Аймақтар • 20 Сәуір, 2018

Алматыда Парламент Мәжілісінің депутаттары жатақханаларды аралады

742 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің көшпелі отырысында «Жастардың жоғары білімге қол жетімділігі мен сапасын арттыру» тақырыбы талқыға салынды.

Алматыда Парламент Мәжілісінің депутаттары жатақханаларды аралады

Кеңес мүшелері Бекболат Тілеухан, Динар Нөкетаева, Ислам Байрамуков Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессорлық оқытушылар құрамы мен студенттермен кездесіп, жатақханалардың және онда тұрып жатқан студенттердің жағдайымен танысты.

Жастарға деген мемлекет қамқорлығын Елбасы өзінің 5 әлеуметтік бастамасында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту қолға алынуы тиіс» деп атап көрсетті. Президент Н.Назарбаев Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын.

 «Студенттер үйін» аралау кезінде белгілі болған жайттарды атап өтсек, 2017-2018 оқу жылында Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 5871 студент білім алады. Бұл университетте  7 жатақхана бар, онда 3177 студент тұрады. Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 17 143 студент білім алса, оның ішінде грантта оқитындар саны  – 13 775. Университетке қарасты 16 жатақханада 5730 студент тұрып жатыр. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде 9949 студент оқиды. Оған тиесілі 6 жатақханада 1998 студент тұрып жатыр. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде  6821 студент біліп алса, оның 1887-сі осындағы 5 жатақханаға қоныстанған. ҚазҰУ-дің ректоры, академик Ғ.Мұтановтың айтуынша, жоспарда тұрған жалпы аумағы 45 мың га жерге 1287 орынға есептелген, яғни 543 бөлмелік 12 қабатты заманауи талапқа сай жаңа жатақхана құрылысын жүргізу жұмысы таяу арада қолға алынады. 

Еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 530 мың студенттің 204 мыңы қалаға сырттан келген студенттер. Студенттердің жатақханамен қамтылуын көрсететін ресми статистикалық мәліметтер талдауы бұл жағдайдың қанағаттарлық деңгейде емес екенін көрсетті. Жалпы алғанда республика бойынша студенттік жатақханаларға сұраныс 77500 кереуеттік орын болып отыр. Соның ішінде ең көбі Алматы қаласына тиесілі – 21557 адам жатақханаға мұқтаж.

Кеңестің көшпелі жиын қортындысында «Мирас» кеңесі мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіне қолдау білдірді. «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы әрбір бағыт маңызды әрі қоғамның белгілі бір топтарының сұранысына сай аса қажет үлкен мүмкіндіктер алаңы болмақ.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ