Күрес • 18 Сәуір, 2018

Қазақ еркін кү­ресін өрге сүйреген спортшы - Әбілсейіт Айханов

1194 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтың даңқты балуаны, Алаш жұртының мақтанышы Әбілсейіт Айхановтың өмірден озғанына да екі жылдан асты. Бауыры ыстық боз кілемде талай жылдар тер төккен нар тұлғалы бұл азаматтың жү­ріп өткен жолы барша жан­күйер­лердің жадында. Егер көзі тірі болғанда Қазақ елі еркін кү­ресін өрге сүйреген әйгілі спортшы, абыз ақсақал 80 жасқа толатын еді...

Қазақ еркін кү­ресін өрге сүйреген спортшы - Әбілсейіт Айханов

Әбілсейіт Айханов 1938 жылдың 15 сәуірінде Алматы облысы, Сарқан ауданында дүниеге келді. 1957 жылы Алматыдағы Дене шынықтыру инс­титутына оқуға түсіп, шаңғы бө­ліміне қабылданды. Десек те жас ж­ігіттің аңсары балуандық өнерге ауып, ол еркін күрестің қыр-сырын меңгеруге ерекше құлшыныспен кірісті. Күрес үйірмесіне кештеу келгеніне қарамастан, Қабден Бай­досов пен Петр Матущак сынды майталман мамандардың қол астында жаттыққан спортшының шеберлігі шыңдала түсті. Бойы 192 сантиметр, салмағы 75 келіден асатын балуанның спорттық карьерасы жарты­лай ауыр салмақтан басталса, бірер жыл өткеннен соң Айханов алыптармен айқасты.

Дарынды әрі жалынды жігіт көп кешікпей республикамыздың бет­кеұстар балуанына айналды. Қарсы келгендердің барлығын қоға­дай жапырған ол Одақ деңгейіндегі додаларда дараланды. 1962 жы­лы Ригада Әбілсейіт КСРО чемпио­на­тының күміс медалін иеленсе, 1963 жылы Мәскеуде Одақтың теңдессіз балуаны атануымен қатар, КСРО халықтары Спартакиадасының бас жүлдесін олжалады. Сонымен қатар АҚШ, Аустралия, Аустрия, Англия, Ауғанстан, Германия, Грекия, Голландия, Жапония, Иран, Моң­ғолия, Түркия, Чехословакия және Үндістанда өткен халықаралық турнирлерде топ жарды. 

Өзінің спорттық ғұмырында Ай­ханов үш дүркін Олимпия ойын­дарының жеңімпазы Александр Мед­ведь, Олимпиада чемпионы Алек­сандр Иваницкий және де сол за­мандағы белді балуандардың барлығын жеңген. Бірақ іштарлық та­нытқан КСРО құрамасының бап­керлері қандасымызды не Олим­пиадаға, не әлем чемпионатына апар­мады. Дүбірлі додаларда үнемі Мед­ведь пен Иваницкий күресетін. Ал қазақтың нар тұлғалы азаматы үнемі елде қалып қоя берді. 

Әбілсейіт ағамыз айтатын:

– Егер маған мүмкіндік берілгенде, Олим­пиаданы да, әлем чемпионатын да ұтатын едім. Бірақ бапкерлердің таң­дауы үнемі өзгелерге түсетін. Аты аңызға айналған Александр Мед­ведьтен мерейім үстем болғанына сан мың жанкүйер куә. Алғаш рет екеу­міздің жолымыз Минскіде қиыс­ты. Ол ашық айқасқа барудан жүрек­сініп, 10 минут бойы қашып жүрді. Алайда төреші Медведьтің қолын көтерді. 1962 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында бапкерлер екеу­мізді бетпе-бет кездестірді. Бұл белдесуде де тас-талқанын шы­ғар­дым. Сол секілді басқа да мүйіз­дері қарағайдай балуандарға бет қар­атпадым. Мәселен, Александр Иваниц­кийді Бакуде өткен КСРО-ның командалық біріншілігінде таза ұт­тым. Бірақ бәрібір Мәскеу білгенін істеді. Бұл тек менің басымнан өт­кен жағдай ғана емес. Сол кездегі қа­зақ­тың мықты балуандарының бар­лығы да байрақты бәсекелерден шет­тетіліп жүрді. Өзімнің ауылдасым, інім әрі шәкіртім Аманжол Бұғыбаев та Одақ көлеміндегі жарыстарда қарсылас шыдатпағанымен, Олимпия ойындары және әлем чемпионатына бірде-бір рет қатыспады. 

Қазақстан спортын ұзақ жылдар басқарған атақты бапкер, бел­гілі қоғам қайраткері Темірхан Дос­мұ­хам­бетов «Әлем мойындаған Ай­ханов» атты мақаласында кейіп­керімізді былай деп суреттейді: «Бір ғажабы, Әбілсейіт Айханов бұл мықтылардың әрқайсысын әртүрлі әдіспен жеңіпті. Бұл қазақ батырының балуандық диапазонының кеңді­гін, творчестволық қуатының биікті­гін байқатады. Айхановтың бір ерек­­шелігі, қарсыластарының күш­­ті, осал жақтарын терең таразы­лап, салмақтап, талдап барып кілемге шығады екен. Яғни Айханов тек құрғақ күштің балуаны емес, оңды-солын байыптап, ақыл-ойын алға салып күресетін біртуар тұлға. Әбе­кең спортшы кезінде күнделік жа­зуға қатты мән беріпті. Күнделікке жең­ген, жеңілген белдесулерін қал­дырмай, тәптіштеп жазып отырады екен. Айхановтың жадының мықты екенін әңгіме басында айттық. Ол кісі әлі күнге дейін осыдан 45-50 жыл бұрынғы белдесулерін талдап, таразылап отырады. Жасы жетпістен асқан адамның жарты ғасыр бұ­рынғы оқиғаларды қаз-қалпында әңгімелеуі де үлгі алатын жағдай. Әбілсейіт Айханов еркін күресте ғана олжалы болған жоқ. Моңғолдың ұлттық күресінен осы елдің небір алыптарынан басым түсіп, бас бәйге алды. Айхановтан таза жеңілген балуандардың қатарында ұлттық күрестен Моңғолияның бірнеше дүркін абсолютті чемпионы, отан­дастары «жығылмайтын алып» деп атаған Тувтендорждың болғанын оқырманның есіне сала кеткенді жөн көрдік. Әбілсейіттің сол сапардағы же­ңісі сондағы қазақ бауырларды керемет қуанышқа бөледі. Моңғол жанкүйерлері де қазақ балуанының тамаша өнеріне сүйсініп, Айхановты құттықтау үшін кілемге шығып кеткен екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Айханов қазақ халқының Қажымұқан, Балуан Шолақ, Молда­бай сынды алыптарының ізін басқан ерен тұлға».

Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Әбілсейіт ағамыз түрлі кәсіп­тің тұтқасын ұстады. Бірер жыл спорттың төңірегінде жүрді. Қызме­тінен айырылған кезі де жоқ емес. Ең бастысы, ол өзінің жалындап тұр­ған жастық шағын арнаған салаға әркез адал болды. Ұлттық мүдде мен ел спорты жайында әңгіме қоз­ғалғанда басшылардан бастап, бас­қаларға да өз ойын ашық айтты. Еш­­кімнің дәрежесі мен қызметіне қара­ған жоқ. Ешкімнің алдында жал­ған сөйлемеді. Қазақстандағы еркін күрес өнерінің ертеңі үшін қат­ты алаңдады. Келімсектерді ша­қырып, арзан абыройға кенелуді кәсіп­ке айналдырған дөкейлер мен бап­керлерді сын садағына алды. Өзінің сол турашылдығы және тік мінезінің сал­дарынан Әбекең талай адамға жақ­пады.
Әбілсейіт ағамыз айтатын: 

– Қазақ­тың өрендерін қай спорт­қа сал­саң да, дара талантымен оқшау­ланып, топ жаруға олардың күш-жігері мен қарым-қабілеті толық же­теді. Оған еш­кімнің күмәні болмауға тиіс. Әсі­ресе ауыл жастарына барын­ша көңіл бөлініп, қажетті жағдай жасалса, осы күнге дейін көптеген биік белестерді бағындыратынымыз анық еді. Бірақ қазіргі бапкерлердің көбі шетелден дайын спортшыларды шақыртуға құмар. Талай жылдар бойы аннан-мыннан келген легионерлердің легі әлі де үзілетін емес. Осылайша ма­ман­дарымыздың дені түк еңбек етпей, оңай олжаға кенелуді көздейді. Осы жағдай мені қынжылтады. Үн­­демейін десең, кеу­дені намыс кер­нейді. Қаның қыз-қыз қайнайды. Өзі­міздің өр мінез­ді ұлдарымыз тұр­ғанда, өзгеге неге жалтақтай береміз? Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады? Әлде барлығының да құлқын тескен – арзан абырой мен қалтаның қамы ма? Бәріміз сол жолды таңдасақ, ертеңіміз не болмақ? Сонда ұлттық мүдде мен ел намысын кім ойлайды? Жатқан, тұрған сайын осы сұраққа жауап таппай қиналамын! 

Кеңес Одағы дәуірінде көп қысым көріп, талай қитұрқы әрекеттер мен сан алуан әділетсіздіктің азабын мо­лы­нан тартқан ағамыз әркез осылай қынжылатын. Тек өзінің басынан өт­кен оқиғаларды баяндап қана қой­май, «Қазақстанда еркін күрестің көсегесін қалай көгертуге болады?» деп үнемі толғанып отыратын. Мі­не, Алаш жұртының мақтанышы Әбіл­сейіт Айханов осындай азамат еді...

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»