Аймақтар • 19 Сәуір, 2018

Батыс Қазақстанда Ассамблеяның бастамасымен «National bookdating» акциясы өтті

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «National bookdating» акциясы өтті.

Батыс Қазақстанда Ассамблеяның бастамасымен «National bookdating» акциясы өтті

Бұл «Жаңа гуманитарлық білім» және «100 жаңа оқулық» жобасына жастардың назарын аударту, мемлекеттік тілге аударылған әлемдік деңгейдегі бестселлер атанған оқу құралдары мен оқулықтарды таныту мақсатында өткізілген шара.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде гуманитарлық білім және әлеуметтік-экономикалық салада 18 әлемдік оқулық мемлекеттік тілге аударылғаны белгілі. Бұл еңбектер əлемнің 42 елінде, 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан екен. Енді міне, сол мақтаулы оқулықтар қазақ оқырмандарының да қолына тиді. Жақын күндері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті кітапханасына да бұл кітаптар келіп, студенттердің игілігіне айналады.

Акция барысында Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, университеттің профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Венера Есенғалиева, экономика және менеджмент кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Жанар Ержанова мемлекеттік тілге аударылған кітаптар мен оқулықтар туралы баяндады. Университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов мемлекеттік тілге аударылған оқулықтар отандық ғылымның дамуына жəне білім беру ісінің одан əрі жетілуіне үлкен үлес қосатынын атап өтті.

- Елбасымыз Н. Назарбаевтың әр бастамасы жастарды дамытуға, қолдауға бағытталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген жаңа кітаптар – жастарға жасалған қамқорлықтың бірі деп білемін. Мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату – əлемде баламасы жоқ тəжірибе деп ойлаймын, - деді БЭК-21 тобының студенті, болашақ экономист Бағдат Серікбаева.

Ғайса Қапақовтың айтуынша, жаңа оқулықтардың әрқайсысы 10 мың тиражбен басылып, еліміздегі барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарына тегін таратылады. Сөйтіп, жаз бойы ЖОО оқытушылары жаңа еңбектермен танысып, қаруланады. Осылайша 2018 жылы қыркүйек айында жаңа оқу жылынан оқу үдерісіне толық енгізіледі. Тағы бір айта кететін жәйт, бұл аударма кітаптар Ұлттық аударма бюросының сайтында да жарияланбақ. Яғни, «100 жаңа оқулық» бағдарламасының игілігін кез келген адам көре алады.

– Бұл бағдарлама тоқтамайды. Биылдың өзінде батыс философиясының тарихы, лингвистика, семиотика, жаңа педагогика, халықаралық құқық, дипломатия, журналистика, өнер тарихы бойынша тағы 30 кітап пен оқулық өзге тілдерден аударылады, - дейді Ғ айса Хамедоллаұлы.

– Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» еңбегі өте қызықты. Философия сынды күрделі пәнді өте қызықты әрі тартымды етіп түсіндірген тамаша еңбек. Бұл шығарма студенттер мен жасөспірімдер үшін өте қызықты деп ойлаймын. Мұнда Сократтан Дерридке дейінгі әлемнің ең мықты 18 ойшылының өмірбаяны мен негізгі еңбектері берілген. Дерек Джонстон философия тарихын қарапайым тілмен қызықты етіп жеткізе білген. Немесе Карен Армстронгтың «Құдай тарихы» кітабын алайық. Бұл еңбекте автор Ибраһим пайғамбардың заманынан күні бүгінге дейін ерлер мен әйелдердің Құдай тағала туралы таным-түсінігі қандай болғанын талдайды. Айта кетейін, бұл кітап әлем бойынша 700 мың тиражбен тараған, – дейді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Венера Есенғалиева.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы

Суретті түсірген Қаракөзайым Кенжина