Әдебиет • 20 Сәуір, 2018

Роллан Сейсенбаев Антуан де Сент-Экзюпери атын­дағы халықаралық сый­лық­тың лауреаты атанды

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық «Абай» клубынан жақында жан жадыратар жақсы жаңалық хабар келіп түсті. Белгілі қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаев аса көрнекті шығармашылық қызметі үшін Антуан де Сент-Экзюпери атын­дағы халықаралық сый­лық­тың лауреаты атанды. Мұн­дай шешімді Германия мен Францияның әдебиет, өнер мен мәдениет қайраткерлерінің «Глория-Лион» ассоциациясы бірауыздан қабылдаған.  

Роллан Сейсенбаев Антуан де Сент-Экзюпери атын­дағы халықаралық сый­лық­тың лауреаты атанды

Осыған жалғасқан екінші жағымды жаңалық та көп күттірмеді. Америка Құрама Штат­тарының Сан-Франциско қаласында орналасқан Халық­аралық Арт-Орталығы 2018 жылғы Джек Лондон атын­дағы халықаралық әдеби сый­лығының лауреаттарын жария етті. Нақ осы Сан-Франциско қала­сында 1876 жылдың 12 қаңтарында бүкіл әлем Аме­риканың әйгілі жазушысы һәм қоғам қай­раткері Джек Лон­дон ретінде білетін Джон Гриф­фит Чейни дүниеге келген болатын. 

Осынау мәртебелі сыйлық­пен марапатталған әр елдің мәшһүр жазушыларының арасында көрнекті қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаев та бар. Оның «Құм кезген өліктер» роман-эпосы ХХІ ғасырдың таңдаулы романдарының бірі деп танылды. 

Қазақ руханиятының қа­бырғалы өкілдері  қатарын­дағы қарымды қаламгер «Өзім­ді  іздеп жүрмін» атты алғаш­қы прозалық жинағымен-ақ оқыр­ман жүрегін жаулап, әде­бие­тімізге олжа салар ойлы жазу­шының келгенін аңғартқан еді. Кейін Ол «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер», «Дү­ние тас-талқан болған күн» сияқты сүбелі романдар жазып, жаңа  шығармашылық белестерге көтерілді. Әлемдік деңгейдегі классигіміз Әбіш  Кекілбаев бастаған әріптестері бұл елеулі  еңбектеріне жоғары баға берді. Мәскеудің беделді баспаларынан бірнеше кітабы орыс тілінде жарық көрді. Көптеген  пьесалары еліміз театрларының сахнасында қойылды. Ұлы Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін дүние жүзіне  танытуға аянбай атсалысты. «Аманат» журналы  арқылы әлем әдебиетінің ін­жу-маржандарын қазақшаға ауда­рып, көпшілік игілігіне жаратты. Ендеше ардақты аға­мыздың алдағы уақыттарда да табысты еңбек ете беруіне тілек­тестігімізді білдіреміз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»