Қазақстан • 11 Сәуір, 2018

Қазақстанда АИТВ-ға шалдыққандардың 80 пайызы антиретровирустық терапиямен қамтылады

513 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылдың соңына қарай елімізде АИТВ-ға шалдыққандардың 80 пайызы антиретровирустық терапияны қабылдайтын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың баспасөз қызметі хабар таратты.

Қазақстанда АИТВ-ға шалдыққандардың 80 пайызы антиретровирустық терапиямен қамтылады

Қазақстанда соңғы он жыл ішінде мемлекеттің үнемі бақылауы мен ДДСҰ хаттамаларын тұрақты жаңартуды енгізудің арқасында АИТВ-мен өмір сүретін (АӨА) мұқтаж адамдарды антиретровирустық терапиямен (АРТ) қамту артып келеді.

Егер 2006 жылы 54% АӨА өмірлік қажетті терапияға қол жеткізген болса, биыл жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 80 жететін болады. АИТВ-инфекциясы індетін жоюдың әлемдік стратегиясында 2030 жылға қарай заманауи тәсілдер мен 90:90:90 қағидатының негізінде ДДСҰ мақсатты көрсеткіштері қабылданды: АИТВ-инфекциясы диагностикаланған 90% адамның барлығы антиретровирустық терапияны қабылдайды. АРТ қабылдайтын 90% пайыз науқаста айқындалмайтын вирустық ауыртпалыққа қол жеткізілетін болады.

– Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін отандық ЖИТС қызметі алдағы жылдан бастап «Тестілеуден өткіз де, емде» стратегиясына өтеді. Антиретровирустық терапия тестілеу кезінде анықталған барлық науқасқа клиникалық көрсеткіштеріне қарамастан тағайындалады. Бұл профилактикалық шара. Басты күтілетін нәтиже – тұрғындар арасында АИТВ-инфекциясының белең алуын тоқтату болып табылады, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры Бауыржан Байсеркин.

Сондай-ақ АӨА-ға медициналық көмекті көрсету жүйесін жетілдірудің арқасында жыл сайын АРТ-мен қамтуды арттырудың нәтижесінде ЖИТС-тен болатын өлім-жітімнің азайғандығы байқалады.

АРТ сапасын, науқастардың емге бейілділігін арттыру мақсатында жыл сайын елде қолданыстағы нормативтік құжаттардың және халықаралық ұсынымдардың негізінде жаңа антиретровирустық препараттар тіркелуде, емдеудің алдыңғы қатарлы сызбалары қолданылуда.

АРТ-препараттарын сатып алу ЮНИСЭФ жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдай елдегі шекті бағалармен салыстырғанда 2-ден 40 есеге дейін бағаны айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.Қаржыларды үнемдеудің нәтижесінде барлық  мұқтаж пациенттерді антиретровирустық еммен қамтуды арттыру және тиянақталған мөлшерлемесі бар жаңа аралас препараттарды қолдануды арттыру мүмкіндігі пайда болған.

Бүгінде Қазақстан Республикасында тіркелген 31 антиретровирустық препараттың ішінен – 26 күнделікті  тәжірибеде қолданылады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».  

АЛМАТЫ