Шортанбай жыраудың туғанына – 200 жыл: Зар заманның зарлығы

ХІХ ғасырда Ресей отаршылдығының оспадар саясатына қарсы қазақ халқының мүддесін қорғап, ұлт болашағы үшін жанталасып, елінің сөзін сөйлеген аузы дуалы ақын, абыз Шортанбай жырау еді. Бар ғұмырын туған халқының өзіндік қайталанбас болмыс-бітімін сақтауға арнап, елінің жоғын жоқтағаны үшін көзінің тірісінде Патша өкіметін жақтағандар оған теріс қабақ танытса, өлгеннен кейін де, кешегі совет заманында есімі қуғынға ұшырап, кітаптарын белсенділер өртеп, бірер шумақ жырын жатқа айтқан талай азамат Сібірге айдалды.  

Егемен Қазақстан
16.04.2018 2659
2

Шортанбайдың қай өлеңін алып қарасаң да қозғайтын мәселесі елдің жайы, езгіге ұшыраған ұлтының көкейкесті арманы. Жүзде­ген жылдар бойы халқымыздың жинаған рухани қазынасының аяқасты болғанына ашынып, сол қазы­надан шеттетілген қазақтың бейшара күйге жеткізіп, өткен тарихы, мәде­ниетінен жұрдай етіп, даланы мақсат­сыз кезіп қаңғып жүрген тобыр дәре­жесіне түсірген отаршылдыққа қар­сы үндейді. Ашын­ған жырау мына дәрменсіз халден елін құтқарудың жолын іздейді.

Қазақтың еуропаша білім алған ұлдары қалыптасып болмаған сонау бір қиын кезеңде ұлт құрып кетпес үшін Шортанбай жырау өзінше жол іздеп жанталасты. Патшалық Ресей билігі қазақты ұлт ретінде құртудың бір жолы деп, шоқындыру мәселесін жаппай қолға алған тұста қазақ бала­сының ғасырлар бойы қанына сіңген ислам дінінің негізін жырларына қосуы да соның бір көрінісі. Атамекен жерінен айырыла бастаған қазақты қарсы күреске шақырып «жалаңаш мін де, жауға шап» деп үндеуі де езгі­ден құтылудың бір жолы деп қарас­тырғаны даусыз.

Шортанбай жырау сөйтіп зар заманның туын көтеріп, көп адам айта алмайтын қазақтың жүрегінде тұрған мұңды әлемге жария етіп, газеті жоқ заманда қазақ даласын аралай жүріп, орыс отаршыларының озбыр саясатын әшкерелеуден бір тынбады. Оның жырлары жалғыз қазақ емес, татар, башқұрт, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, ноғай, қарашай тектес түркі халықтарына да тегіс тарады. Ал халқым деп тебіренген жүрегі елінің еңсесі биік болғанын, азаматтарының ата дәстүр мен ата дінінен сырт айналмауын тілеген еді. Сол себептен де оның жыр­лары сонау Петерборда көзі тірісінде жарық көрсе, өзі дүниеден өткен­нен кейін Татарстан астанасы Қазан қаласынан 1883, 1888, 1890, 1897, 1901, 1906 жылдары қайта-қайта жеті рет жарық көрді.Түркі тектес халықтардың қолдан-қолға көші­ріп алып таратқан қолжазбалары әлденеше мыңға жететін еді.

Отаршылдықтың ауыр езгісіне түскен халқының аянышты халі, өз жерінен айырылып босқынға айнала бастаған жекелеген отба­сылардың алдан үміт күтпес тіршілігі Шор­танбай жырларына еніп, сонан құтылудың жолын іздеген ұлттық идеяға айналды. Оның осы ойға толы жырлары ұлтының санасына сіңіп, жүрегін биледі. Заман танымастай өзгерді. Сүттей ұйыған қазақы қалып бұ­зылды. Рулық көшпелі кооператив болып өмір кешкен тірліктің талқаны шықты.

Шортанбай заманның бұлай бұзы­луын ел тағдырымен, ұлттың бола­шағымен, қазақтың халық ретінде құрып кету қаупімен байланыстыра қарай­ды. Осы пәленің бастауында қазақ­ты халық ретінде құрып кетуін мақсат тұтқан орыс билігі, сақалды сары патшасының өзі тұрғанын ха­лық­қа түсіндіруден ұлы жырау жалық­пайды.

Уәліден кетті керемет,

Патшадан кетті ғаділет,

Ақыр заман таянды.

Ұлы жыраудың «Ақыр заманы» Алладан келер қиямет-қайым емес, ол отаршылдан келетін сұрқия саясат, қазақы ұлт ретінде жою саясаты. Би­лік қазақы қоғамды іштей іріте бастады.

Әуелгі қорлар зор болды,

Сондай зорлар қор болды...

Жөн білмеген жамандар,

Ел билеген бек болды, –

деп сұрқия саясатты әшкерелесе, онан әрі:

Мініп көрер күші жоқ,

Сауып ішер сүті жоқ,

Ақша деген мал шықты,

Жарлы кедей, жоқ-жітік

Жеткізе алмай жан шықты,–

деп халықтың басына түскен ауыр да, аянышты халді суреттейді. Жырау бұған зар қағып қана қоймайды.

Таңда махшар күн туса

Таразыны аударар, –

дейді. Шортанбай жырау айтып отырған Таразыны (әділдік келер) аударар, таңда Махшар күні де қиямет-қайым күні емес, жер бетіндегі отаршылдық езгісінің жойы­латын күнін меңзеп отыр. Сол күнге жету үшін де имандылық, беріктік керек екеніне халқын сендіріп, үгіттеп отыр.

Арқадан дәурен кеткен соң,

Қуғындап орыс жеткен соң,

Амал таппай қазағым,

Түстің барып торына, –

деп қиналған жырау осыдан құ­тылар «амалды» іздестіру керек екенін айтады.

Шортанбай жыраудың елдің ендігі беталысы туралы ойлары, ұсыныстары оның өлеңдерінің, пайымының астарында жатыр. Оның мақсаты – отар­шылдар билігі жанталаса қиратуға кіріскен қазақы дүниетанымды сақ­тау. Сөйтіп қазақты халық ретінде сақтап, өзінің ерекше жолымен келер заманға бейімдесе екен дейді. Сол себептен де Шортекеңнің абыздай сарнаған жырлары халықтың бойына сіңімді болды, қазақы дүниетанымы сақталған үлкендер оның ой-пайымын жақсы түсінді. Шортанбай жырлары ауыздан ауызға тарап, қазақ баласының санасын би­леді. Алаштың ардақты азаматы, репрессияның құрбаны болған Қош­ке Кемеңгерұлы өз кітабының «Қарсы қозғалыстар» деген бөлімінде Кене­сары сарбаздарының арасында кеңінен тараған, ұранға айналған Шортанбай жыраудың мына өлеңін келтіреді:

Бағынбағын, қазақ орысқа!

Бағынсақ, қазақ орысқа,

 Осы бастан амандас,

Сарыарқа деген қонысқа.

Береке кетер асыңнан,

Билік кетер басыңнан.

Некеннен некен күйерсің,

Күйдіруші табылып,

 Көршілес жақын-қасыңнан.

Қызығып тұрсың байқамай,

Күйінгеннен айтам-ай!

 Көрінісі орыстың –

Текеметтің түріндей.

Ойлағаны жамандық,

Жарадан аққан іріңдей.

Абақты деген үйі бар,

Қазулы қара көріңдей.

 Қара қазан, сары бала,

Обалына қаларсың.

Кейінгі ұрпақ бұтақтың,

Қарғысын нəлет аларсың,

Ап кетейін бір жаққа,

Соңымнан ерші ерінбей.

Қазақ сарбаздарының жүрегінде жатталған бұл ұранды сөз қазақтың ХІХ ғасырдағы идеологиясы болған. Сол идеологиясының бастауында тұрған тұлға Шортанбай жырау.

Ұлттық даму, өрістеудің ежелгі заманнан жалғасып келе жатқан қазаққа ғана тән жолы күйреуге ұшырап жат­­қан тұста көне әдебиеті жоқ халық­тың басқа, бөтен жұртқа сіңіп, жұ­ты­лып кете беретінін де, оқыған-тоқығаны бар, Еуропа халқынан хабары бар Шортекең жақсы түсінген. Өз халқының көне жұрт екенін, ежелгі сөздің иесі екенін таныту үшін өз жырларында «Софы Алдияр» кітабын жиі атап, Қожа Ахмет Яссауи сөздерін еске алып отырады. Өз халқының басына осындай күн туып отырғанда ол «Жерұйық», «Жиделі Байсынды» іздеген Асан қайғы, Бұқар жырау тәлімін ары қарай жалғайды.

Шортанбай жырау сайын далада сайранды дәуір құрған көшпелі елдің сағынышты заманын жырлаған – еркіндіктің жыршысы. Қазақты шырмап, торға түскен торғайдай халге жеткізген отаршылдарға жырмен қарсы тұрды.

Кетейін десе, алды бар,

Тұрайын десе, кәпір бар,

Қайсыбірін айтайын,

Қазақтың ұлы қамалды, –

дейді ашынған жырау.

Ұлы жырау «Заманың кетті баяғы» деген жырында:

Жандарал болды ұлығың,

Майырды көрдің жездеңдей,

Кәпірді көрдің піріңдей,

Тілмашты көрдің жеңгеңдей,

Дуанды көрдің үйіңдей,

Абақты тұр қолыңда,

Қазылған қара көріңдей, –

деп заманның зымиян бетін ашып, оған бағынбауға, мойынсынбауға, әр қазақ азаматын осы көріністен жирене білуге шақырады. Оның бұл шақыру жолы – күрес жолы, азаттыққа ұмтылу жолы, қазақты ұлт ретінде сақтау жолы.

Қазақ туған даласының таби­ғатымен бірге өсіп-өнген халық. Та­­мылжыған жаздың майсараған қызығына ғана емес, иен даланың ат құлағы көрінбес боранына да сүйсіне білген халық. Сол далаға деген сүйіспеншілігі де ерен күш-қуат берген. Онда оның бабаларының мүр­десі жатыр. Ұлы даладан қым­бат қазақ үшін ештеңе жоқ. Сол сүйіспеншілік Шортанбайдың жырында былай кес­теленген екен:

Арқаның жазы бейішті,

Жылқының еті жемісті.

Сол далаға қазақ қана ие болу керек екенін жырау былайша жет­кізеді:

Ұзын аққан Сарысуды,

Өзің жайлап, жағала.

Жүйрік пенен жорғаңды,

Өзің мініп бағала.

Одан әрі бо­дандыққа түсіп, қазы­налы жерінен айырылған жағдайды:

Еділді алды, елді алды,

Енді алмаған нең қалды?

Қораны санап малды алды,

Қазаққа қамқор ханды алды.

Кетейін десең алдың тар,

Кетпейін десең кәпір бар, –

деп күйінішпен жеткізеді.

Елінің осындай жағдайға түскеніне жырау көнбейді, қарсы әрекет етуге үндейді. Міне, осы үндеу – халықтың санасына енген сөз идеялық бағыт алып, ХІХ ғасырда халықты езуші отаршылдарға қарсы тік көтерген рухани күшке айналған.

Жалаңаш болып, жауға шап,

Ажалдан бұрын өлер ме?

Ноқталы басқа бір өлім,

Өлмей де адам жүре ме?

Қатын-бала қамы үшін,

Қарсы шап та, мылтық құш!

Құр жабырқап жүдеме, –

деп ұлы жырау қарсы әрекетке ша­қырса, дұшпанымен бірге күресу үшін түркі халықтарының бір болуы­н қалайды.

Дұғай сәлем айтайын,

Ташкен менен Бұқарға.

Мұсылманның баласы

Қор болмасын дұшпанға,–

деп онан әрі түріктің Қонды­геріне хат жазу, бірлесу қажеттігін де еске салады.

Ресей патшалығы қазақты халық ретінде құртуды жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен жүргізді. Ұлттың басын біріктірер күш, мемлекеттігінің белгісі хандықты бірінші кезекте жойса, екінші жолы өзін-өзі билеудің, бөтенге – дұшпанға мойынсынбаудың көрінісі – билер билігін құрту үшін болыстықты енгізіп, болыстың майлы жілігін ортаға тастап, қазақты өзара қырқыстырып қойды. Қазақ жерін тартып алу қоса жүріп жатты. Өзен-көлдердің маңын мұжықтар алды. Олар сол су көздерінен малын суаруға қазаққа рұқсат бермеді, аңша қуып, атты. Осыны пайдаланған орыс билігі шоқынған қазаққа ғана мүмкіндік туғызып, қалғаны қаңғып, қырыла берсін дегенге тоқтады.

 Шортанбай жырау діннің, имандылықтың патшалық езгісіне қар­сы болар ең өткір идеологиялық қару екенін де білген тұлға. Мұсылман діні қазақтың қанына сіңген ата-баба діні, сенімі. Ұлы жырау:

Менменсінген зор кеуде,

Қиық жүріп кете алмас,

Аспанменен өте алмас,

Алдындағы жолығар,

Құдайдың құрған тезіне, –

деп отаршы билігін қолдаған-қол­паштағанға сес көрсетсе,

Медресе, мешіт салдырып,

Мүфтиге берсең балаңды...

Сираттың желі соққанда

Ораза, намаз панаң-ды,–

деп кез келген жерге шіркеуін салып, мұсылман дініне қысымшылық жасап, қазақты шоқындыруды шұғыл қолға алған қысастыққа көнбеуге үндейді.

Ғайбаттың жаман екенін

Біле тұра айтасың,

Намаз қаза боларын,

Біле тұра жатасың,

Алланың берген ақ дәмін,

Аузыңа алмай әуелі

Арамды неге татасың, –

деп жырау жақсы мен жаман айқасқан, қазақ баласын тобығынан қағу үдеген заманда табан тірер жерің, арқасүйер тіреуішің, үміт қазығың мұсылман діні екеніне елдің көзін жеткізе түседі.

Отаршылдың іштен бүлдіру әрекеті сүттей ұйыған қазақтың отбасына да кері әсерін тигізетінін Семей, Көкшетау, Омбы, татар жұр­тын ара­лаған Шортанбай көре біл­ген. Алар жарының пәктігі – отба­сын ұйы­тар негізгі күш екенін, отба­сының беріктігі қазақы қоғамның берік­тігі екенін ұлы жырау айтудан жалықпаған.

Шынарға біткен мақтадай,

Шырайлы болса алғаның,

Халал сүт емген жолықса,

Болар ма еді арманың.

Жырау тегі, тәлімі жақсыдан қыз алып, ата-бабаның ізгілікті қа­сие­тін сақтап, өркендететін ұрпағын ой­лаған адамның арманы осылай болса керек екенін жырлаған. Еуропаның у­лы дерттей жұққыш салтынан сақ­тандырған.                

Аударылған дүния,

Ұлың киді дүрия,

Ұстараның жүзіндей,

Қызың киді биқасап,

Тергеп кимей байқастап, –

десе, онан әрі Батыстың бұзылған салтын тілге тиек етіп, келер заманды айтқандай болжайды.

Кенесары хан бастаған ұлт-азат­тық көтеріліс жеңіліске ұшырап ер азаматтың талайы жазаланып, қуғын­ға түсіп, енді қайтып бас көтере алмас жағдай туып, жат билігінің тор-шыр­мауына түскен халге жырау қатты күйінген.

Заманақыр аяғы,

Заманың кетті баяғы.

Ықылас-ниет қалмады,

Үлкенге билік салмады,–

деп басынан билігі кеткен елдің тоқырауға ұшыраған халін суреттесе, отаршылдың ынсапсыздығын:

Ынсапсыз екен бұл кәпір,

Жеріңді алды, малды алды.

Пәлесі жоқ салмаған,

Қайысады қабырғаң.

Көтере алмай салмағын, –

деп, одан әрі іштей бүлінген елдің де халіне тоқталады.

Билер пара жемеңдер,

Жалғанды жолдас демеңдер,

Кісі ақысын алмаңдар,

Аузыңа харам салмаңдар,–

деп ұлы жырау ендігі ел жақ­сыларын елді аздырар жолдан аулақ­татып, ғасырлар бойы келе жатқан қазақтың көне арнасын жоғалтпауды қаперге салады.

Шортанбай жырау түркі дүние­сінің рухани оянуына игі әсе­рін тигізген өзінің замандасы Шаһа­бутдин Мар­жани (1818-1889) ғұла­маның ой-пікі­рінен әсер алды десек, артық кет­пейміз. Ш.Маржанидің замандасы әрі шәкірті Камараддин Хазірет Семей медресесінің ұстазы болған. Ка­мараддин хазіреттен Абай тәлім алып, араб, парсы тілін меңгеріп, шы­ғыстың ұлы жырау­ларының еңбектерімен танысуға жол ашылған. Шортанбай жырау Семейге барған әр сапарын­да осы Кама­раддин хазіретпен жиі жо­лығып, біраз күндерін бірге өткізген.

Шортанбай Қанайұлы ХІХ ғасыр­дың басында Петербор, Қазан, Уфа, Омбы, Ташкент қалаларында мыңдаған данамен кітабы шығып, исі түркі жұртының рухани әлеміне әсер еткен «қанша уақыт өтсе де ұмытылмай...(теріс қараған күндерде де» (С.Қирабаев), «ұлы дарын... қоғам қайраткері, ірі идеолог» (Т.Кәкішев) болып ғұмыр кешкен тұлға.

Сөйтіп Шортанбай жыры ХІХ ғасырда халық арасына ең көп тара­ған, елдің ой-санасын билеген, рухани күшке айналған.

Қызыл империя заманында қазақ баласын коммунистік идеологияға жығу үшін Шортанбай жырау арқылы исі қазақтың қанына сіңген қазақы идеологияны құрту қажет болды. Коммунизмнің шапанын жамылған шовинистер сол себепті Шортанбай жыраудың әр сөзіне тыйым салды. Оның бірер шумақ өлеңін еске алғаны үшін елді қатты жазалады.

Қазақ халқының басына құрып кету қасіреті төніп, жер-суын тартып алып, өзенге малын суаруға келген қазақты аңша қуып, шыдамағаны шоқынсын, бағынбағаны қырылсын деген заманда осы сұрқиялыққа өлең-жырларымен қарсы шыққан, айтқаны туған елінің санасында жатталған Шортанбай жырау ХІХ ғасырда қазақ намысын ту еткен ұраншымыз, зар замандағы зарлық ақындарымыздың көшбасшысы.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы, «Құрмет» орденінің иегері

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

10.12.2018

Қарағандылықтар «ҚазРобоСпорт» чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды

10.12.2018

Ежелгі металлургия іздерін Тарбағатай даласынан көруге болады

10.12.2018

Қытай 2000-нан астам қазаққа өз территориясынан шығуға рұқсат берді

10.12.2018

Д.Назарбаева Дүниежүзілік банкінің Орталық Азия жөніндегі Аймақтық директорын қабылдады

10.12.2018

Солтүстікқазақстандық екі кәсіпкер «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпазы болды

10.12.2018

«Латын әліпбиіне көшу – тарихи таңдау» республикалық ғылыми-теориялық online конференция өтті

10.12.2018

Халықаралық Олимпиада комитеті Алла Важенина, Анна Нұрмұхамбетова және Ольга Рыпаковаға медальдары қайтарады

10.12.2018

Павлодарда «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» форумы өтті

10.12.2018

Атыраулық дзюдошылар Конфедерация Кубогінің иегері атанды

10.12.2018

Облыста озық шыққан аудандар марапатталды

10.12.2018

Александр Журавский Мұхаммед Рабииден жеңілді

10.12.2018

Дархан Қыдырәлі The Asahi Shimbun басылымына сұхбат берді 

10.12.2018

Қызылордада жер телімдері аукционға шығарылды

10.12.2018

Қызылорда облысының әкімі мүмкіндігі шектеулі жандар автокөлік сыйлады

10.12.2018

Қостанайда табиғат қорғау полицейлері киік атқан қаскөйді ұстады

10.12.2018

Сығанақ қалашығы туризмге қызмет етеді

10.12.2018

Қыздар университеті робот құрастыратын стартап жобалар жасайды

10.12.2018

«Қайраттың» екі футболшысы - әлемнің үздік ойыншысы номинациясына үміткер

10.12.2018

Дүниежүзілік банк Қазақстанның коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға қатысады

10.12.2018

Алматыда жас дзюдошылардың турнирі өтті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Táýelsizdiktiń tańǵajaıyptary

О́tken joly jazǵan baǵanymyzda («EQ», 21.11.18) Táýelsizdiktiń arqasynda qazaq jastarynyń sporttyń elıtalyq túrlerinen álemdik dodalarda tek sońǵy jyldary ǵana top jaryp jatqan birneshe mysaldaryn keltirgen edik. Sonymen birge qazaq ánderimen, ulttyq áýenmen álemdi aýzyna qaratyp júrgen ánshilerimiz týraly da jazǵanbyz. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Jekemenshik teatrlar jaıy

Jalpy, kez kelgen halyqtyń mádenıeti men rýhanı damý deńgeıi teatr salasyndaǵy jetistikterimen ólshenetini tarıhtan málim. О́rkenıetti memleketterdegi bir ǵana qalanyń ózinde teatr sany 200-den asyp jyǵylatyndyǵy sonyń buljymas dáleli bolsa kerek-ti.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Aqparattar aýqymyndaǵy aqıqat

Taıaýda Almatyda ótken medıaquryltaıda Qazaqstandaǵy buqaralyq aqparat qural­darynyń qazirgi jaı-kúıi keńinen áńgime boldy. Mamandar tarapynan aıtylǵan pikirlerge qulaq qoıar bolsaq, sońǵy jyldary qazaqstandyq BAQ-tyń, ásire telearnalardyń reıtıngi aıtarlyqtaı túsip ketken. Máselen, 2013 jyldan bergi aralyqta bul kórsetkish 22 paıyzǵa tómendegen eken. Onyń sebebi nede?

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері

Halyq sózinde birtutastyq, birlik bar

«Halyq» sóziniń mán-maǵynasy óte tereń ekeni barshaǵa málim. Másele – osyndaı saıası astary aıryqsha sózdi qalaı qoldanyp júrgenimizde. Merzimdi baspasóz betterindegi habarlardan,  teleradıo arnalardan, ózara áńgimeden «aýyl halqy», «qala halqy» degendi oqyp ta, estip te júrmiz. Máselen, telearnalardyń birinen «Arshaly aýdanynda 27 myń halyq bar» degendi estidim de, «halyq sózin durys qoldanaıyq» dep, ózimniń oı dápte­rime jazyp qoıdym. Sebebi orys tilinde «narod sela» nemese «narod derevnı», «na­rod raıona», «narod goroda» demeıdi, tipti jazbaı­dy. Bul tilde «naselenıe», «jıtelı», «gorojane», «selchane» deıtinin bilemiz. Biz qazaqsha «aýyl turǵyndary», «qalalyqtar» nemese «qala turǵyndary» desek, ekpini báseń bolyp, birdeńe joǵaltyp alatyndaı, «aýyl halqy», «qala halqy» dep qysqa qaıyramyz. Sonda deımin-aý, qazaǵymyzdy bólip, jiktep, birtutas halyq sanatyna qospaı turǵanymyzdy nege ańǵarmaımyz?!

Дидар Амантай,

Túsiniktiń kúıreýi

Sońǵy jyldary, sandyq tehnologıalyq ónimderdiń (iPhone, Red One, digital camera, information technology) alǵashqy nusqalary (computer, printer, scaner, copier), shyqqanyna tabany kúrekteı jarty ǵasyrǵa jýyq ýaqyt, jeteqabyl mezgil ótkende, ozyq qoǵamdarda, qala berdi, damýshy elderde, tipti, jalpy adamzattyq mádenı-rýhanı keńistikterde iri-iri qomaqty ózgerister júrdi. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу