Қазақстан • 20 Сәуір, 2018

Сенаторлар «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет порталының жұмысымен танысты

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының 32-ші қадамын іске асыру аясында «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет порталын жасау мәселелері бойынша еліміздің Бас прокуратурасының ғимаратында көшпелі отырыс өткізді.

Сенаторлар «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет порталының жұмысымен танысты

Комитет төрағасы Георгий Ким шараны аша келіп, Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы жөніндегі халыққа үндеуін іске асыру қылмыстық құқық бұзушылықтарды болдырмау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететінін, оның аясында «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» аса маңызды екенін атап өтті.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин интернет порталында орналасатын ақпараттар азаматтарға, ғылыми мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өкілдеріне статистикалық деректерді беруде ашықтықты арттыратынын атап өтті.

Отырыс барысында ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғамбаевтың, бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусиннің баяндамалары тыңдалды.

Көшпелі отырыс барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың басшыларымен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен бейне конференция байланысы арқылы онлайн түрінде өтті.

Отырыс барысында картаның мүмкіндіктері көрсетіліп, оны құқық қорғау органдары мен азаматтардың пайдалануындағы артықшылықтары туралы айтылды, сондай-ақ интернет порталын одан әрі дамыту және кеңінен қанат жаюы мәселелері де талқыланды.

Отырысқа қатысушылар интернет порталындағы апаттардың, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтардың картасына назар аударды. Қазіргі кезде картаға Астана мен Алматы қалалары, 160 қала мен аудан орталықтары, 27 шағын қаламен қоса 203 елді мекен қосылған. 2017 жылы интернет порталының қызметін 300 мыңнан астам адам пайдаланды.

Талқылау барысында сенаторлар «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет порталы қылмыс деңгейін төмендетуге арналғанын, сондықтан жұртшылықты белгілі бір аудандағы, елді мекендегі қылмыстар жағдайы туралы уақытында және шынайы ақпарат беру азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар мәселелері бойынша электрондық және ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар қабылданды.