Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Астанада латын қарпіне негізделген қазақ тілінде жазудың ережелері бойынша семинар өтіп жатыр

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселелеріне арналған біліктілікті арттыру курстары жалғасуда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Астанада латын қарпіне негізделген қазақ тілінде жазудың ережелері бойынша семинар өтіп жатыр

Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатыр. 16-18 сәуір аралығында жоғары және орта кәсіби оқу орындарының мұғалімдері, елорда мектептерінің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері латын қарпіне негізделген қазақ тілінде жазудың ережелері, шетел сөздерін жазу ержелері бойынша дәріс алады.

Бүгін «Іскер» бизнес орталығындағы дәрісте Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев болып қайтты.

Оның айтуына қарағанда, мұндай курстар тұрақты түрде жүргізілмек.

«Біз мұндай дәрістермен қаланың барлық мұғалімдерін қамтитын боламыз. Оқыту 3 кезеңнен тұрады. Әрине, оңай болмасы анық. Уақыт өте келе латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасына қоғам үйреніп кетеді деп ойлаймын. Біздің басты мақсатымыз – қоғамды әліпбидің жаңа нұсқасымен таныстырып қана қоймай, дұрыс жазуды үйрету», - деп атап өтті әкімнің орынбасары.

Айта кетейік, дәрісті Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбеков, С. Демирел атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова мен Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов оқиды.

Шара тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының мұрындық болуымен өтті. Курстың қорытындысы бойынша елорданың жоғарғы оқу орындары мен колледждерінің, мектептерінің мұғалімдеріне біліктілікті арттыру курстарынан өткендігі жөніндегі сертификаттар табысталады.