Әлем • 15 Сәуір, 2018

Қазақстан Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырады

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров кеңестің АҚШ, Франция және Ұлыбританияның Сирия нысандарына зымыранмен соққы жасауына орай шұғыл шақырылған отырысында мәлімдеме жасап, жағдайды одан ары ушықтырмауға шақырды.

Қазақстан Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырады

«Қазақстан Сириядағы ахуалдың ушыға түсуіне байланысты өзінің барынша алаңдаушылық танытып отырғандығын білдіреді. Біз барлық тарапты мұнан ары ушыға түсуге жол бермеуге және БҰҰ жарғысы мен Қауіпсіздік кеңесінің қарарлары негізінде азап шеккен Сирияға сенім, бейбітшлік және қауіпсіздікті қайтару үшін шаралар қабылдауға шақырамыз. Осы залда шиеленістердің арта түскендігін көрген сайын, біз БҰҰ жарғыларына және халықаралық құқыққа сәйкес жауапкершілікпен әрекет етуге шақырамыз»,  деді Қайрат Омаров.

Ол Қазақстан басқа елдерді де халықаралық құқық пен заңды қатаң сақтауға шақыратынын айтты. «Дегенмен, өкінішке орай кеше біз басқа үлгіні көрдік. Қандай игі істі желеу етіп шара қабылдаса да олар әскери күш қолдануды ақтай алмайды. Озбырлыққа зорлықпен жауап беру еш уақытта да бейбітшілік пен тұрақтылыққа әкелмейді. Қазақстан «әскери іс-қимыл - Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін соңғы шара» деген ұстанымды қолдайды және осылай болып қала береді», деп атап өтті Қазақстанның тұрақты өкілі.

Қайрат Омаров Сирия мәселесін барынша байыппен талқылайтын уақыттың жеткенін де баса айтты. «Біз АҚШ пен Ресей Федерациясын олардың Сирияны қолдау жөніндегі халықаралық топтың тең төрағасы болып саналатындығын және басқа тараптарға да ықпал ету мүмкіншіліктерінің бар екендігін ескере отырып, Сириядағы жанжалды саяси реттеуге қол жеткізу үшін белсенді әрекет етуге шақырамыз. БҰҰ  тараптар өзара дауларын реттеу үшін келіссөздер жүргізуі тиіс. Кеше ғана БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш өкінішке орай, «қырғи қабақ соғыстың» қайта оралып келе жатқанын еске салған еді. Қазақстан тараптарды БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқықтық сақтауға шақырады. Біз сонымен қатар, жанжалды тек қана бейбіт жолмен шешуге шақырамыз»,деді ол.