Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Қазақстанда қылмыс жасау 12 пайызға азайды - ІІМ

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінде ішкі істер органдарының биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақстанда қылмыс жасау 12 пайызға азайды - ІІМ

Министр Қалмұханбет Қасымовтың төрағалығымен өткен алқа отырысына ІІМ орталық аппараты, Ұлттық ұланның басшылық құрамы, өңірлік ішкі істер департаменттері, қылмыстық атқару жүйесі және жергілікті полиция қызметі бөліністерінің басшылары қатысты.

Жиында министр бірінші тоқсанда 65,7 мың қылмыс және 7,8 мың қылмыстық әрекет тіркелгенін атап өтті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12% және 23% төмен. Осының ішінде ауыр қылмыс (-6%), тонау (-15%), ұрлық (-13%), зорлық көрсету (-16%), бұзақылық (-19%) сияқты қылмыс түрлері айтарлықтай азайған.

Жиында Қ. Қасымов Ұрлыққа қарсы күрестің 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бойынша белсенділікті арттыру қажеттігін баса айтты. Жыл басынан бері осы бағдарлама аясында өңірлердегі жедел жағдайды сауықтыру және қылмыстың алдын алу бойынша 42 800 нақты іс-шара қабылданған. Алқа отырысы барысында қылмыстық сот өндірісін жаңғыртуға бағытталған қылмыстық-процессуальдық заңнаманың жаңа талаптарын қолдану проблемалары мен іс-тәжірибелері, есірткі қылмысына қарсы күрес шаралары, қылмыстық атқару жүйесінің пробация қызметін жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиынды қорытындылаған Ішкі істер министрі Қ. Қасымов Мемлекет басшысының қазіргі уақыттағы тапсырмаларын іске асыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді атап көрсетті. Сондай-ақ, ішкі істер органдары қызметінің барлық саласында тәртіп пен заңдылықты сақтау, әскери және қызметтік дайындықты нығайтуға қатысты тапсырма берді.