Қоғам • 12 Сәуір, 2018

Табысты қоғамның әлеуметтік инженериясы

515 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жариялануының бір жылдығына арналған Қазақстан Республикасының Пре­зиденті жанындағы Қазақстан стра­тегиялық зерттеулер институтының шығарған «Казахстан-Спектр», «Қоғам және Дәуір» журналдары арнайы басылымдарының таныс­­тырылымы өтті. Таныстырылымға жур­нал авторлары, саясаттанушылар, әлеу­мет­танушылар мен журналистер қатысты.

Табысты қоғамның әлеуметтік инженериясы

Елбасының мақаласында көрсетілген басты бағыттар бойынша шаралар атқарылып, түрлі жобалар бойынша бір жыл бойына атқарылған жұмыстардың қорытындылары жарияланған. ҚСЗИ журналдарының ағымдағы жылғы бірінші сандары өз оқырмандарын рухты және жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлтты қалыптастыруға ықпал ететін қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды бағыттарымен таныстырады.

«Казахстан-Спектр» журналының бас редакторы Мәдина Нұрғалиқызы журналдың осы сипаттағы санын жасау идеясы өткен жылдың соңында пайда болғанын айтты. «Жалпы журнал нөмірі толығымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына арналған. Әлеуметтік сауалдамалар жүргізіп, сарапшыларымыз бір жылғы жұмыстың ғылыми-практикалық қорытындысын жасады», деді Мәдина Нұрғалиқызы. Бір жыл уақыт өткенде жобаларды іске асыру тиімділігі мен деңгейін, белгілі бір нәтижелерін бағалау мүмкін болып отыр. «Казахстан-Спектр» журналында теориялық және әдістемелік мақалалармен қатар жобалар туралы нақты мәліметтер, көпшілік және сараптамалық сауалдамалар нәтижелері бар.

Рухани жаңғыру –жаһандық үрдіс. Әртүрлі мемлекеттерде қоғамдық сананы жаңғырту өзіндік ерекшеліктерді ескере отырып, белгілі бір нысанда жүзеге асады. Мақалаларда әлемдік тәжірбиенің, сондай-ақ Қазақстандағы рухани жаңғыру бастамаларының ауқымы мен ерекшелігі талданған. Мысалы «Рухани жаңғыру: табысты қоғамның әлеуметтік инженериясы» атты мақалада ұлттық менталитетті жаңғырту бойынша Ли Куан Ю бастамасымен жүзеге асқан «Сингапур кереметі», еуропалық тәжірбие – үш қарапайым қағида: «күшті атқарушы, «ұлттық ұлылық» пен әлеуметтік-экономикалық саладағы «дирижизм» идеяларына негізделген Шарль де Голльдің мемлекеттік құрылыс үлгісі, Үндістандағы Махатма Гандидің Сатьяграха идеологиясы және басқа мемлекеттік ұстанымдары талқыланған.

«Қоғам және Дәуір» журналының бас редакторы Алуа Жолдыбалина өз сөзінде қоғамдық сананы жаңғырту жобасының ғылыми-зерттеу қызметінің шеңберінде «Рухани жаңғыру» жобасын жүзеге асыру барысына тоқталды. «100 жаңа есім» және заманауи әлемдегі қазақстандық мәдениет секілді жобаларға қатысты мақалаларға шолу жасады. Мысалы «Қазақстанның бастамалары: адами капиталдың әлеуметтік мәдени брендингі» мақаласы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының аясында мемлекет пен қоғамның өзара сенімді байланыс орнатуы арқылы адами капиталды брендтеу әдістерін зерттеуге бағытталған. «Рухани жаңғыру форматындағы мәдениет» атты мақалада оқырмандар Қазақстанның мәдени мұрасын цифрландырудың алғашқы қорытындыларымен таныса алады. Сандық инновациялар енгізу және мәдени мұраларға тұрғындардың қолжетімділігін қамтасыз ету арқылы жоғары сапалы мәдени құндылықтарды сақтау және насихаттау еліміз үшін маңызды.

Жиында сөз алған журнал авторлары да «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама­лық мақаласы мен журналдардың арнайы басылымдары туралы пікірлерін ортаға салып, рухани жаңғыру кезеңінде ғылыми пайымдар мен тұжырымдардың маңыздылығын атап өтті.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар