Әлем • 12 Сәуір, 2018

Қазақстанның даму моделі Моңғолия баспасөзінде

978 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының ке­зекті 7-ші отырысына қа­тыс­қан Моңғолия Еңбек және әлеу­­меттік қорғау министрі С.Чинзориг бұл ресми сапарын «Екі елдің қатынасын жаңа са­ты­ға шығарған, қысқа уақыт ішін­де көп нәтижеге қол жет­кіз­ген табысты сапар болды» деп жо­ғары баға берді. Бұл сапар жайында Моңғолия БАҚ-тарында көптеген мақала, сараптамалар, сұхбаттар, жолсапар жазбалары жарық көріп, оқырмандар арасында қызу талқыланды.


Қазақстанның даму моделі Моңғолия баспасөзінде

Моңғолияның Еңбек және әлеу­мет­тік қорғау минис­тр­лігінің ресми сай­тында мынадай ақпарат жария­ланды: «Екі елдің үкіметаралық ко­миссия мә­жілісі екі жыл сайын өту­ге тиіс болғанымен, төрт жыл бойы кешеуілдеп, жуықта ғана өтті. Бір­лес­кен жиында екі мемлекеттің сау­да, эко­но­­мика, инвестиция тарту, бірік­­кен бизнес жоспарлары, тау-кен, транс­порт, ауыл ша­руа­шылығы, білім, ғылым, мәде­ниет саласындағы байланыстарды ұлғайту бастамаларын тараптар жеке-жеке талдап, нақтылы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Үкіметаралық комис­сия­­ның Моң­ғо­лия тарапын Еңбек және әлеу­мет­­тік қор­ғау министрі С.Чин­зо­­риг, Қазақстан тарапын Еңбек жә­не ха­лық­ты әлеу­меттік қор­ғау министрі М.Е.Әбіл­қа­­сымова басқарды. Та­рап­­тар­дың жұмыс тобы кездесуге дай­ындықты тыңғылықты жа­са­­ған­дықтан, жиын келі­сіл­ген мерзімде сәтті өтті.

Еркін сауда туралы моң­ғол тара­пы­ның ұсынысын ко­мис­сия толық қол­дады. Моң­ғолия мен Қазақстанның сау­­да айналымы 2017 жыл аяғын­дағы мә­­лімет бойынша, 36,6 миллион АҚШ долларын құ­рап, алдыңғы жылғы осы мер­зіммен салыстырғанда 22 пай­ызға өскен. Соның ішін­де Моң­ғо­лия экспорты 2,4 миллион АҚШ дол­лары, Қазақстаннан импорт 34,2 мил­лион АҚШ доллары болып, ал­дың­ғы жыл­дың осы мер­зімімен салыс­тыр­ған­да экс­порт 3 есе, импорт 16,6 пай­ыз өскен. Жиында экспорт тау­ары түрлерін молай­ту, сау­да айналымын ұлғай­туға күш салу, тараптар арасында экспортталатын өнімнің ті­зімін, өндіруші шаруа­шы­­лық бірліктері туралы мәлі­мет­терді ашық алмасу туралы ше­шім қабылданды.

Моңғолия ұсынған сауда тарифтері және тарифтік емес шектеулерді бол­дыр­мау, сонымен бірге сауда-эко­­­но­­микалық байланыстар­ды жаңа сатыға шығару үшін Еуразия экономикалық ода­ғы­ның Еркін сауда жөніндегі келісімшартын жасаудың маңызын бірігіп зерттеуді Қазақстан тарапы қол­дай­ты­нын білдіріп, бұл туралы Еуразия экономикалық ко­мис­сиясына жуық арада мә­лімдейтінін хабардар етті.

Бұл жолғы жиында тарап­тар транс­порт, жол қаты­на­сын, РФ аума­ғын басып өтетін автожолмен Қазақ­с­тан мен Моңғолияны төте түйілістіру амал­дарын талқылап, Астана – Ұлан Ба­тыр, Өскемен – Өлгий – Қобда бағы­тында әуе жолда­рын ашу, іздес­тіру мен құт­қару саласын­да бір­лес­кен келісім жұмысын аяқтауға ке­лісті. Моңғолияда уран өнді­рісін ашу мүмкіндігін бір­лесе зерттеу, уран өндіру, өнімге айналдыру тура­лы ортақ жо­балар жасау, уран инженерлері, тех­ника жұмыс­шы­ларын дайындау, білік­тілігін жетілдіру мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды.

Бұл жиында тараптар «Жоғары оқу орындарының құжаттарын мақұлдау туралы Моңғолия мен Қазақстан үкі­ме­тінің келісімін» 2018 жылы бекі­ту туралы келісіп, Моңғолия тарабы Қазақстан қаржысымен оқитын моң­ғол студенттерінің санын екі есеге арт­тыру туралы ұсы­ныс білдірді. Со­ны­мен бір­ге ғылым саласында бі­рік­­кен жобаларды жүзеге асы­ру, тәжі­рибе алмасуды қар­қынды жүргізу туралы келі­сімге келді. Нақтырақ айт­қанда 2018-2020 жылдары VI -VIII ғасырдағы түр­кі мәдениетіне жататын Ши­вэ­эт улаан кешеніне ар­хе­­о­­ло­гиялық зерттеу жасау, Қазақ­стан­дағы Жо­шы хан күм­безін бірлесіп зерттеу, Моң­­ғолиядағы көне түркі мұ­расы Май­хан уулдағы жер­асты кешені қаз­ба­ларын қор­ғау, қайта жаңғырту мүм­кін­­діктері бар», деп жазады ми­нистр С.Чинзориг.

Маңызды сапар жайында Моң­ғолия­ның БАҚ-тарында түрлі бағытта сарап­тамалар легі жарық көріп, са­пар нә­тижесі қоғамда ке­ңі­нен тал­­­қы­лана бастады. Моң­ғо­лияның Қа­зақ­стандағы Тө­тен­ше және өкі­лет­­ті ел­шісі Л.Баттулга мырзаның «Қазақ­с­тан алтын өндірісі «ноу-хауын» Моң­ғо­лияға тегін береді» деген сұхбаты жа­рық көрді.

Сонымен бірге «Астанада Моңғол министрін тоста­ған­мен сүт ұсынып қарсы алды», «Астанадан алар алтын тәжі­ри­белер», «Астанамен археология саласында бірлесе жұ­мыс жасаймыз» деген мақа­ла­лар жарияланды.

Моңғолия Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі С.Чинзориг «Түркі академиясында қонақта болғаным» деген тақырыпқа арнайы тоқ­талыпты. «Астанада біз қонақ болған ұжымның бірі – Халықаралық Түркі академиясы. 2010 жылы Қазақстан президенті Н.Ә.Назар­баевтың бастамасымен құрылған академияға барғанымызда олар моңғол салтымен көк шар­шы орамал ұсынып, тос­тағанға сүт құйып алдымнан қарсы алды, ұжым түркі тілді халықтардың тарихы, бүгіні, болашағы туралы кешенді зерттеу жасайды екен. Онда тарих, этнография, археология, түркі тілді халықтардың рухани мәдениетін зерттеген, ол туралы жасаған дү­ние­лер, еңбектер, ғылыми ту­ындылар көп. Академия Моң­ғолия ҒА Тарих, археоло­гия инс­ти­тутымен бірлесіп қаз­ба жұмыстар жа­саған, Моң­ғ­олияның Бұлғын айма­ғы жеріне орналасқан Түркі дәуі­рінің Шивээт улаан ке­ше­ніне бірлесіп қазба жүр­гіз­ген, тағы осындай ортақ жоба­­ларды бізге терең таныс­тыр­ды» деп Халықаралық Түр­кі академиясы жұмысына ризашылықпен баға береді.

«Қазақстан елімен тау-кен өнді­рісі саласында іс-тәжірибе алмасып, мамандар дайындауда бірлесіп жұ­мыс істейміз» деген мақа­лада Моң­ғо­лия­ның Тау-кен, ауыр өндіріс мини­стрі Д.Сумьяабазардың қысқа сұх­баты жарық көріпті. Ми­нистр мырза сұхбатында Моң­ғолияда алтын өндірісін жан­дандыру үшін Қазақстан тәжірибесіне сүйенудің маңызы зор екенін айтады. «Қазақ елінің алтын өңдеудің жоғары технологиясын ен­гізіп, мемлекетінің барлық алтын қо­рын Ұлттық банкіне сақтап отыруы отаншылдық көзқарастың айқын дә­лелі деп қорытынды жасауға болады. Бұл үлгіні Моңғолияға енгізіп, дұ­рыс бағытқа қойыл­ған салалардың оң нәти­же­лерінен үйренуге біз әбден ын­­та­лымыз» дейді министр.

Моңғолияның Қазақстан­дағы елшісі Л.Баттулга мыр­за­ның «Қазақ­с­тан алтын өнді­рісі «ноу-хауын» Моң­ғолияға тегін береді» деген сұх­ба­тында былай делінген: «Қазақ­с­танның өркендеуі туралы айтқанда соң­ғы 25 жылдағы қоғамдық, эконо­ми­калық дамуын топтап айтқан орын­ды. Себебі біздің еліміздің нарық­тық еркін экономикаға көшкен кезі­мен, Қазақстанның тәуелсіздігін жария­ла­ған мерзімі бірдей. Негі­зінен екі ел рефор­ма жолына қатар шыққан. Бүгін салыс­тырып қарағанда, Қазақ­станның әлде­неше есе артық дамығаны бай­қа­ла­ды. Мәселен, биылғы жыл Қа­зақ­­стан экономикасында 5 пайыз өсім бар екен. Біздің елде де осындай цифр­лар бар. Қазақстан Орта Азияда да­­муы­­мен алға кеткен ел. Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев 2050 жылы дамыған 30 елдің ара­сына енеміз деп үлкен на­мыс­пен жоспар жасап, соны іске асырумен шұғылдануда. Не­гі­зінен Қазақстаннан біздің елдің үйренері көп».

«Біздің ел 1990 жылдан экономикамен қатар саяси, демократиялық ре­фор­маларды қа­тар жүргізді. Ал Қа­зақстан болса алды­мен эконо­ми­ка­лық өзгерістерді, соңынан де­мо­кр­а­тиялық реформаларды таңдады. Біз се­кілді шағын елге экономика мен де­мо­кратиялық өз­ге­рістерді қатар жасау түр­лі қа­те­лік­терге, жаңсақтықтарға ұрын­­ды­ратын секілді. Қазақ­стан­ның дамуымен салыс­тырғанда осындай ой туады» деген елші Л.Баттулга тау-кен са­ласындағы ынты­мақ­тастықтың ке­лешегі туралы: «Моңғолияның Тау-кен, ауыр өндіріс министрі Д.Сумьяабазар алтын, кү­міс өңдейтін «Тау-кен» өнді­рісінің жұмысымен арна­йы танысып, Моңғолияға осы өндірісті салу туралы үкі­метаралық комиссияның қау­лысына арнайы баптар ен­гізді. Тау-кен» өндірісі жы­лына 20 тонна алтын, 50 тонна күміс өңдейді. Еліміз жы­л сайын алтынын шетелде өңдейтіндіктен шығынға ұшырап келген. Алтынды елдің ішінде тазартып, валюта қорын жасақтау үшін банкте сақтау тиімді. Алтын өңдеуге қатысты еліміз бірнеше елден ұсыныс алғанымен Қазақстан олардан екі есе арзан баға ұсынып, ноу-хауын тегінге жуық беруге ілтипат білдірді» деп дәйекті талдау жасайды.

Журналист Ш.Чимэгтің «Аста­на­дан алар алтын тә­жі­ри­белер» деген сараптама­сы оқырман арасында қы­зу пікірталас тудырғаны бай­қа­лады.

Ол жолсапар жазбасының «Далада аспан тіреген ғима­ра­т­тары бар алып қала» деген тарауында: «Қазақстан мен Моңғолия екеуі де бірдей жағ­дай­да сөреден сапарға қатар қозғалған ел­д­ер деседі. Бірақ олардың дамуы бізд­ен неше есе артық, қуатты бо­лып­ты. 1997 жылдан жаңа астана ір­гесі қаланып, кең далада 20 жас­та­ғы жас қала қанат жайыпты. Қазақ­с­тан тау-кен, газ, уран өндіруден әлем­де алдыңғы қатардағы елге айнал­ған. Табиғат бай­лы­ғын қысқа мер­зім­де иге­ріп, бағалатып, бақуатты ел­г­е айналдырған адам – Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаев. Ол елін дұрыс менедж­мент, оң сая­сатпен басқарып, бүгін­гі әл­қуатты деңгейге жет­кіз­ге­нін әлем де, өз халқы да мой­ындайды. Оның ойын тәр­тібін дұрыс ережелегенін бүгінгі елінің қуатты дамуы анықтап тұр. Нұрсұлтан Назар­баевтың елінен үй­ренер үлгі, іліп алар алтын олжа, жүзе­­ге асырар тәжірибе мол. Бұл мүм­кіндікті пайдалана білу­ді уақыт көр­сетеді» деп қоры­тынды жасайды.

Моңғолия баспасөзіне шолу жасаған Ақеділ Тойшанұлы