Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі

1663 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта республиканың сот жүйесі қарқынды даму үстінде. Елбасы жаңа басшының алдына сот беделін арттыру міндетін қой­ған болатын. Ол үшін ең алдымен, соттарға қолжетімділік, ашық­тық, БАҚ-пен байланысты нығайту, әлеуметтік желілерде түсін­діру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындайтыны сөзсіз. Сон­дықтан Жоғарғы соттың басшысы өткен жылғы 20 жел­тоқсанда жоспарын сайт арқылы оқырмандармен бөліскен еді.

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі

Онда «Тәуелсіздік жылдарында сот жүйесі едәуір жетіс­тіктерге қол жеткізді. Қажетті заңнамалық база бар. Елбасы әрдайым қолдау көрсетуде. 
Бір сөзбен айтқанда, атқарыл­ған жұ­мыс аз емес. Ендігі міндет – оны бір­ге жалғастыру. Ең алдымен ашық пікір алмасуды ұсына­мын. Әрқайсыңыздың ойыңызда жүрген өзекті мәселені білу мен үшін маңызды. Әзірше ұсақ-тү­йекке уақыт жоғалтпай, сот жү­­йесі үшін ірі проблемаларды көтере­йік. Кез келген әріптес өз ұс­ы­­ныс-пікірін маған тікелей біл­­діре алады», деп жазған болатын. 

Одан кейін 28 желтоқсанда екінші рет еліміздің адвокат­тары мен прокурорларына өз сөзін арнады. 

Жазбасында Жоғарғы сот Төра­ғасы соттардың, судья­лар­дың, процеске қатысушы­лар­дың жұмысын жақсарту үшін заңгерлерді, жалпы жұрт­шылықты ашық пікірлесу алаңына шақырды.

Ашық пікірлесу алаңы көп­шіліктің көңіл төрінен орын алды десек болады. Тың ұсыныс-пікір­лер оқырмандардан, заң­герлер­ден, адвокаттардан, прокурорлардан көп түсті. Оларды саралап, талқылай келе, Жоғарғы сот жаңа даму тұжырымдамасын жасау барысында пайдаланғанынан хабардармыз. 

Бүгін Жоғарғы соттың сайты­­нан Жақып Асановтың сотсыз татуласу туралы келелі пікір­лерін мен ұтымды ұсыныс­тарын оқып, еліміздің бас газ­еті­нің оқырмандарына жеткізуге асық­тық. Онда былай делінген: 

 «Құрметті оқырмандар!

«Ел даусыз болмас» дейді халық мақалы. Даулар – кез келген қоғамға тән құбылыс.

Бірақ сол дау-жанжалды реттеу мәдениетіміз қандай?

Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас санамызда қатып қалған. Сәл дау туса, дереу сотқа жүгіреміз. Екі арадағы мәселені сот аренасына шығарып, шеш­кіміз келеді.

Ал даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екіжақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар бар. Мысалы, отбасындағы, аға­йын-бауыр, достар, көршілер ара­сындағы таласты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс?
Сіз сотқа арыз бердіңіз делік. Әрі қарай не болмақ?

Біріншіден, істің қаралуы созылып кетуі мүмкін. Іске нүкте қойылғанша, әдетте, бір емес, бір­неше сот отырысы өтеді. Шағым­дар облыстық, тіпті Жо­ғар­ғы сотқа жолданып жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді.

Екіншіден, үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз, жолға шашыласыз.

Үшіншіден. Осыншама кезең­­дерден өтсеңіз де дау сіздің пайдаңызға шешілетініне еш кепілдік жоқ.

Керісінше, екінші тарап – туысыңыз, досыңыз, қызмет­тесіңіз болса, екі арадағы қаты­нас­қа, сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді. Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Сол себептен ке­ше­гі туыстар – бүгінгі жау, ке­ше­гі дос­тар бүгінгі қасқа айналуы әбден мүмкін.

Сотқа жүгінбестен бұрын ақыл­­­ға салып ойланған жөн. Сіз не­­­месе сотқа жүгінемін деген та­ны­­сы­­ңыз эмоцияға берілген жоқ па? Ашу­­ды ақылға жеңдіріп, өзара ке­­лі­­сі­­мге келіп, шешуге болар еді ғой деп көбісі кейіннен өкініп жатады.

Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады. Уақыт жоғал­майды. Ақша үнемделеді. Қаты­нас үзілмейді. Жүйке мен абырой-бедел сақталады.

Ата-бабаларымыз дауды бейбіт жолмен шешіп отырған. Дамыған елдерде де солай – дау­лардың 70-90% сотсыз, бітім­мен аяқталып жатады.
Бізде болса даулардың көпті­гінен судьялардың жүктемесі жылдан-жылға артуда. 2013 жы­лы соттарда 1,25 млн іс қарал­са, 2017 жылы – 2,6 млн, яғни екі еседен асқан.

Бұл жағдай соттардың жұмыс сапасына, істерді қарау мерзіміне әсерін тигізуде. Әр судьяның өндірісінде бір мезетте 100-ден астам азаматтық іс пен материалдар. Істерге көмілген судьядан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады.

Қазір әрбір азаматқа сотқа дейін де, соттың өзінде де татуласуы үшін жан-жақты жағдай жасап жатырмыз.

1. Сотқа дейінгі татуласу бойынша.

Республикалық Кәсіподақтар федерациясы және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өңірлерде Сотсыз татуласу орта­лықтарын құрудамыз. Онда кәсіби медиаторлар және басқа да мамандар жұмыс істеуде. 

Олардың міндеті – келіссөз жүргізу, екі жаққа қолайлы, көңілге қонымды шешім іздеу және ұсыну. Татуласудың басты артықшылығы – ол тек дауды реттеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынасты сақтап, қалпына келтіреді. Тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келеді. Медиаторды әрбір адам өзі таңдаған соң жемқорлыққа да жол берілмейді.

2. Сотта татуласу бойынша.

Екі жақ та қаласа, сот татуласу процесін бастау үшін істің қаралуын кез келген сатыда тоқтата алады.

Аталған мәселеге қатысты сұрақ­тарды жергілікті соттар тү­сіндіріп, жол көрсетуге міндетті.

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі».

Иә, ренжіскенді татуластыру, кетіскенді бітістіру біздің дәс­түрімізде бар әдет. Сол ата-ба­бадан мирас болған ұлттық құн­дылықты жаңғыртсақ керек қой.

Ойланайық, ағайын!

Нұрлан ҚАЛҚА, 
журналист

АСТАНА