Қазақстан • 20 Сәуір, 2018

Көктемгі егіс. Өңірлердегі жұмыс қарқыны қалай?

1102 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде көктемгі егіс жұмыстары да басталып кетті. Әдеттегідей, биылғы жылы да егіншілердің алды болып дала төсіне Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары шықты.

Көктемгі егіс. Өңірлердегі жұмыс қарқыны қалай?

Қолымыздағы мәліметтерге қа­ра­ғанда, бұл облыстың шаруа­лары 10 сәуір­ге дейін 25,6 мың гектар жерге жаз­дық арпа, 28,3 мың гектарға жоңыш­қа, 43,4 мың гектарға мақсары, 7,2 мың гектарға картоп, 14,8 мың гек­тарға көкөніс, 11,4 мың гектарға бақша өнімдерін егіп үлгерген. Қазір бұл жұмыстар одан әрі қызу жалғасуда. 

Облыстық ауыл ша­руа­­шылығы бас­қармасы маман­дарының айтуына қар­а­ғанда, көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде атқаруға облыс­та толық мүмкіндік бар. Олар­дың айтуынша, биылғы жылы 833,1 мың гектар жерге ауыл­ша­руашылық дақылдары отыр­­ғы­зылмақ. Бұл – өткен жыл­ғыдан 6,8 мың гектар артық. Сөй­­тіп биылғы жылы бұл облыс­­та арпа 42 мың гектарға, май­лы да­қылдар – 116,5 мың гек­тар, дәндік жү­гері – 54 мың гек­тар, мақта – 105 мың гек­тар, кө­көніс, бақша, картоп – 117,5 мың гектар, малазықтық да­қыл­­дар 237,8 мың гектар жерге отыр­ғы­зылады деп жоспар­лан­ған.
Оңтүстікқазақстандық ди­­қан­­дар соңы­нан ілесе Алма­ты, Жам­был, Қы­зыл­­орда об­лыс­­та­ры­­ның шаруалары да іске кіріс­ті. 

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің мәліметтеріне қа­рағанда, жалпы елі­міздің оңтүстік өңірлерінде 16 сәуірге дейін 180,2 мың гектар жерге жаздық ас­тық тұқымы себілді. Бұл жоспардың 41 пайызы жүзеге асқандығын көрсетеді.

Мұның сыртында Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында 27,2 мың гектар жерге майлы дақылдар егу жұ­мыс­тары жүзеге асырылуда.
Наурыз айының 19-ы күні Үкіметте көктемгі егіске әзір­лік жұмыстарының барысы қаралған болатын. Осы мә­се­ле бойынша баяндама жаса­ған Ауыл шаруашылығы минис­трі­нің орынбасары Арман Ев­ниев, алдын ала жиналған дерек­терге сәйкес, 2018 жылы егіс алқаптарының көлемі еліміз бо­йынша 21,8 млн гектардан асып жығылатындығын айтқан еді.

«Дәнді дақылдарды 14,7 млн гектар алқапқа, оның ішінде бидайды 11,4 млн гектар жерге егу жоспарланып отыр. Мал азығы дақылдары 2,5 млн гектардан астам жерге егіледі. Бұл – өткен жылғыдан 49 мың гектарға артық. Майлы дақылдарға 2,6 млн гектар жер бөлінеді. Кар­топ егістігінің көлемі өткен жыл­ғыдан 15 пайызға артатын болады», деген еді А. Евниев. Сондай-ақ ол биылғы жылдың егініне 2,6 млн тонна тұқым дайын­далғанын айтты.

Облыстар әкімдіктерінің мәліметтері бойынша, 1 нау­рыздағы жағдайға сәйкес осы жылдың көктемгі егіс жұ­мыс­тарын жүргізуге тракторлардың дайындығы – 87 пайызды, егіс кешендерінің әзірлігі – 100 пайызды, тұқым сепкіштер – 87 пайызды, топырақ өңдейтін құ­ралдар әзірлігі 88 пайызды құраған.

Көктем келсе егіншілерді толғандыратын үлкен мәселе – жанар-жағармаймен қамтылу жайы. Сол Үкімет отырысында 2018 жылғы наурызда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 156 мың теңгені құ­райтындығы мәлімделіп, оны ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге кешіктірмей жеткізу кестесі жасалғандығы айтылған еді.

«Ішкі нарықта орташа көтерме баға тоннасына 170 000 теңгені құрайды. Осы­лайша көктемгі егіс жұмыс­тарын жүргізуге 2018 жылы дизель отынының баға­сы орташа нарықтық бағамен салыстырғанда 14 000 теңгеге төмен», деген еді бұл жайында Энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев.
Бірақ өкінішке орай, ең ас­тықты облыстардың бірі Қостанай облысында көктем егіс әбден жақындаған кезде шу шықты. Осы облыстың Қамысты ауданында 11 сәуір күні өткен мәжілісте жұмыс алқымнан алуға тақағанымен шаруаларды тұқыммен, дизель отынымен қамтуда сылбыр­лықтың бар екендігі ашылды. Мәжілісте сөз алған «ПКФ» ЖШС басшысы Төремұрат Өтепов өзінің Павлодар мұнай өңдеу зауытымен дизель отынын жеткізіп беру жөнінде 3 наурыз күні келісімшартқа қол қойғанын, 10 күннің ішінде ақшасын төлегенін, бірақ дизель отынын әлі ала алмай отырғанын мәлімдеді.

Мәжіліске қатысқан шаруалар да Төремұрат Өтеповті қолдап сөйлеген. Сондай-ақ олардың мәлімдеуінше, шаруаларды тұқыммен қамту мәселесі де әлі толық шешіл­мей о­тырған көрінеді. Бұл жө­нін­де құрылған қор әлі өз жұ­мы­­сына бел шешіп кіріс­пеген.

Әрине көктемгі егіске әзірлік жағдайы алдын-ала баяндалғанда теп-тегіс, тігі­сі жатқызылған болып кел­­генімен, егіс жұмыстары бас­­та­лар кезде бір шудың шыға­тындығы жылдағы әдет. Сондықтан бұл жолы да «көш жүре түзеледі» дегендей, қамыстылық диқандар көтер­ген проблема егіс бастал­ғанша шешімін табады деген сенімдеміз. Ең бастысы, осы іске жауапты орган­дар мен адамдар шаруалар көтерген мәселеге дер кезін­де назар аударуы тиіс. Өйт­кені жанар-жағармай мен тұ­қымды жеткізіп берушілер сыл­бырлығын шаруалар кешір­генімен, табиғаттың кешір­мейтіндігі анық.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»