Қазақстан • 12 Сәуір, 2018

Астананың 20 жылдығына арналған ғылыми жастар форумы өтті

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде  «Астана – жаңа бастамалар серпіні» ғылыми жастар форумы аясында Астананың 20 жылдығына арналған «ҚазАТУ жас ғалымдары мен студенттерінің 20 жетістігі» атты көрме ұйымдастырылды.

Астананың 20 жылдығына арналған ғылыми жастар форумы өтті

Көрме ГАЖ технологиялары және АӨК цифрландыру, аквамәдениет, ветеринария, ауылшаруашылық биотехнологиясы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы техникасы бағыттары бойынша өткізілді. Сондай-ақ «Электрондық медициналық жазбалар», «ҚТҚ сұрыптау жүйесі», «Көмек», «Вкусняшка» әлеуметтік жобаларының тұсауы кесілді. Көрмеге қойылып отырған кез келген жобаны алып өндірісек енгізуге болады. Себебі олар бір емес бірнеше жыл бойына ғалымдардың бақылауымен жүйелі түрде жүзеге асырылған жобалар. Көрме ұйымдастыру туралы бастама жастардың өздерінің ұсынысы . 

Көрмеге ұсынылған жабалардың барлығы сандық үлгіде, сандық жүйемен жабдықталған.  Атап айтқанда білім ордасының Геоақпараттық технологиялар орталығы әзірлеген арнайы жоба бүгінгі таңда толықтай жұмыс жасап жатыр. Себебі дәл осы үлгіде жасақталған бағдарламалар негізінде студенттер Ақмола облысы бойынша егістік алқаптарды түгелдей сандық үлгіге өткізіп жатыр. Келесі кезекте сандық жүйеге өткен егіс алқаптарын ғаламтор арқылы бақылап отыруға толық мүмкіндік бар деген сөз.   Жас ғалымдар мен студенттер өз жобалары мен технологиялық платформалардың өнімдерін, сондай-ақ жабық сумен жабдықтау қондырғыларында балықты өсіру: қондырғыны орнатудан бастап алғашқы өнімді алу жолы жайында толықтай баяндап берді.

Шараның келесі бөлімі дәл осы тақытыптағы жас ғалымдар форумымен жалғасты. Іс-шараға Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры І.И.Кульназаров,  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры А.Р.Оралов, Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының Жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Б.Ж.Жүнісбеков, Астана қалалық  «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Л.Жұмашева және жас ғалымдар, елордалық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры І.И.Кульназаров өз сөзінде Елбасы  жолдауында айтылған АӨК-ін дамытуда жаңа технологияларды қолдану және табысты цифрландыру үшін кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды құру қажеттілігін атап өтті. Сонымен бірге, білім ордасының дәл осы бағытта жұмыс жасай бастағандығына тоқталды. 

Университет аумағында ет, сүт, астық және майлы дақылдарды, сондай-ақ жылыжайларды, робототехникалық зертханаларды және ГАЖ технологияларын өңдеуге арналған заманауи жабдықтармен жабдықталған төрт технологиялық алаң іске қосылған. Олардың барлығы шетелдік серіктестердің ұсынысы бойынша шетелдік университеттердің оқу базасы негізінде құрылды. Зертханалар тек студенттермен практикалық сабақтар өткізуге ғана емес, сондай-ақ ғалымдардың ғылыми жұмыстарын жетілдіруге арналған.

Шара барысында жас ғалымдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндамалар жасады. Дулат Ибраев PhD докторы, ассистент жастардың ауылшаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерге жету мүмкіндіктері жайлы айтып берді. «Кадастр» Анара Смагулова  цифрландырудың инфрақұрылымдық тәсілі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ақылды технологиялар кеңінен қолданылуы, G2G, G2B, G2C және B2B қызметтерінің барлық деңгейлеріндегі экономикалық тиімділігі цифрландыру шараларының заманауи талаптарына толығымен сәйкес келетінін атап өтті.     

Айдар Алимбаев РЭТ кафедрасының магистрі, ассистент жылыжай микроклиматының басқару жүйесі туралы баяндады. Форум соңында Елорданың 20 жылдығына орай «Астана – жаңа бастамалар серпіні» Республикалық жоғары оқу орындары жас ғалымдар форумының қарары қабылданды. Қарар елін сүйетін, оның тарихын дәріптейтін тәуелсіз еліміздің патриот жастарын мемлекетіміздің берік тұтқасы болуға шақырады.