Аймақтар • 16 Сәуір, 2018

Жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын ояту қажет

1332 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкентте Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова­ның төр­аға­лы­ғымен Қазақстан Республикасы Президенті жанын­да­ғы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі отырысы өтті.

Жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын ояту қажет

Ел болашағы жастар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды басқосудың Шымкентте өтуінің өзіндік себебі де бар. Оңтүстік Қазақстан халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары, жастардың үлесі елеулі облыс. Яғни, өңірдегі жастарға қатысты түрлі жетістіктер мен шешімін күткен мәселелерді сараптай отыра бүкіл елдегі жағдайды бағамдауға болады. 

 Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мен еліміздегі жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысқан отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Елбасы Н.Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қанатының IV cъезіне жолдаған құттықтау сөзінде жастарды жан-жақты дамуға – спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің бай мұрасын танып-білуге, ең бас­тысы, өз салаларында әлемнің ең озық мамандарымен иық теңестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырғанын атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы бо­йынша аударылып, жарық көр­ген алғашқы 18 оқулықтың тұ­сауы кесілгенін, жастар­дың дүниетанымын кеңейтуге мүм­кіндіктің мол екенін айтты. «Біз үшін бастысы жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдармен бірле­сіп жастарға арналған жоба­­лар әзірлеп, дәстүрлі құнды­лық­­тарды қолдау мен зерттеу орта­лықтарын ашу қажет», деді Мемлекеттік хатшы. Сондай-ақ Г.Әбдіқалықова оңтүстік өңі­рін­де жастар арасындағы жұ­мыс­сыздық өскенін айта келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген игі шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

Күн тәртібіне қойылған «Қоғам­дық сананы жаңғырту бағдар­ламасы аясындағы қазір­гі қазақ­стандық жастардың құн­­ды­лық пайымдары және өзек­ті аспектілері» мәселесі бойын­ша баяндама жасаған Дін іс­тері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев ел жас­тары прогрессивті реформа­лар мен жаңашылдықтар­дың не­гіз­гі қозғаушы күші болу қажеттігін жеткізді. Жастар сая­сатына қатысты елімізде жүр­гізіл­ген зерттеу нәтижелеріне тоқ­та­лды. Мысалы, сауалнама­лар нәтижесінде жастардың 97 па­йызы Қазақстанның азаматы еке­нін мақтан тұтатыны, 92 п­айы­зы өзін ел патриоты санай­ты­ны анықталған. Сондай-ақ министр айтқан жерден аулақ, Отан қорғау қажет болған жағ­дай­­да жастардың бірқатар бөл­ігі қо­лына қару алуға дайын емес екен­діктерін білдіргеніне қынжы­лы­­сын жасырмады. Жастар арасын­да жұмысқа тұру, жақсы ма­ман­дық алу бойынша тамыр-таныс­тыққа иек артатындары аз емес. Яғни прагматикалық көз­қ­арас қа­лып­тастыру қажет. Со­ны­­мен қатар баяндамада жас­тар­дың 49,9 па­йызы бірде-бір рет к­ітап­ха­наға бармағаны, 83 пайызы уа­қы­ты­ның көбін интернетте отырумен өткізетіні анықталғаны айтыл­ды.

«Рухани жаңғыруды табысты жүзеге асыру үшін жастар оның құндылықтарын толығымен бойларына сіңіріп, күнделікті өмірде оған арқа сүйеулері тиіс. Біздің міндетіміз оларды барынша түсіндіруге көмектесу, рухани жаңғырудың мән-мағынасын қарапайым және қолжетімді түрде жеткізу, оларды өздеріне бейімдеу үшін қолдау көрсету болып табылады. Жастар ортасында «Рухани жаңғыру» құндылықтарын тарату және оның мағынасын жеткізудің орталығы білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құрал­дары болуы тиіс», деді министр. Жастардың мәдени және спорт­тық нысандарға қолжетім­ділігін шешу үшін Дін істері және аза­маттық қоғам министрлігі өткен жылы барлық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында 2017-2020 жылдарға арналған жастардың бос уақытын өткізу туралы жоспарларын бірлесіп қабылдауға бастама көтерген. Өткен жылы осы жоспарларға сәйкес 379 жаңа көп функциялы нысандар және 7 сауықтыру орталықтары пайдалануға беріл­ді. Соның ішінде Оңтүстік Қа­зақ­стан облысында жаңадан құ­рылған нысандардың саны – 178.

Ал Оңтүстік Қазақстан об­лысындағы жоғары оқу орындарында 7200-ден астам студент-жастар тұратын 26 жатақ­хана бар. Жастармен болған жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000 орындық жатақхана соғылып, пайдалануға берілгенін айтып өтті. Осы жыл­дың ІІ жартыжылдығында студенттерге арналған тағы екі жатақхананың құрылыс жұ­мыс­тарын бастау көзделіп отыр. «Елбасы Қазақстан хал­қ­ына арнаған жолдаулары мен үндеу­лерінде де жастарға ай­рықша көңіл бөліп келеді. Ал биыл­ғы «бес әлеуметтік бастамасында» жастарымызға серпін беріп қана қоймай, студенттердің кедергісіз білім алуы, сондай-ақ жатақхана мәселесі және бола­шақта өз кәсібімен айналысу, бас­паналы болуды да қарастырып өтті», деді Ж.Түймебаев. Өңір бас­шысының айтуынша, Шымкент қаласы аумағында «Қазақ жаңа инновациялық университетін» салу жоспарланып отыр. Бүгін­де білім ордасына 150 гектар жер бөлінген. Он мыңға жуық сту­­денттер білім алатын иннова­ция­лық университетте барлық салалар қамтылып, студенттерге жатақханалар, тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар салу қарастырылған. Жалпы, облыстағы жастардың саны 750 мың шамасында, яғни, облыс халқы санының 26 пайызын жастар құрайды. Жастарды жұмыспен қамту жергілікті биліктің басты назарында. 

Күн тәртібі аясында баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­­ха­медиұлы жастардың мәде­ни-­демалыс қызметтерін ұйым­дас­тыру мақсатында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар кеңесте сөз алған «Қазақстан-2050» Жал­пы­ұлт­тық қозғалысы кеңесі­нің төр­аға­сы Мұхтар Ман­кеев, жу­р­­на­лист-публицист Қанат Әуес­­бай, кәсіп­кер Жанболат Мара­тов, «Нұр Отан» партия­сы «Жас Отан» жастар қана­ты­ның төр­аға­сы Данияр Сүндет­баев ой-пікір­­лерін ортаға салып, ұсы­ныс­­тарын жеткізді. Ал Алма­ты қа­л­а­сы әкімінің орынбасары Ар­ман Қырықбай жастар сая­саты бо­­йы­н­ша оңтүстік ас­танада қолға алын­­ған тың бастамалар жөнінде баяндады. 

Кеңес отырысын қорытын­дылаған Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова бірқатар ми­нистр­ліктер мен әкімдерге тиісті тапсырмалар берді. Нақ­тырақ айтсақ, жастардың мәдени-дема­лыс орындарын қажетті материалдық-техникалық базамен нығайту, спортпен шұғыл­дануы­на, спорттық мәдени үйір­­ме­лерге тегін қатысуына қол­дау көрсету, жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, кітапханаларға, театрларға, музейге баруына, жаңадан жа­рық көрген кітаптардың кеңі­­нен таралуына, насихатталуы­на жағдай жасау, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жастар саясатының даму барысы және жастарға қолдау шаралары туралы ақпарат тарату, жастарға жеңілдіктер мен төмен бағалар жайлы, сол орындардағы жұмыс­тар жайлы алдын ала таныстырып отыру тапсырылды. Сондай-ақ кеңес мүшелері өңір жастарымен «ашық әңгіме» форма­тында кез­десулер өткізді. Сту­дент, жұ­мыс­шы, спортшы, кә­сіпкер санат­тарына бөліне өт­кен кездесу­лерде жастар кө­кейде жүрген сұрақ­тарына толыққанды жауап алып, өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Ғалымжан Елшібай,

«Егемен Қазақстан»