Медицина • 20 Сәуір, 2018

Еңбек қауіпсіздігіне – ерекше назар

418 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші жыл сайын азайып келеді. Десек те, 2018 жылдың алғашқы үш айында 46 адам көз жұмған. Жыл басынан бері  317 адам өндірістік жарақат алған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасовтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында осы мәселелер кеңінен талқыланды. 

Еңбек қауіпсіздігіне – ерекше назар

Жалпы, жалдамалы жұмыскерлер­дің еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу қоғамның өзекті мәселесі екені белгілі. Дүниежүзілік эконо­микалық форумның жүргізген сауал­намасы бойынша 2017 жылдың қоры­тындысында Қазақстандағы еңбек нарығының тиімділігі 140 мемлекеттің ішінде 35-орынға табан тіреді. Алайда бұл көрсеткіштің көлеңкесінде қаншама тағдырлар көрінбей жатқаны айқын. 

Олай дейтін себебіміз, комитет басшы­сы­ның сөзінше, Халықаралық еңбек ұйымының соңғы мәліметтеріне сай, өндіріс басында және жұмысқа байланысты аурулардан жыл сайын 2,78 млн жұмысшы көз жұмады. Олардың 2,4 миллионы, яғни 86,3 пайызы жұмысқа байланысты аурулардан қайтыс болса, ал 380 мыңы өндірістегі оқыс жағдайдан қаза табады екен.

Ақмәди Сарбасов 2017 жылы еңбек құқының сақталуына байланыс­ты тексе­рілген қазақстандық кәсіпорын­дардағы 1,7 млн жұмысшының 370 мыңы немесе әрбір төртінші қызметкердің (23,0 пайыз) зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтінін жеткізді. 

«Бүгінде елімізде әрбір екінші қыз­меткер жұмыс орнында аса шулы жағ­дайда еңбек етеді. Ал әрбір үшінші еңбеккер жұмыс орнында газ бен шаң мөлшерінің белгіленген нормадан көп жағдайына тап болады. Сексен төрт мың адам ауыр жұмысқа жұмылдырылған, – деді Ақмәди Сарбасов. – Бұл зерттелген кәсіпорын қызметкерлерінің 5,1 пайызы.

Сонымен қатар комитет басшысы мемлекеттік қадағалаудың басты бағыт­тарының бірі еңбек қауіпсіздігін қамтама­сыз етуге арналғанын баяндады. Төраға соңғы үш жылдың ішінде зар­дап шеккендер санының азаю дина­ми­касына назар аударып, бұл көрсет­кіштің 16 пайызға төмендегеніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кен-металлургия кешендерінде жапа шеккендер қатары 16,0 пайыз болса, ал құры­лыс саласында 15,2 пайызды құрайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 2018 жылдың бірінші тоқсанында өндірісте зардап шеккендердің саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға төмендеп, 317 адамды құраған. 

– Жалпы, біз мемлекеттік органдар мен әлеуметтік серіктестердің арқасында өндірістік жарақат алу жағдайы төмендеп келе жатқанын көріп отырмыз. Десе де, бұл жойылып кеткен жоқ. 2017 жылы 1 678 жұмысшы өндірістік жарақатқа душар болған. Оның ішінде, өкінішке қарай, 244 адам қайтыс болды. Аймақтар бойынша мұндай жағдайлардың көбі Шығыс Қазақстанда тіркеледі. Аталған өңірде 2017 жылы 215 адам зардап шеккен. Сол секілді Қарағанды облысында былтыр 190 адам, Павлодар облысында 183 адам өндірістік жарақат алған, – деді төраға.

Мәслихат барысында комитет төраға­сы жұмысшылардың өтемақылары жайын да айтып өтті. «2017 жылы 673 мыңнан астам жұмысшы зиянды жұмыс орнында еңбек еткені үшін әртүрлі деңгейде өтемақы алды. Осы мақсатта жұмыс берушілер былтыр 170 млрд теңге ақша аударды», деді ол.
Сондай-ақ жиында Еңбек кодексін­де құрамына жұмыс берушілер мен жұ­мысшылардың өкілдері кіретін өндірістік кеңестер құру қажеттігі туралы сөз болды. Бүгінде осындай 12 мың­нан астам кеңес құрылған. Атал­ған мәсе­ленің төңіре­гіне көз жүгіртетін болсақ, мем­лекеттік қадағалау нәтижелері көр­сет­кендей, соңғы 5 жылдың ішінде анық­талған заң бұзушылықтардың 30%-дан астамы қауіпсіздік пен еңбекті қор­ғау саласына тиесілі. 2017 жылдың қо­ры­тын­дысы бойынша аймақтардағы мем­лекеттік еңбек инспекторлары 9920 тексеру жүргізіп, 14892 заң бұзушылық анықтаған. 

«Оның 4112-сі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ісіне қатысты. Мемлекеттік инспекторлардың талабымен жұмыс берушілер 298 лауазымды тұлғаны қызметінен босатқан. 22 қондырғы мен кәсіпорынның жұмысына тыйым салынып, 15 ұйымның қызметі тоқтатылды», дейді А.Сарбасов.

Баспасөз мәслихатының соңында комитет басшысының орынбасары Төлеген Оспанқұлов «Еңбекті қор­ғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі жөнін­дегі «KIOSH-2018» VIІІ халықаралық көрме­сі» туралы айтты. Бұл шара 26-27 сәуір­де Астанада өткізіледі. Екі күннің ішінде көр­меге мемлекеттік органдардың, бизнес­тің, қоғамдық ұйымдардың өндіріс орын­дарында апатты жағдайлар мен жара­қат алуды азайту бағытындағы мәсе­ле­­лері қаралмақ. Сонымен қатар қорш­а­ған орта мен қоғамға тиер зиянды азайтып, кәсіптік аурулардың алдын алу және еңбек өнім­ділігін арттыру жайы да талқыға түседі. 

– Еңбек қауіпсіздігіне жағдай жасап, өндірістік жарақат алуды төмендету – Үкімет пен Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің басты мін­деттерінің бірі, – дейді комитет төр­аға­сының орынбасары Т.Қапақұлы.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»