Спорт • 12 Сәуір, 2018

Роджер Федерер феномені

400 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үлкен теннис – олимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Спорттың төресі десек те жарасар. Бір өкініштісі – елімізде кенжелеу қалған. Бүгінде халықаралық ареналарда Қазақстанның намысын негізінен азаматтығымыз берілген ресейлік ортаңқол теннисшілер қорғап жүр. Біздің тараптан өзімізден талабы таудай жас таланттарымыз көптеп шықса деген тілек бар.

Роджер Федерер феномені

Ал біздің бүгінгі әңгімеміздің Қазақстан спортына қатысы жоқ. Осы жолы біз швейцариялық майталман спортшы, үлкен теннистің хас шебері, тума талант иесі Роджер Федерер туралы сөз қозғамақпыз. Жалпы, әлемде көзінің тірісінде аты аңызға айналған адамдар көп кездесе қоймайды. Федерерді сол азшылықтың қатарына қосуға әбден лайық тұлға десек, еш артық кетпейтініміз анық.

Теннис кортының болашақ жұлдызы 1981 жылдың 8 тамызында Швейцарияның шағын ғана Базель қаласында дүниеге келген. Әкесі Роберт жартылай неміс болса, анасы Линет дю Рандтың тегі африкалық көрінеді. Ұлының үлкен тенниске қызығушылығын байқап, кәсіби тәлімгерге алғаш берген де анасы екен. Спорттың осы түрінің қыр-сырын тез меңгере бастаған Роджер 12 жасында-ақ жасөспірімдер жарысына жолдама алса, 16 жасында алғашқы үлкен жеңісіне қол жеткізеді – жасөспірімдер арасында Уимблдон турнирінің жеңім­пазы атанады. Араға төрт жыл салып, Уимблдонның ересектер бәсекесінде топ жарады. Осы Үлкен дулыға турнирінің финалында ол өзінің бала кезіндегі табынары Пит Сампрастан басым түседі...

Р.Федерер қазіргі өлшеммен қарағанда ерте, 19-ға толар шағында отбасын құрған. Таң­­­дауының да теннисші қыз­ға түскені таңдандырмаса ке­рек. Швей­цария азаматшасы бол­ғанымен, тегі чех Мирос­лава Вавринецпен ол Сид­ней Олимпиадасында таныса­ды. Екеуі де Швейцария құра­ма­сы­ның мүшелері болатын. Осы арада айта кететін бір жайт – үл­кен теннистен үлкен үміт күт­тіріп, тіпті әлемдегі 100 мық­ты теннисші қыздың санаты­на енген Мирослава 24 жасында аяғын сындырып алып, содан корт­қа қайта оралмаған еді. Сөй­тіп, ол өзінің барлық күш-жі­герін жұбайының PR-менед­жері жұмысына жұмсап келеді. Роджер кортқа шыққан кезде оның әркез трибунадан табылатыны да сондықтан.

Сөз ретінде Федерерлер от­ба­сында егіз ұл мен егіз қыз өсіп келе жатқанын айта кетейік. Қыздары 2009 жылы өмірге келсе, ұлдары 2014 жылы туған.

Роджердің өзіне келсек, ол барлық төрт Үлкен дулығаны жеңіп алған тарихтағы алтыншы теннисші болып табылады. Үл­кен дулыға турнирлерінің 20 дүркін жеңімпазы. Феде­рер­ден атақты испан теннисшісі Ра­фаэль Надальдің төрт, бүгін­де үлкен спортпен қоштас­қан америкалық шебер Пит Сам­прастың алты Үлкен дулығасы кем. Сербиялық үлкен талант ие­сі Новак Джокович бұл тізімде 12 дулыға жеңімпазы ре­тін­де ал­ғаш­қы төрт мықтыны түйін­деп тұр. Қазір ат үстінде жүр­ген бас­қа теннисшілердің жетіс­тіктері екі-үш Үлкен дулығадан аспайды.

Айтпақшы, Федерер – екі Үлкен дулыға турнирінің шы­ңын қатарынан бес реттен ба­ғын­дырған теннис тарихындағы тұңғыш спортшы (2003-2007 жылдар – Уимблдон, 2004-2008 жылдар – АҚШ-тың ашық чем­пионаты). Бұған қоса, ол – 30-дан асқан шағында Үлкен ду­лыға турнирін кемі төрт реттен жеңіп алған үш теннисшінің бірі. Мамандар үлкен тенниске қа­тысты Ашық дәуір атап жүр­ген соңғы 50 жыл бедерінде мұн­дай ерен көрсеткішке бүгін­де шау тартпақ түгілі шалдық­тың қамытын мықтап киген аустралиялықтар – Род Лейвер мен Кен Розуолл қол жеткізген болатын. Олардың біріншісі, амандық болса, биыл 80-ге, екіншісі 84-ке толады.

Бірақ Федерер 37-ге аяқ арт­қанымен, әлі тұғырдан тайған жоқ. Сондықтан атақты аустра­лиялықтардың алдын орап ке­туіне мүмкіндігі бар деп есеп­тейміз. Бұлай сөз саптауы­мыз негізсіз де емес. Ол 20-шы Үлкен дулыға турнирін – Аус­тралияның ашық чемпиона­тын осы жылдың басында жеңіп алды. Алда әлі үш Үлкен дулыға турнирі – Ролан Гаррос – Францияның ашық чемпионаты, Уимблдон – Ұлыбританияның ашық біріншілігі және Аме­ри­каның ашық чемпионаты бар. Тым болмаса осылардың біреуінде жеңіске жетуі әбден мүмкін. Биыл сәті түспесе келесі жыл бар дегендей. Әрине, ол жасарып келе жатқан жоқ. Үлкен спортта адамның жасы үлкен рөл атқаратыны түсінікті. Бірақ Федерердің корттағы қимыл-әрекеттері әлі де көз қызықтырарлықтай.

Тамаша теннисшінің мына бір жетістіктерін де айтпай кетсек, қиянат болар. Ол – екі Үлкен дулығаны кемі алты реттен же­ңіп алған алғашқы теннисші. Ал Аустралияның ашық чемпио­наты биігін алты реттен үш тен­­нисші бағындырса, Федерер со­­лардың бірі. Уимблдонды ол сияқты сегіз рет жеңіп алар тен­­нисші әзірше көкжиектен кө­рін­бейді. Бұл да бір өзіндік рекорд.

1998 жылдан – 17 жасынан АТР-турларда (ағылшыншадан қазақ­шалағанда Теннис кәсіпқойларының қауым­дас­тығы, Теннис кәсіпқойларының элиталы әлемдік туры деп те айтылады) өнер көрсетіп келе жатқан Роджер өзінің спорттық ман­сабында 96 рет жеңіс тойын тойлаған екен. Бұдан бөлек 2008 жылы жұптасып өнер көр­сетуде Бейжің Олимпиа­да­сының чемпионы атанды. 2012 жылғы Лондон Олимпиа­да­сында жекелей сында күміс ме­дальға қол жеткізді. Дэвис кубо­гының жеңімпазы. Жоғары­да айтқанымыздай, осы жеңістер­дің 20-сы аса беделді саналатын әрі көп сыйлықақы иеленуге мүмкіндік беретін Үлкен дулыға турнирлерінің үлесіне тиеді.

Сыйлықақы демекші, өзі­нің 20 жылдық спорттық ғұмы­рын­да Федерер 115 миллион дол­­ларға жуық ақша тапқан. Осы көр­сеткіші бойынша ол әлем­дегі ең табысты спортшы саналады.

Спорт саңлағы өзінің әр жеңі­сін, әсіресе, Үлкен дулыға тур­нирлеріндегі жеңісін ал­ғашқы үлкен табысы секілді ерек­ше эмоционалды көңіл күйде көзіне мөлтілдете жас алып қабыл­дайтынының өзі бір қарағанда қызық көрінеді. Сондықтан оны «жылауық Федерер» дейтіндер де бар. Екінші жағынан осындай сентиментальділік оның жан дүниесінің нәзіктігін, мінезінің жұмсақтығын білдіретіндей. Жүзінің шуақ шашқандай жы­лылығы адамдарды өзіне маг­нитше тартатыны анық. Дүниенің төрт бұрышында оған тілеулес жанкүйерлердің орасан көп екендігі де менмендіктен ада қарапайым болмысына бай­­ла­нысты болар деп топшылай­мыз.

Енді Роджер Федерер туралы айтқан немістің танымал тен­нис шебері, бүгінде табысты тәлімгер санатындағы Борис Бек­кердің сөзінен үзінді келті­рейік. «Роджер – бұл феномен. 36-дан асқан шағында осындай шеберлігімен мақтана алатын кім бар?! Оған тең келер ешкім жоқ...». Беккердің пікірінше, Род­жер жуыр маңда теннис­пен қоштаса қоймайды. «Бұл, – дей­ді ол, – біздің спорт үшін шын мәнінде маңызды».

Сонымен Федерердің қатыс­қан жарыстарының бәрінде немесе бәрінде дерлік жеңіске жете­тін феноменінің сыры неде? Өзіне деген сенімділігі мен та­маша техникасы, кез келген мық­ты теннисшіге қарсы тез бейім­делетін икемділігі мен қарсы­ласының қандай іс-қимыл жа­сайтынын алғыр шахматшы­дай алдын ала біліп қоятын ақылды ойын өрнегін көр­сететіндігі десек, қателеспейтін секілдіміз. Үлкен дулыға тур­нирлерінің ашық чемпионат ретінде өткізіле бастауына орай Ашық дәуір аталып жүрген соңғы 50 жыл бедерінде әрі одан әріде де, Беккер атап көрсеткендей, Федерерге тең келер теннисші әзірге жоқ екенін мойындауға тиіспіз.

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар