Қазақстан • 19 Сәуір, 2018

«2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына енгізілген түзетулер мақұлданды

250 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген түзетулер мақұлданды.

«2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына енгізілген түзетулер мақұлданды

Үш жылдың басты қаржылық құжатындағы өзгерістерді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев таныстырды. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдаулары мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға бағытталған.

Басымдық – әлеуметтік салада

Ел бюджетінің 44,1 пайызы әлеуметтік саланың қажеттіліктеріне жұмсалмақ. Демек, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері мызғымайды. Бұл саланың еншісіне 4 трлн 254 млрд теңге бөлінген.

Оның ішінде мұғалімдерге жаңа талап бойынша жалақы төлеуге, Назарбаев Уни­верситетін дамытуға, сондай-ақ Президенттің бес әлеуметтік бастамасының аясында тех­никалық мамандықтар бойынша гранттарды көбейтуге қомақты қаржы қарастырылған.

Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру, жергілікті жолдарды жөндеп, халықты сапалы ауыз сумен қамтудың есептік жоспары да қаржылық құжаттың шығыс бөлігіне енгізілген.

Сондай-ақ бюджетте агроөнеркәсіп кешені мен аграрлық ғылымды дамытуға 15 млрд теңге қаралған.

Сонымен қатар маңызды салалардың қатарында күштік құрылымдардың қыз­мет­керлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге,  мемлекеттің маңыз беретін салаларының бірі ретінде еліміздің киберқорғаныс жүйесін бекемдеуге бөлінетін қаржының айтарлықтай өскендігін атап өтуге болады.

Жалпы, қаржылық құжат нақтыланған конвервативтік макроэкономикалық бол­жам­ның негізінде әзірленген.

Бекітілген бюджет кірістерінде салық­тарды арттыру жобасын іске асыру бойынша жоспарлар есепке алынған.

– Шығыстарды 3 негізгі бағыт бойынша бөлу ұсынылады. Біріншіден, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауларын іске асыруға 293 млрд теңге көзделеді. Екіншіден, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға 25 млрд теңге бөлінеді. Үшіншіден, бұрын қабылданған міндеттемелерді іске асыруға 99 млрд теңге бағыттау ұсынылады, – деді Бақыт Сұлтанов.

Осы жоспарлардың маңызды элементі бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету болып отыр. Мәселен, 2017 жылы тексерістер саны 45 пайызға қысқартылған. Бұл жұмыста ақпараттық технологияларды енгізуге екпін жасалған. Мысалы, өткен жылдың үшінші тоқсанынан және ағымдағы жылдың 1 сәуірінен «Астана-1» ақпараттық жүйесінің транзит, экспорт және импорт бойынша кеден органдарының бизнес процестерін автоматтандыратын және электронды декларациялауды енгізетін модульдер іске қосылды. Нәтижесінде, кедендік тазартудың орташа уақыты 105 минуттан 7-15 минутқа дейін қысқартылды.

Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз баяндамасында Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайтындығын атап өтті. Оның айтуынша, мұнайдың әлемдік бағасының ұлғаюы және экономиканың өсімі есебінен экспорт 54 млрд долларға дейін, импорт 34 млрд долларға дейін артады. Инфляция бекітілген 5-7 пайыз дәлізінде сақталады.

Талдау талас тудырды

Бюджет жобасына байланысты сауал­дарға кезек жеткен кезде депутаттар қарап қалмады. Мәселен, Наталья Жұмаділдаева нақтыланған бюджет жобасында Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік зерттеу­лерге қосымша 800 млн теңгеге сұраныс беруіне байланысты таңданысын жасырған жоқ. Өйткені бұдан бұрын бекітілген бюджетте аталған министрлікте дәл осы талдау-зерттеу­лерге 460 млн теңге бөлінген. Осыған орай депутат бас-аяғы 1 млрд 300 млн теңгені тек зерттеулерге бөлу қандай қажеттіліктен туындағандығын түсіндіріп беруді сұрады. «Елімізде үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер жойылып бітті ме? Мұғалімдерге қосымша жалақы төлеуге қаржы жеткілікті ме? Неге осы талдауларға миллиардтаған қаржы бөлініп отыр?» деген сауалдарға Білім және ғылым министрінің жауабы дайын екен.

– Бізде үш ауысымды мектептер де, апаттық жағдайдағы мектептер де бар. Мұғалімдерге жалақы төлеуге де қаражат жеткілікті. Ал әлеуметтік зерттеулер негізгі үш бағыттағы жұмыстарымыз бойынша қажет. Біріншісі, латын әліпбиіне көшу жағдайында ғылымға негізделген нақты талдау қажет. Екіншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижелерін осы әлеуметтік зерттеулер арқылы біліп отыруымыз керек. Үшіншіден, білім мен ғылымның сапасы, қолымыз жеткен жетістіктер де талдаулар арқылы анықталады, – деді Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Білім және ғылым министрінің дәйектеріне көңілі толмай, аталған мәселені нақты мәліметтермен толықтыра түсті. Оның айтуынша, елімізде апаттық жағдайдағы – 45, үш ауысыммен оқытатын 127 мектеп жұмыс істеп тұр. Сондықтан қаржы бөлуде басымдықтарды бағалау керек. Ал 2018 жылғы бюджет бойынша 17 мемлекеттік орган осындай әлеуметтік талдауларға 7,2 млрд теңге жұмсамақ.

– Министр өзінің дәлелдерін келтіруге тырысты. Мысалы, мына мәселеге назар аударайық. Республикалық бюджеттен мүгедектерді бағып-қағып отырған аза­мат­тарға жәрдемақы төлеу үшін 2,7 млрд теңге қарастырылған. Ал көктемгі су тасқынына байланысты Ішкі істер министрлігіне 1,6 млрд теңге қаралған. Сонда әлеуметтік талдау­лар төтенше оқиғалардан да маңызды болып отыр ма? – деді Мәжіліс Төрағасы.

Н.Нығматулиннің айтуынша, өткен жыл­дың бюджеті бойынша да  Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік зерттеулерге тап­сырысы үшін осындай көлемде қаражат бөлін­ген. Алайда, нәтижесі неғайбыл және нақты қорытынды бермейтін жобаларды қар­жы­ландыру мәселесі тексерісті қажет етеді.

Мәжіліс Төрағасы осы орайда Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне аталған мәселеге назар аударып, қорытынды жасауды тапсыр­ды.

Ғарыштан түсірілген суреттер неге сапасыз?

Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Үкімет мүшелері депутаттардың бюджетке енгізілген өзгерістеріне байланысты сауал­дарына жауап берді. Мәселен, Сергей Звольс­кий өз сауалында Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрілігі тарапынан отандық жер серіктері арқылы жер бе­тін зондтау арқылы түсірілген суреттердің са­пасына байланысты мәселе көтерді. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің егістік алқаптарын суретке түсіруге бағытталған тапсырыстары күні бүгінге дейін тиісті деңгейде орындалмағандығын жеткізді. Атап айтқанда, ғарыштан түсірілген суреттердің 75 пайызы сапасыздықтан кәдеге аспай қалған. Демек, қаржы бөлінгенімен, ол қаражат желге ұшқандай болып отыр. Жел демекші, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов аталған сәтсіздікті ауа райының қолайсыздығына телімек болғанымен, Мәжіліс Төрағасы бұған қатысты да сын айтты. Нұрлан Нығматулин тапсырыс сапалы орындалмаған күнде шетелдік ғарыш агенттіктеріне жүгінуге тура келетіндігін ескертті.

Жалпы, Мәжіліс депутаттары өзгертулер енгізілген бюджетке байланысты өңірлерде кезіккен өзге де мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ орталық атқарушы органдарға депутаттық сауалдарын жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»