Аймақтар • 16 Сәуір, 2018

Риддер қаласы әкімінің орынбасары 19 жастағы жігітті қағып кетті

283 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, қайғылы оқиға 15 сәуір күні кешкі сағат 9 шамасында Айдарханов көшесінің бойында орын алған. 

Риддер қаласы әкімінің орынбасары 19 жастағы жігітті қағып кетті

«BMW X5» көлігін тізгіндеген азамат жол бойымен кетіп бара жатқан 1999 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. «Жаяу жүргінші жедел жәрдем көлігі жеткенше оқиға орнында қаза тапқан. Оқиғаны тексеру барысында 45 жастағы «BMW X5» көлігінің жүргізушісі Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев екендігі анықталды. Риддер қаласы ІІБ ҚР ҚК 345 бабының 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын бастады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жол-көлік оқиғасын тергеу ШҚО Ішкі істер департаменті бастығының тікелей бақылауына алынды» делінген департаментің баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.

Бүгін қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің аппарат басшысы Ринат Омаров Риддер қаласына арнайы барып, қала әкімімен бірге қайтыс болған жігіттің ата-анасына көңіл айтып шықты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер