Білім • 13 Сәуір, 2018

Алматыда Infomatrix –Asia алтыншы халықаралық компьютерлік жобалар байқауы басталды

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін СДУ кампусында INFOMATRIX –ASIA алтыншы халықаралық компьютерлік жобалар байқауының ашылу салтанаты өтті. 

Алматыда Infomatrix –Asia алтыншы халықаралық компьютерлік жобалар байқауы басталды

Байқауға бір мезгілде жақын және алыс шетелден келген 450 жоғары сынып оқушысы қатысуда. Доданың қатысушылары 7 түрлі  негізгі категориядан: робототехника, компьютерлік бағдарламалау, компьютерлік графика және өнер, қысқа метражды фильмдер, аппараттық басқару жүйелері, дрондық жарыстар және математикалық жобалар бойынша күш сынасуда.

- Бүгінгі іс-шараның ауқымдылығына берер баға шексіз. Бірнеше жылдар бойы жобаның өнертапқыштар арасында маңыздылығы тек ғана артуда. Арнайы жобалар көрмесінің деңгейі отандық және халықаралық сарапшылардан жоғары бағаға ие болды. Әсіресе биылғы жылы елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік жобасының  қолға алынуымен тұспа-тұс келуі – біз үшін өте маңызды. INFOMATRIX-ASIA – СДУ үшін жылдан жылға ерекше дәстүрге айналуда.  2013 жылы жобада 13 мемлекеттен 190 өнертапқыш қатысса, биылғы жылы 15 мемлекеттен 450 жасөспірім қатысуда. Жобаның басты серіктестері – «Дарын» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен ҚР БҒМ алғысым шексіз, -  деп лебіз білдірді салтанатты іс-шарада СДУ президенті Мейірбек Мәжитов.   

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты – ақпараттық технологиялар саласындағы шеберлікті шыңдау, түрлі мемлекеттен жоғары сынып оқушылары мен оқытушыларын біріктіріп, ұлтаралық қатынастарды нығайту, сонымен қоса мемлекет мәртебесін әлемдік ақпараттық кеңістікте асқақтатуға бағытталған.

Байқау көрмесінде өнертапқыштар сан түрлі жобаларын көпшілік назарына ұсынған. Аса шығармашылық тапқырлығымен ерекшеленген жобалар заманауи қоғамда қарқынды дамып келе жатқан робототехника бағытынан, сонымен қатар қоғамдағы суицид, қоршаған ортаны қорғау, үлкенге деген құрмет, шыншылдық сынды өзекті тақырыптарға түсірілген қысқа метражды фильмдермен ерекшеленді.  Топ жарып үздік атанған жоба авторлары 15-сәуірде іріктеліп,  оқу орнының 100% грантымен марапатталады. Сонымен қатар 4 жыл бойы университеттің Инженерлік және жаратылыстану факультетінде тегін білім алуға мүмкіндік алады.