Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Киелі жерлер – бірлік пен жаңғыру нышаны

7396 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаласы біздің қоғамға қозғау салып, санамызға тың серпін берді. Халқымыздың материалдық және рухани әлемі – атамекен, жер-су, әдебиет, өнер мен мәдениет саласын жандандыруда шамшырақ тәрізді қалың жұрт­шылықтың қызығушылығын, ерекше ықыласын тудырды. 

Киелі жерлер – бірлік пен жаңғыру нышаны

Осыған байланысты Елбасы тапсырмасы негізінде, Мәдениет және спорт министрлігінің бас­тамасымен халқымыздың тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның қасиетті орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынды. Ғылыми-сараптамалық кеңес ашылып, бұл іске бұрыннан бері осы сала бойынша жұмыс істеп, зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар тарихшылар, өлкетанушылар, этнографтар тартылып, ғылыми жүйе құрылды. Зерттеу­шілер басшы­лыққа алатын нұсқау­лық­тар жасалып, ол барлық өңір­лерге жолданды. Мұндағы мақ­сат – еліміздегі қасиетті тарихи орын­­дарды анықтап, оларды ұлт­тық ұстаным деңгейіне көтеру.

Қазақ халқының ұлттық сана­сының ерекшелігі – туып-өскен жері, өнген ортасын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалауымен құнды. Аталарымыз «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп бекер айтпаған. Туған жер мен елдің халық санасына сіңген ру­хани құндылығының ұлт­тың қалыптасуында, дамуында айрықша рөлі бар. Елбасы тап­сыр­ған дүниелер бұған дейін қ­асиетті нысан ретінде ғылыми сарап­талып, жүйеленбеген-тін. Біз осы шаруаны реттеп, жал­пы­халықтық құндылық ретінде қарастыруды қолға алып жатырмыз. Бұл жұмыстың рухани маңызына тоқталар болсақ, бірін­шіден, киелі, қасиетті ны­сан­дар біздің ұлтты рухани жұтаң­дықтан сақтайтын символдық қал­қанымыз және ұлттық мақ­танышымыздың қайнар бұлағы деп түсінген дұрыс. 

«Қазақстанның қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерленетін табиғи-мәдени мұра, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сон­дай-ақ Қазақстан халқы­ның жадында өшпес із қалдыр­ған тарихи және саяси оқиға­лармен байланысты орындар ұғынылады. Сонымен қатар Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде ма­ңызды орын алатын, ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретінде көрінетін нысандар кірді.

Сараптамалық кеңестің шешімімен қасиетті орындар жалпыұлттық деңгейлі және жергілікті маңызы бар нысандар болып бөлінді. Еліміздегі барлық қасиетті нысандар бес топқа жіктелді:

1. Ерекше бағаланатын таби­ғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар.

2. Археологиялық ескерткіш­тер және ортағасырлық қала­лық орталықтар. Бұл топқа қалашық­тар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған, Қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған ортағасырлық қалалар кіреді.

3. Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындар. Мұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байла­ныс­тыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға ай­налған, көне түркі дәуірі және орта­ғасырлардағы, соны­мен бірге XIX аяғы – XX ғасыр­дың басына дейінгі тарихи тұлға­ларды қамтиды. 

4. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бос­тандығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызды мәселелерді шешкен хандар, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен батырлар, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері, қолбасшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағартушылар туралы мәні зор орындар алынып отыр.

5. Саяси, тарихи оқиғаларға бай­­ланысты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ хал­қы­­ның бірлігі үшін бол­ған шай­қас­­тарды, ерлікті, батыр­лықты, қай­сар­лықты насихаттайтын, ел­­дің бірлігін білдіретін ескерт­кіш­­тер мен ел жадында өшпес із қал­­дыр­ған қасіретті орын­дар мен қоғам­ның, мемле­кеттің та­ри­хында ерекше орны бар мем­ле­кеті­міздің жаңа нышандары еніп отыр. 

Осылайша қасиетті жерлер мен нысандарды анықтап, өңір­лерде жүргізіліп жатқан ғы­л­ы­ми-сараптамалық жұмыс­тар­дың бағыт-бағдарын, дәйек­те­месін жасау жұмыстары ал­ға қойыл­ды. Территориялық жағы­нан әлем­дегі ондыққа енген жас мем­лекет болған соң бағзы бабалар­дан мұраға қалған ел мен жерді көз­дің қарашығындай мұқият сақтау – ұрпақтық асыл парызымыз. Бүгінгі жаңа заман ұрпағы, туған жер, елін сүйер жас буынды ұлт­жан­дылыққа, елжандылыққа тәрбиелеу, туған өлке тарихын, таби­ғатын танытуды мұнаралы мұратымыз деп санадық.

Ұлттық байырғы құндылық­тары­мызды осы киелі нысандар арқылы қайта түлету, нақтырақ айтқанда рухты жаңғыртып, халықты рухтандыратын жоба бұл. Мысалы, қазақ батырларын алайық, бұлардың ерлік істері ұлт рухын жаңғыртудың бірден-бір тетігі. Өйткені біздің бүгінгі таңда жоғалтып отырғанымыздың өзі  – осы батырлық. Оның орнына қауымда көнбістік, жалтақтық, бодандық сана-сезім дендеп барады. Осыған қарсы шипа – батырлық рух. 

Бұл жобаның қоғамға ел­шілдік, мемлекетшілдік көз­қарасты қалыптастыратын дүние – қазақ тарихындағы хандар мен билердің рөлі болса, жастарды азаттық үшін күрес жолына тәрбиелейтін дүние – ұлт-азаттық күрескерлердің әрекеті. Қазіргі таңда қазақ қоғамына біздің дәстүрімізді жоққа шығаратын түсініктер еніп кетіп жатыр. Әсіресе ислам атын жамылып халық арасын іріту үрдісі белең алуда. Екіншіден, қазіргі жастар өзінің тарихын тек әлеуметтік желіде таратылған жеңіл-желпі ақпар арқылы танып-білуде. Бұдан нені аңғарамыз? Күн өткен сайын жастардың тарихи санасына тұсау салатын қауіп күшейіп келеді. Осыған қалқан болатын дүние – жоғарыдағы жоба болуы тиіс. Яғни болашақ ұрпақ жалпыұлттық қасиетті нысандарды тану арқылы ұлттық бірегейлікті ұғынып, қазақ халқының сонау тас дәуірінен бері бір ел, бір халық ретінде қалыптасқан ел екенін санасына сіңіре алады. Осы арқылы тұтас тарихи сана қалыптасады. 

«Қасиетті Қазақстан» жоба­сы 2017-2021 жылдарды қам­тып отыр. Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан бар­лы­ғы бес томдық үлкен ең­бек «Қазақ­станның қасиетті жер­лерінің энциклопедиясы» жасалуы тиіс. Аталмыш жобаның тағы бір тиімді тұсы – ішкі руха­ни-туризмді дамытуға зор үлес қосады деп күтілуде. Яғни, бұл ту­ри­змнің ерекшелігі – адамдар табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру емес, тәлім­­дік-тәрбиелік мәні, әрі туған жер тарихымен танысуы­на бағытталуымен құнды бол­мақ. Сонымен қатар орта мектеп оқу­шы­ларына арналған оқу­лық­тар, фильмдер, роликтер, туризм және интерактивті карта жасау жоспарда бар. 

Тізімге алынған қасиетті ны­са­н­дардың мәртебесі жайлы ай­­тар болсақ, Мәдениет және спорт министрлігі тарапы­нан «Мә­дени және тарихи ескерт­кіш­терді қорғау туралы» заң­ға өз­ге­рістер енгізу жайы қарас­ты­ры­луда. Яғни мемле­кеттік тұрғы­дан қорғалуға тиіс нысандар қатарына «Қасиетті нысандар» дей­тін бап енгізілу қажет­тігі туы­н­дап отыр. Заң қа­был­­дан­ған соң ондағы талап бойын­ша ірік­те­л­ген нысандарды мем­ле­кет­тік тіркеуге қойып, қор­ғау­ға алу жайы нақтыланады. Яғни қа­сиет­ті саналып, заңмен қор­ғалған нысандардың әрбіріне паспорт жасалады. Ол үшін ны­сан­ның тарихы, аңызы, әфса­на­сы, уақыты, ғасыры, әлеу­меттік си­­паты, тағы басқасы жан-жақты зерттеледі.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі