Аймақтар • 17 Сәуір, 2018

Мәдени мұрасы мол Маңғыстау. Өңірде зерттеу жүргізетін археологтер жетіспейді

2065 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Маңғыстаудың арғы тарихы – мыңжылдықтар иірімі өз жұмбағын ішіне бүккен сыр сандық. Жазу болып хатталмаған тылсымға толы сол көмбені ашу – археология ғылымының, аңыз-деректерді сөйлету мен мифологиялық зерттеу-зерде­леудің міндеті. «Ашық аспан астындағы мұражай» атанған өлке бірінің шамасы келмеген тұсты екіншісі, үшіншісі толықтырып, кешенді-тұтас зерттеу жұмыстарын жүргізуге сұранып жатыр. 

Мәдени мұрасы мол Маңғыстау. Өңірде зерттеу жүргізетін археологтер жетіспейді

Алайда «Ұста пышаққа жарымайды» дегендей, бүгінгі таңда Маңғыстауда археолог маман жоқ, ал сайын даланың сырына қызығып келген археологтерге тиісті жағдай жасалмағандықтан, жайдақ жүріп жұмыс жасаудың қиын­дығына шыдамай кері кетуге мәжбүр болады. Көңілге көптен маза бермеген осы ойды зейнеткер ұстаз, өлкетанушы Мұрат Ақмырзаев та үнемі айтып келеді.

Жуырда Бозашы бойы­нан, нақтырақ айтсақ Шебір ауы­лынан қыш құ­мы­ра табылған еді. Бұл құмыра қай ғасырдың туындысы, Маң­ғыс­тауға бас­қа жақтан әкелінген бе, әлде осы жердің қолтаңбасы ма? Біз Мұрат Мұрзағалиұлымен әңгімемізді осыдан бастадық.

– Тұщықұдық, Шебірде «Жасыл әлем» деп аталатын таби­ғатты қорғау, құм көш­кінін тоқ­татумен айналысатын мекеме жұмыс жүргізуде. Шебір бө­лі­мінің қыз­меткерлері сексеуіл кө­шеттерін отырғызу ба­рысында құм қашып, ашылып қалған жер­ден құмыраның түбін көрген екен. Жігіттер оны ата-баба рухы ал­дындағы зор жауапкершілікпен  еппен қазып алып, құзырлы орындарға сол күні-ақ ха­барлап, жаңалық хабарды әлеуметтік же­лілерге жүктеді. Біз де кешікпей барып, құм астында қанша ғасыр жатқаны бел­гісіз баба мұраны көзімізбен көріп, қо­лымызбен ұстап, әсерлі күйге бөлендік. Құ­мыра өте таза сақталған, бүп-бүтін, тіпті бүгін­нің су жаңа мүл­кі тәрізді. Биіктігі 60 см, негіз­гі күпшегінің диаметрі 40 см ша­­масында, сыйымдылығы шамамен 30-35 литр сұйықтыққа арналған. Ұстайтын са­бы немесе құлағы болмағандықтан, ол тасы­малдайтын емес, сақтайтын ыдыс болды деп жорамалдаймыз. Суды немесе ішінде сақталған қандай да бір сұйық­тықты ағызатын ар­найы шүмектің орны бар. Құ­мыра бұл маңнан табылып тұр­ған жал­ғыз және алғашқы жә­дігер емес. Бұ­дан бұрын құм ара­сынан табылған осы тә­різді құ­мы­раның бірі Шебер мектебіне тап­сырылғанын білетінбіз. Ал осы ауылдарға жақын Қызан ауылының мектебінде 1978 жылы Жиделінің құмынан табылған сырты көк эмальмен күйдірілген құмыра сақ­­тау­лы.  «Жасыл әлем» бөлімшесі қыз­меткерлерінің ежелгі мұраға жанашыр көңілі бізді тәнті етті. Біздің ойымызша, бұл құмыралардың пішімі мен сызықтық өр­нектеу стильдерінің ұқсас­тығына қарай оты­рып,  олар­ды бір орталықта жасалды не­­месе бір шебердің үлгісі және ма­териал Маңғыстауда жеткілік­ті болғандықтан осы жерде жасалынған деп болжауға құқы­мыз бар, оны дәйектеуге жер­гі­лікті мұ­ражайларда сақталған құмыралардың төл­құжаттары мен зерттеуші экспедиция­лар есептеріне үңілу қажет.

Себебі олар­дың мөлшері керуенші ыдысы емес немесе сауда мүлкі деуге келмейді, отырықшы ел­дің қажетіне арналған. Құмыраның жасал­ған кезеңін, шамамен,  керамиканың кең та­раған кезеңі – орта ғасырлар деп болжай­мыз. Бірақ бұл нақты байлам емес, қай ғасырда, қай орында жасалғандығын ға­лымдардың эксперттік талқылауына ұсыну қажет. Сондай-ақ осы өңірлерден табылған тағы бір құнды айғақтың бірі  – қо­ла жәдігерлер.

– Табылған жебелер туралы не айтар едіңіз?

– Құмның сақтағыштық қасиетіне байланысты, жебелер өте жақсы күйде. Бұлардың жасалу мерзімі, болжам бойынша, біздің эрамызға дейінгі ғасырлардың үлесіне тиюі мүмкін. Олар табылған ай­мақ­та металл қорыту үрдісінде пайдаланы­латын флюс­тік минерал слюданың және балқыту кезінде түзілетін қождың, шала күй­дірілген кірпіштің қалдығының табылуы  бұл жерде шағын металлургиялық өн­діріс орны немесе балқыту орталығы бол­ған деген ойға жетелейді және мұндай материалдардың табылуы көзелердің де, жебелердің де бас­қа жақтан әкелінбей, сол жердің өзінде жасалғандығына сендіре түседі.

– Ендеше Маңғыстау жерінде өн­діріс ошақ­тары болған ғой...

– Ежелгі тарихи карталардың бірде-бі­рінде Маңғыстау аймағында өндіріс болды, қала болды дегендей еш мәлімет көр­сетілмеген ақтаңдақ күйінде тұр. Осы орайда, арғы қазақ (дейтүркі) мифо­логиясы ғылымының негізін салған ғалым Серікбол Қондыбайдың адамзат өркениеті дамуына Каспий-Арал аралығы қосқан ерек­ше үлесті – аңыз, әпсана, ертегі т.с.с. ауыз әдебиетімізде сақ­талған миф­тік кілт сөз­дерді реконструкциялау әдіснамасы нәти­жесінде – Маңғыстауда сақ­талған ежелгі заман топонимдерімен қатар, ме­таллургиялық терминологияның да сөз түбірлерінің (проформаларының) Маң­ғыстауда көбірек кездесетіндігін келтірген болатын. Міне, бүгінгі табылып отырған ар­тефактілер Серікбол тұжырымдарының ақи­қаттығын қуаттайтын деректер.  Ол болжам жасады, біз оған көне деректер арқылы көз жеткізе түсеміз. Ол «Арғы қазақ мифологиясының»  бірінші томында Маңғыстаудың тарихы 8 000-10 000 жыл­дардан бері қарай деп кезеңдерге бө­леді. Византия империясының императоры Константин Благородныйдың «Им­перияны билеу» деген кітабында бе­рілген картада Қара теңіздің бергі жағасы мен Каспий теңізі аралығында «Қазақия» деп жазылған. Демек қазақтың тарихы әрі­де десек, оның бір пұшпағы Каспий цир­кумының зерттеуден тыс қалған бөлігі Маң­ғыстау даласы – әлі ашылмаған арал, сы­рын ішіне бүккен сандық, өкініштісі  оны әр жерден қазір қолымызға түскен де­рек­терге қарап қана айта аламыз. Сон­дықтан оны ғылыми-тарихи тұрғыда терең зерттеп, талдап, тарихты тануды-танытуды қолға алатын кез келді. Мы­салы, Бозашы бойынан табылған бұл жәдігерлер – көлденеңі Дунайдан Бай­калға дейінгі, өрісі Бабыр өлкесінен тай­галық ормандарға дейінгі аралықтағы әрі­де скифтер дәуірінен, бе­ріде жауынгер жасақтар тегінің барлық таң­басы сақ­талған Маңғыстаудан  аттанып, Осман им­периясын құрған оғыздар дәуірінен жет­кен ата-баба мұрасы.  «Алтын төбе», «Алтын қазған», «Жездібас» топонимдері, металл өн­діруге қажет барлық минералдары бойын­дағы Қаратау – осы киелі өлкеде қыш ыдыстар, шақпақ тасты, қола, жез, те­мір қарулар жасайтын өркениеттің бір ор­­талығы Маңғыстау өңірі болды дегенге дәлел. Сондықтан бұл табылған дү­ниелер осы ойға бастамашы болып, өзінің баға жетпес еңбектерінде айтып кеткен мар­құм  Серікбол Қондыбай атын­дағы ме­мориалдық мұражайға қо­йылуы қажет деп есептейміз.

– Демек зерттеумен айналысатын ма­ман жоқ... Бірақ бұл – бүгін ғана емес, көптеген жылдардан бері айты­лып­ келе жатқан мәселе. Осы күнге дейін ше­ші­мін таппауына  не кедергі  – да­ланың «береріне» сенбеушілік пе, әлде бой­күйездік пе?

– Мен жергілікті археолог мамандар дайындау қажеттігі мәселесін он жыл­дан бері көтеріп келемін. Себебі аймақты зерттеушілердің көпшілігімен жүз таныспын, пікірлеспін. 1742 жылы Санкт-Петербург Кунсткамерасына бір­неше сандық Маңғыстаудың тас дәуірі жә­дігерлері жөнелтілген, қазір ізі жоқ. Се­бебі Маңғыстау аймағын ал­ғашқы зерт­теушілер негізінен орыс мис­сионерлері бол­ды. Олар үшін маң­ғыстаулық құнды артефактілерді жариялау – Маңғыстаудың неліктен киелі өлке деп аталатындығын мойындау болатын еді. Ал кеңестік ғы­лым Маңғыстауды надандық үлгісін ғана сақтаған көшпелі деп танығандықтан, бұл мәселелерді жасырып, жауып тастап, тіп­ті орманды дала аймағынан «тапқан» болып отырды. Бірақ дүние жүзі алтын іздеу­шілері – аңызға айналған ұлан-ғайыр Маң­ғыстаудың әрбір моласы мен әрбір обасын қопарып қазған, тапқанын иеленіп кет­кен. Күні бүгінге дейін «Алтын» және «Ай­даһар тісін» іздегендер маң далада өріп жүр. Бұл туралы жуырда ғана  «Егемен Қа­зақстан» газеті «Қара археологтерден қалай қорғанамыз?» деген мақаламен Маң­ғыстаудағы, тіпті еліміздегі өзекті мәселені орынды көтерді. Маңғыстауда қаз­ба жұмысын жүргізуге өзге елдерден ғылыми сұраныстар да аз емес. Ал Маңғыстаудан кездейсоқ табылған жәді­герлерге эксперттік баға беру үшін, олар­­ды нақты бағалауға «мүдделі емес» Ре­сей мамандары шақырылады. Өңірдегі жоға­ры оқу орны – Шахмардан Есенов атын­дағы Каспий мемлекеттік технология­лар және инжиниринг университетінен архео­логия бөлімі ашылғанымен, талапкерлер аз болды деген желеумен жабылып қал­ды. Шындығында себептің негізі баба мұрасын бағалай білетін жергілікті маман­дарға жағдай жасалмауы, оларды жұмыс көлеміне сай қаржыландырудың жоқ­тығынан туындап отыр.

– Бұл түйткілді мәселені қалай ше­шу­ге болады?

– Қазіргі заманда археологиялық, палео­географиялық, мұражай ісі маман­дық­тарына оқытуда республикалық, алыс-­жақын шет­ел­дік мамандарды тарту ешқандай қиын­дық келтірмейді. Мем­ле­кет басшысы міндеттеген «Рухани жаң­ғырудың» елі­міздің өткен өркениетін әлем­ге танытатын, бү­гінгі ғылыми қуа­тымызды баршаға мойындататын нақты, келелі, даусыз тетігі –  «Қолданбалы архео­логия» бағдарламасымен дуал­ды білім беру. Осы бастаманың ал­ғаш­қы легіне болашақ ұстаздар мен рес­публикалық немесе Каспий маңының ай­мақтық халықаралық археологиялық зерт­теу орталығы көшбасшылары бола­тын жергілікті жастарды тарту үшін,  2018-2019 оқу жылына әкім грантымен 20-25 талапкер тарту қажет. Бүгінгі ша­ғын жәдігерлердің өзі, халық сана­сында айтарлықтай қызығушылық пен түсінушілік туғызып, серпін беріп отыр. Демек халыққа керек деген сөз. «Темірді қызған кезде соғатын» дәстүр жалғасын табуы қажет. Әр ауылдан бір мұра табыла қалған жағдайда ол «ұстағанның қолында, тістегеннің аузын­да» кетпей, нақты мұ­рагер қолына түсіп, бір орталыққа жи­нақталар еді, зерттеліп,  ғылыми негізделер еді.  Осы­дан келіп өлкені танудың, тарихты­ танудың қадамдары бекемделер еді. Өкі­­нішке қарай бізде табылған талай дү­ние ел-жұрттың қолында жүр. Тауып ал­ғандар оны бағаламай ойыншық есебінде ба­лаларға берсе, жасы үлкендер нышан ретінде балалардың бесігіне немесе бас киіміне тағып қойған. Ал ол жәдігерлердің барлығын жинақтасақ, оның тұтас бір тарихи-мәдени үлгі  екендігі дәлелденер еді. Қаратаудағы жез балқытқан орындар, жер астындағы қалашықтардың орны өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Әрбір дерекке ол жай жебенің ұшы немесе көзе деп қарамай, өткен шақтың ұшығы, бізге ұстатып тұрған жіптің ұшы деп қарап, соны сарымайдан қыл суырғандай етіп аса мұ­қият зерттейтін уақытымыз келді деп есеп­теймін. Тұщықұдық, Шебір, Қызаннан табылған жәдігерлер арқылы уақыт бізге өзі ұран-белгі беріп жатқан сияқты се­зіледі және мұндай жәдігерлер тек осы өңір­лерден ғана емес, Маңғыстаудың бар­лық ауыл-аймағынан, ой мен қырдан «та­былыпты» деген хабарлар  естіліп қа­лып жатады. Бірақ онымен айналысып жат­қан орта жоқ, құнт жоқ, қадағалау жоқ, еш­кімде міндеттілік жоқ. 

– Бір сөзіңізде Серікбол Қонды­бай мен оның еңбегі туралы айтып қалдыңыз. Осы табылған арте­фак­тілермен Серік­бол еңбе­гін қалай байланыстырар еді­ңіз?

– Тығыз байланысты. Бір организмнің бірі жаны десек, бірі тәні – тарихи қаң­қасы деуге болатындай бір-біріне етене,­ бір-бірін толықтыру арқылы бір-бі­рін аша түсетін құбылыстар. Бұл, зерт­тей­ алсақ әлемдік тарихқа енетін үлкен ғы­лым. Маңғыстауда Еуразиядағы алғаш­қы қорған қала – Қызыл Үйік, Жібек жолы­ның Каспийдің шығысындағы ежелгі айлақ­тар – Айрақты, Қызыл қала, Кетік, Құ­рық, Кендірлі, т.с.с. белгілі деуге болады. Ал тас дәуірінің, қола дәуірінің құн­дылықтары арқылы  тарихты қайта қал­пына келтіруге, нақтырақ айтсақ «ұмыттырылған» өткенді тануға болады деп сеніммен айта аламыз. Серікбол Қондыбай арғықазақ мифіне реконструкция жасау барысында, лингвистикалық талдау арқылы түбі мен тілі бір түркі жұрты ғана емес, өз тамырын Алтайдан із­дейтін фин-угор, готтарды (гет, хет, хет­ти) құрметтейтін ағылшындар, қос өзен аралығы арийлерінен шежіре тарататын германдар тіліндегі ортақ тілдік ар­ғықазақтық іргетас-праформаларды тео­риялық тұрғыдан қалпына келтірді, ал бүгінгі жарыққа шығып отырған арте­фактілер – оның даусыз материалдық дәйегі.

...Серікбол қайтыс болған соң, ға­лымның бір конференциясына келген Қойшығара Салғараұлы Серікболдың кітап сөресіндегі «Қырымның қырық батыры» мен «Батырлар жыры» жинақ­тарын сыртынан сипап тұрып «қанша байлық осының ішінде жатқанын осы күнге дейін түсінбеппіз ғой» деген еді.­ Көне жыр, ертегі, аңыздардағы  бай­лық, топонимдер, адам есімдері, біздер еш­­кім түсінбейді деп бөліп тастап жүрген «ар­­хаизм­дер» Серікбол үшін тарихты қал­­пына келтіруге, лингвистикалық сараптаулар арқылы арғықазақ мифологиясын реконструкциялауға теориялық негіз болса, аяғымыздың астында жатқан көзе сынықтары, даладан табылған «тас және қола дәуірінен» жеткен дүниелер –  сол теориялардың заттай айғағы, бірін-бірі толықтырып тұр. «Рухани жаңғыру» ірге­тасына оралу үшін, археологиялық зерттеу­­лер кешенін дамыту қажет. Бұл ұсыныс оң шешімге ие болып, нақты іске асса, өлке үшін, жастар үшін, келешек үшін сауапты да нәтижелі әрекет болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы