Футбол • 16 Сәуір, 2018

Көшбасшылар іркілісін оңтайлы пайдалана алмады

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Апта соңында Қазақстан премьер-лигасының кезекті туры өтті. 5-турдың негізгі ойынында бітіспес қарсыластар – «Астана» мен «Қайрат» кездесті. Ал біріншілік басталғалы бері жеңіліс көрмеген «Ордабасы» сырт алаңда күтпеген жерден ойсырай ұтылды.  

Көшбасшылар іркілісін оңтайлы пайдалана алмады

Қос команда да соңғы кезде нағыз бабында еді. «Астана» сырт алаңда «Ертісті» 6:1 есебімен жеңіп, айқын басымдық көрсетті. Ал «Қайрат» Оралдың «Ақжайығын» ірі есеппен ұтты – 3:0. Суперкубок ойынын­да елордалықтар алматылық қонақтарды 3:0 есебімен жеңген еді. Араға ай салып қос ұжым қайта кездесіп, терезесі тең ойын көрсетті. Қазақстан премьер-лигасында хет-трик жасаған ең жас ойыншы Бахтиер Зайнутдинов бұл жолы да көзге түсті. Марин То­масов­тың пасын баспен қақпаға дәл бағыттаған жартылай қорғаушы есеп ашты. Алайда 20 минуттан соң Бауыржан Исламханның орнына алаңға алмасып кірген Андрей Ар­шавин кіре сала таразы басын теңестірді. Одан кейін де бірлі-жа­рым гол соғатын мүмкіндіктер бол­ғаны­мен, футболшылар қақпадан қиыс кетіп жатты. Қос лидердің тең тар­қас­қаны «Ордабасы» үшін жақсы жа­ңалық еді. Бірақ шымкенттіктер «Ақжайықтан» жеңіліп қалды.

«Ақжайық» алғашқы шабуыл­дарының бірінде есеп ашып, қарсы­ласының қателігін ұтымды пайдаланып кетті – Иван Антипов комдасын алға шығарды. Қазақстан жастар құрамасының ойыншысын Абдуллай Диакате шалып жығып, өз қақпасына пенальти алып келді. Айып добын Еркебұлан Нұрғалиев дәл орындап, есепті еселей түсті. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, бас төреші қақ­тығыстардың бірінде «Ордабасы» ойын­шысы Спахияны алаңнан қуды. 10 ойыншымен қалған шымкенттіктер бір гол соққанымен, алаң иелері тағы 2 гол салып, қорытынды нәтиже 4:1 есебін тіркеді.

«Астана» мен «Қайрат» ұпай бө­лісіп, «Ордабасы» жеңіліп қалған сәт­тен пайда шығарған жалғыз клуб бар. Ол – Қостанайдың «Тобылы». Сырт алаңда «Ақтөбені» 1:0 есебімен жеңіп кеткен Владимир Никитенко шәкірттері 12 ұпаймен турнир кесте­сінің 2-сатысына көтерілді. Өткен турда «Атырау» қақпасына 2 гол соққан Антон Шиндер біріншіліктегі кезекті голына қол жеткізді. Украина­лық қорғаушы қазір мергендер қата­рында жүр.

Премьер-лигаға араға 9 жыл са­лып қайта оралған Петропавл қала­сының «Қызылжар» командасы ал­ғашқы жеңісіне қол жеткізді. Олар өз алаңында «Жетісуды» Братислав Пуношевацтың соққан жалғыз голы­ның арқасында жеңіп кетті. Сер­биялық шабуылшы да биыл 3 гол соғып үлгерді.

Чемпионат басталғалы бері жеңіс­ дегеннің не екенін білмей келе жатқан «Қайсар» бұл жолы да «Ертіс­пен» тең ойнады. Сонымен қатар «Атырау» мен «Шахтер» арасындағы ойында да гол соғылған жоқ.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»