Қазақстан • 18 Сәуір, 2018

Аударма жұ­мыс­тары ғылыми ізде­ніс­терге көмек береді - Ботагөз Паридинова

506 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламалық ма­қаласында айтылған барлық бас­та­малар зиялы қауым, ғылым, мәде­ни­ет, бизнес салалары өкілдері, елі­міз­­дің белсенді азаматтары арасында кең қолдау тапты. 

Аударма жұ­мыс­тары ғылыми ізде­ніс­терге көмек береді - Ботагөз Паридинова

Қысқа мерзім ішін­де таяу жылдарда атқарылатын мін­деттерді жүзеге асырудың тиімді жол­дары әзірленді. Отандастарымыз бағ­дарламаны жаһандану процестері шарт­тарында сананы жаңғырту арқылы өт­кенді білу, бүгінмен өмір сүру және бо­лашақтың сын-тегеуріндеріне төтеп бе­ре алу деп түсінді.

Өткен жылы құрылған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жү­зеге асырып жатқан «Жаңа гума­ни­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы тарих, саясатта­ну, әлеуметтану, философия, психо­ло­­гия, мәдениеттану және филология ғы­­лымдары бойынша студенттерге то­лыққанды білім беруге қажетті бар­лық жағдайды жасайды. Жақында ға­на фи­лософия, əлеуметтану, психоло­гия, тіл білімі, антропология мен дін­тану, жур­­­налистика, экономика мен кə­сіп­кер­лік салаларын қамтитын алғаш­қы 18 оқулықтың жарыққа шығуы осы ша­ра­ның бастауы болды.

Философия, антропология мен дін­тану салалары бойынша аударылған кі­тап авторлары әлемдік деңгейдегі бе­делді ғалымдар. Мәселен, француз жа­зушысы және әлеуметтанушысы Реми Хесс Париж университетіндегі қызметінде 80-ге жуық докторлық диссертацияға жетекшілік жасаған екен. Бүгінде шәкірттерінің көпшілігі әлемнің 15 еліндегі беделді университеттердің профессорлары болып табылады. «Философияның таңдаулы 25 кітабы» еңбегінде Платон мен Аристотельден бастап А. Бергсон мен М. Хайдеггерге дейін айтылады.

Дерек Джонстон Ирландиядағы Мид­лтон колледжінің проректоры бол­ған. Аталған оқу орнында 30 жылдан астам еңбек еткен. «Философияның қыс­қаша тарихы» атты кітапта филосо­фия ғылымдарының дамуына ерекше үлес қосқан Сократ және Платон, Арис­тотель, Эпикур мен Зенон, Ф. Ак­вин­ский, Р. Декарт, Дж. Локк пен Мон­тескье, Б. Спиноза, Д. Юм, И. Кант, К. Маркс, Ф. Ницше, Л. Витгенштейн, М. Хайдеггер, Ж-П. Сартр, Ж. Деррида сынды танымал философтар туралы баяндалады. Әрбір бөлімде ойшылдардың қысқаша өмір жолы мен олардың негізгі идеялары ұсынылады.

Энтони Кенни ағылшынның танымал философ ғалымы. 1989-1993 жыл­дары Британ академиясының пре­зи­денті болған. 1961 жылы Оксфорд уни­верситетінде философия докторы дәрежесін иеленсе, 1980 жылы әде­би­ет докторы, 1987 жылы азаматтық құ­қық докторы дәрежелерін иеленген. «Ба­тыс философиясының жаңа тарихы» атты төрт бөлімді еңбегінің алғашқы екі бөлімі аударылып отыр. Жалпы, ғалымның бұл еңбектері философия тарихы бойынша беделді басылымдар бо­луымен қатар, философияның негізгі бөлім­деріне кіріспе бағыттар беруге мүм­кіндігі мол.

Карен Армстронг салыстырмалы дінтану саласындағы танымал британдық дінтанушы, философ әрі публицист. Медиа саласындағы жұмыстары үшін Мұсылман қоғамдық-саяси кеңесінің сыйақысын алған. Рузвельт институ­ты, TED конференциясы, Тюбинг уни­вер­ситеті жүлделерінің иегері. Со­ны­мен қатар Астон университеті, Сент-Эндрюс университеті, Макгилла уни­вер­ситетінің құрметті ғылым докторы. «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты еңбектен бірнеше сауалдарға жауап алуға болады: жалғыз Құдай ұғымы адамзат түйсігінде қайдан пайда болды; адамның Құдай туралы түсініктері қалай өзгеріп отырды; Жаратушы иудаизм, христиандық және исламның қандай келбеттерін белгіледі; осы үш әлемдік діндер бір-біріне қалай әсер етеді. 

Алан Барнард антропология тарихы, әлеуметтік антропология және салыс­тырмалы этнология салаларының танымал өкілдерінің бірі. 1978 жылдан бас­тап Эдинбург университетінде қызмет ат­қарады. 2010 жылдан бастап Британ ака­демиясының мүшесі. «Антропология тарихы мен теориясы» атты еңбекте автор мәселе бойынша қалыптасқан теориялар мен мектептер көзқарастарын жүйелейді. Ғалым тек жүйелеп қана қой­май, берілген теорияларға өзіндік бағасын ұсынады.

Жалпы, осы жылы жарық көрген 18 оқулықтың алдағы уақытта жаңа гуманитарлық білім берудегі жемісін кө­ретіндігіміз анық. Бұл аударма жұ­мыс­тары тек студенттер қауымына ға­на емес, ғалымдардың ғылыми ізде­ніс­теріне көмек беретіндігіне сенеміз. 

Ботагөз ПАРИДИНОВА,
 философия магистрі 
«Болашақ» университеті колледжінің директоры 

Қызылорда қаласы

Соңғы жаңалықтар