Аймақтар • 17 Сәуір, 2018

Солтүстік Қазақстанда мектеп оқушыларының форумы өтті

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

"Бабадан қалған мұраны мұражай сақтап тұрады". Облыс мектеп оқушыларының тұңғыш форумы осылай аталды.

Солтүстік Қазақстанда мектеп оқушыларының форумы өтті

Шара "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Тәрбие және білім" жобасы аясында ұйымдастырылды. Жиын «Мұражай– арман шырағы, білімнің кәусар бұлағы» атты экспозиция және оқыту-тәрбие бағытында қолданылатын жәдігерлер көрмесімен ашылды. Білім ошақтарындағы музейлерде сақтаулы тұрған экспонаттар көпшілік назарына ұсынылды. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген ұл-қыздар тарихи маңызы ерекше жәдігерлер жайлы жан-жақты мағлұматтар берді. Есіл ауданы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің шәкірттері  құнды дүниелерді мұғалімдерімен бірге дайындапты. Ақ самауыр, шоқпар мен ат әбзелдерін аудан тұрғындарынан жинастырыпты. Киіз үйдің жабдықтары да әсемдігімен көз тартады.

Бұдан кейін форум «Қазақстан–Мәңгілік Ел!» хореграфиялық-композициялық шарасына жалғасып, рухты көтеретін шығармашылық көріністер қойылды. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Мектеп оқушыларының бойына ұлттық құндылықтарымызды, отаншылдық қасиеттерді ұялатуда мектептерде жұмыс істейтін мұражайлардың  рөлі айрықша. Бұл жөнінде білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова баяндап берді.

Былтыр 30 мың ұл-қыз экскурсияға шығып, еліміздің тарихи жерлерін  аралап қайтыпты.

«Киелі жерлер картасына өңірден 19 нысан еніп отыр. Олардың алтауы республикалық маңызға ие. Оқушылардың қатысуымен облыс өміріне қатысты көптеген  құжаттар табылды. Жаз айларында археологиялық ескерткіштерге барып қазба істерімен де айналысады. «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде 126 шара өтті. Қазір білім ошақтарында 220 мұражай орналасқан», дейді»Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсенің меңгерушісі  Жанар Таласпаева.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»