқастар да осы ұрпақ қамы үшін емес пе еді?! Тізе бүксең, ұлың құл, қызың күң болып кісі есігінде жүреді. Бабалар сол «қара қазан, сары бала қамы үшін» толарсақтан саз кешуге, мұз жастануға, қылша мойны талша болуға бар болды.

Соңғы оқиғаларды ғана тізбектейікші. Қаймағы бұзылмаған дейтін оңтүстіктегі оспадарлық іс қоғамды дүр сілкіндірді. Одан кейін Ресейдің Кемерово облысындағы ойын-сауық орталығында отқа оранған сәбилердің обалы кімге? Арада аз күн өтпей Ауған елінде медресе шәкірттері баудай түсті. Отты ошақтарсыз, бейбіт күннің өзінде бала қорғансыз. Оның өсіп-жетілуі, өмірінің тізгінін өз қолына алуына дейінгі бар жауапкершілік ата-анада, ересектерде. Осы оқиғалар қоғамның белгілі деңгейде талабын қозғады, азаматтық сектордың азаматтық үнін естіртті. Бұл балаларды бір қорғаса, азаматтық қоғам қорғай алатынына тағы да дәлел болып отыр.

Кейінгі жылдары Қазақстанда балалар үйінде тәрбиеленушілер, балалар үйі азайып келеді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда балалар үйінде тәрбиеленушілер саны 57 пайызға азайыпты. Яғни, бұрын болмаған көрсеткіш – 11 мыңнан 6 мыңға дейін төмендеген. Өздерінің туған отбасыларына 2051 бала қайтарылған. Есептік көрсеткіштерге сенсек, елімізде жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 58 мекеме жабылып, қайта ұйымдастырылған екен. Жалпы, дамыған елдерде, сондай-ақ БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың тәжірибесінде баланың отбасында өмір сүргенін, жайлы жағдайда өскенін мақұлдайды. 

Төрт жыл бұрын Елбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жетім балаларды асырап алушы және тәрбиелеуші азаматтар үшін жағымды құқықтық орта қалыптастырудың өзектілігін айтқаны есімізде. Президент айтқандай, мұндай отбасылар мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің жан-жақты көмек беретін объектілеріне айналуы керек. Әйтпесе әлдебір жеңсік ас, қымбат мүкәмал, тойдағы дарақылықтар үшін де талай қаржы желге ұшып жатыр ғой. Қоғамның қасиеті аста, төктігімен емес, ізгілігімен, бауырмалдығымен бағаланса керек-ті.

Әрине, жыл сайын балалар үйінен балаларды асырап алушы адамдардың қатарының артуы қуанышты. Алайда, бас­пасөзде жарияланып жататын шет мем­лекеттердегі қоғамда жағымды бейнесі қалыптасқан қайсыбір азаматтардың ішкі өмірінде балаларға зорлық-зомбылық жасауының айғақтары ойландырмай­ қоймайды. Сондықтан отбасыларда пат­ронатты тәрбиелеу, қамқор болу, қамқор­шылық тәжірибесін кеңейтудің заңды негіздерін нығайту өзекті. Елбасы бұл ретте көптеген елдердегі қамқорлықсыз қалған балаларды уақытша орналастыратын «қонақ отбасы» тәжірибелерін есепке алуды тапсырған еді. 

Өткен өкініштердің сабағы болар, Білім және ғылым министрлігінің Бала­лар­дың құқықтарын қорғау комитеті бір­қатар халықаралық ұйымдармен және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуге білек сыбанып отыр. Олардың қатарында ЮНИСЕФ, PRI, «Үй» қоғамдық қоры, «Ана үйі», «Кризистік орталықтар одағы», «Отбасылық академия», «Жанұя», «Құқық» сияқты ұйымдар бар. Жақында Алматыда Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің қатысуымен өткен бала құ­қық­тарын қорғау мәселелері бойынша жиын­да үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері бірқатар ұсыныстар айтты.

Мәселен, «Ата-ана» қоғамдық ұйымының басшысы Жанна Ахметова әр өңірде ана мен баланың өзекті мәселелерін білуге, білім беру ұйымда­рымен жұмыс істеуге және оларға еркін кіруге өкілеттігі бар тәуелсіз өкіл енгізу туралы айтса, «Ерікті қайырымдылық қо­ғамы» қорының жетекшісі Аружан Саин ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тіркейтін бірыңғай ведомствоаралық ақпараттық жүйе құру туралы ойын жет­кізді. Ал «Ашық әлем» қоғамдық қоры­ның президенті Әлия Арқарова бұрын әр өңір­де жұмыс істеген балалар құқықтарын қорғау департаменттерін қайта құрудың маңыздылығын айтады. Жалпы, қоғам белсенділері айтып жүргендей, балалар­ды қорғау – мемлекет пен азаматтық сек­тор­дың ғана мәселесі емес, балаларды тәрбиелеуден сырт қалатын ата-аналардың жауап­кершілігі де өте маңызды. Осы туралы заңнама тетіктері жетілдіріле түсуі керек. 

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»