Әлем • 23 Сәуір, 2018

Аймақ тыныштығы – әлем тыныштығының кепілі

1564 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бірнеше жылдан бері мүдделер қақтығысы мен қанды соғыстың ошағына айналған Сирия төңірегіндегі текетірестер өткен аптада әлем жұртшылығының назарын айрықша аударғаны белгілі. Бұл мәселе жақында Сауд Арабиясының Дахран қаласында өткен Араб елдері лигасы саммитінің негізгі тақырыптарының бірі ретінде талқыланды. АҚШ пен одақтас­тарының соққысын Сауд Арабиясы, БАӘ сияқты елдер қолдаса, Алжир, Ливан және Ирак бұл шабуылды құп көрмей­тінін білдірді. Сонымен қатар кезде­судің күн тәртібіндегі мәсе­ле­нің тағы бірі – Палестина мәсе­лесі, Йемендегі дағдарыс болды.

Аймақ тыныштығы – әлем тыныштығының кепілі

Йеменде әскери қимыл­дар жүргізіп жатқан Эр-Рияд бастаған коалиция наурыз­дың соңында Йемен тара­пы­нан Сауд Арабиясына ба­ғытталған жеті зымыран­ды атып құлатқанын хабар­лаған болатын. Коалиция­ның мәліметінше, ол зымыран­дардың үшеуі Саудияның астанасына бағытталған көрінеді. «РИА Новостидің» хабарлауынша, Араб елдері лигасының саммитінде Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд Тегеранды осы мәсе­ле­ге қатысты айыптап,  зымырандардың Иранда жасалғанын алға тартқан. Артын­ша Mehr News Иран­ның Сыртқы істер министр­лігі бұл айыптауды жоққа шығарғанын хабарлады.

Жалпы, Йемендегі қару­лы қақтығыс 2014 жыл­­дан бері жалғасып к­еледі. Осы уақыттан бері шиизм­нің «Ансар-Алла» қозға­лы­сы­на жататын хусит көте­ріліс­шілері үкімет әскерімен соғы­сып жатыр. 2015 жыл­дың наурыз айында Сауд Ара­бия­сының бастамасымен коалиция құрған суннизм тармағындағы араб елдері үкімет әскерлеріне болысып, Йемендегі шииттерге қарсы әуеден соққы беруде.

Иранның қолдауымен хуситтер 2014 жылы Йемен ас­танасын басып алып, үкіметті Сауд Арабиясына қашуға мәжбүр еткен. Содан бергі ұрыстар үздіксіз болмаса да сирек соққылармен жалғасып келеді.

Екі тарапты бейбіт келі­сім­ге шақырған БҰҰ-ның әре­кеттері еш нәтиже бер­меді. 2016 жылы БҰҰ мұнда ондаған мың адамның қаза болғанын мәлімдеген, содан бері қаза болғандар саны арта түскені айтылады, алайда нақты мәлімет жоқ.

Исламның шиит тармағын ұстанып, зейдит мазхабын тұтынатын мұсылмандардың әскери топтары – хуситтер негізінен Йеменнің оңтүстік аумағында орналасқан. 2011 жылы Йемендегі төңкеріске қатысып, президент Али Аб­далла Салехті тақтан кетіруге осы топтар белсене қатыс­қан. 2014 жылы Йеменнің астанасы – Сана қаласын басып алғаннан бері елдің іс жүзіндегі билеуші ұйымы да осылар болып табылады. Болжам бойынша бұларды Ирандағы «Хезболла» партия­сы қолдауда.

Сауд Арабиясымен бір­ге оның оншақты одақ­тастары (бұлар сунниттер) хуситтердің билік басына келуіне қарсы 2015 жылғы наурызда «Батылдық дауылы» атты операция жасап, Йеменнің аумағында авиа соққылар берген. АҚШ бұл операцияларды қолдайтынын жариялаған. БҰҰ-ның дерек­­теріне қарағанда, бұл қыр­ғында 6400 бейбіт тұр­ғын қырылып, 30500-дей адам түрлі жарақаттар алды.

Хусит өкілдері бұл со­ғыс­тың аймақтағы үлкен қан­төгіске ұласатынын жа­рия­лаған. Көптеген сарап­шылар оның негізі де жоқ емес екенін айтады, өйт­кені төңкерісшілерді дін қа­рын­дастары болып табыла­тын Иран қолдайды. «Би-би-си»-дің «Бесінші қабат» атты сараптамалық бағ­дар­ла­масында сарап­шы М.Смотряев пен шығыс­тану­шы Е.Супонина бұл кикіл­жіңнің түбінде Иран мен Сауд Арабиясының аймақтағы көшбасшылыққа таласуы жатқанын айтады. Сонымен қатар бұрын екі мемлекет болып келіп, 1990 жылдардың басында біріккен Йемендегі шииттер мен суниттердің ежелгі қақтығысы жандана түскені айтылған.

Осы кикілжіңде Иран Сауд Арабиясын Йеменнің егемендігіне қол сұғып отыр деп айыптайды. Шығыс­тану­шы Е.Супонова Иран мен Сауд Арабиясының өзара текетіресі Йемен оқиғасынан да бұрын басталғанын айтады. «Олар бұған дейін Си­рия­да, Ливанда және Ира­кта да қақтығысқан болатын. Енді Йеменде Иран хуситтерді ашық қолдауда», дейді сарапшы.

Екі елдің арасындағы ки­кіл­­жің 2016 жылдан ашық текетіреске ұласты. Осы жыл­дың басында Сауд Ара­бия­сында терроризмге қатысу­шы және оған шақыру­шы­лар деген айып тағылған 47 адам өлім жазасына кесіл­ді. Соның ішінде Саудия­дағы шиизмнің көрнекті уағызшысы – 57 жастағы Нимр ан-Нимр де болған еді. Бұл Иран астанасында бұрқ еткен қарсылықтарға ұласты. Тегерандықтар Сауд Арабиясының елшілігіне шабуыл жасап, оны тас-талқан қиратты. Әрине, Иран полициясы содырлардың іші­нен 38 адамды ұстап, қа­маған. Бірақ бұл іс Сауд билі­гін тыныштандырған жоқ, сыртқы істер министрі Адель әл-Жубейр Иран­мен дип­ломатиялық қаты­нас­тардың үзілетінін жариялаған.

Иран мен Сауд Арабиясы­ның дипломатиялық қаты­настарды үзуі бұрын да болған. Нақтырақ айтсақ, 1988 және 2016 жылдары. Екі ретте де Сауд Арабиясының бастамасымен жасалған. Өз кезегінде Эр-Рияд Тегеранды еліндегі шиит оппозициясын қолдайды деп кінәласа, Иран жағы сол шииттердің құқы тапталуда деп қарсыласын жазғырады. Сонымен бірге иран­дықтар Меккеге қажы­лық парызын өтеуге бару үшін енгізілген квотаның азды­ғына қарсылықтарын білдіріп келген.

Айта кететін жайт, КСРО Сауд Арабиясымен 1926 жылы дипломатиялық қа­рым-қатынас орнатқанда онда алғашқы өкілетті уәкіл (ол кезде елшілер осылай аталған) болып қазақ азаматы Нәзір Төреқұлов таға­йын­далған. Бірақ кейін сталиндік саясаттың озбырлығын жақ­тамаған Саудиямен қаты­нас толықтай үзіліп, ол тек 1991 жылы қалпына келтірілген болатын.

Сауд Арабиясы АҚШ-тың Парсы шығанағы елдерінің арасындағы ең жақын одақ­тасы болып саналады. Сон­дықтан Саудия Королі Сал­ман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд­тың былтырғы жылдың қазан айында Ресейге жасаған ресми сапарының барысын Washington Post газетінің шолушысы Адам Тейлор АҚШ басшылығының «үздіксіз қадағалап отырғанын» жазды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д.Песковтың айтуына қарағанда екі елдің арасындағы осы сапардағы келіссөздер аймақтағы қауіп­сіздік пен бейбітшілік мәсе­лелерін талқылаумен қатар «әскери-техникалық ын­ты­мақтастықтар мәселесін қам­тыған». Мұны кейбір ба­сы­лым­дар Ресейдің түрлі қа­р­у­ын Саудияның сатып ала­тын­­дығымен байланыстыр­ды.

Былтырғы жылдың соңы­на таман хуситтер Сау­дия­ның астанасы Эр-Рияд қаласын баллистикалық зымыранмен атқылады. Сауд Королі бұл істе Иранды айыптап, хуситтерге зымырандар берді деп ашық жазғырған.

АҚШ басшысы да бұл оқи­ғаға салғырт қараған жоқ. Президент Д.Трамп та Сау­дия басшысымен теле­фон арқылы сөйлесіп, өзі­нің «Сауд Арабиясымен тілек­тес» екенін жеткізгенін Ақ үй ресми түрде жарияла­ды. Сонымен бірге Ақ үйдің мә­лім­демесінде екі жақ та зы­мырандық соққыны жасаған Иранның «Ислам төңкерісі­нің күзет корпусы» екеніне келісетіндігі айтылған. Ал бұл ұйым Иранның элиталық әскери-саяси құрылымы. Олар өздерінің хуситтерге еш­қандай зымыран бер­мегенін мәлімдеген. Хуситтер болса, зымырандық соққы жасағандарын мойындап, мақсаттары корольдің сарайын талқандау екенін жасырмады. Бірақ Саудиядағы суннит коалицияның өкілі, полковник Турки зымырандар қаланың тұрғын аудандарына бағытталғанын, алайда олар әуе қорғанысы күштері­мен зарарсыздандырылғанын мәлімдеген.

Жуырда Сауд Арабия­сының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман әл-Сауд өз елінің Иранмен соғы­сы алдағы 10-15 жылдан кейін болуы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында ол халықаралық қауымдастықты Тегеранға қарсы жасалатын санкцияларды күшейтуге шақырды. Эр-Риядтың негізгі тағар айыбы – Иранның хуситтерді қолдап, оларға астыртын қару-жарақ беруі.

Иранға қарсы санкция­лар тоқтатылғаннан кейін бұл елдің аймақтағы ықпа­лы артқан болатын. Ол қол­дай­тын Ирактағы шиит жасақ­тары да қуатты күшке айналды. Сирияда Ресеймен бірлесіп қорғап отырған Башар Асад та әлі күнге тақтан таяр емес. Ал Саудияның бұл елдердегі мүддесі Иранға кереғар болғанымен, көздеген мақсатына жете алмай отыр. Ал екі елдің Йемендегі текеті­ресінің қалай өрбіп жатқанын жоғарыда жаздық.

Сарапшылар осы текетірес қарулы қақтығысқа ұласса Саудияны америкалықтар, Израиль, Египет және басқа да суннит әлемі қолдайтынын айтады. Ал Иранды Ресей қолдауы мүмкін, бірақ оның соңғы кездердегі Саудия­мен жақсы қарым-қатынасы қақтығысқа ашық араласудан тежеуі мүмкін дейді, кейбір саясаткерлер.

Иран мен Саудия арасын­дағы кикілжіңдер осылай өріс алуда. Оған көптеген халықаралық ұйымдар мен бейбітсүйгіш әлемдік қауымдастық өз тарапынан үн қосып, бейбіт келісімге келуге шақыруда. Әзірге ол оң нәтиже бере қойған жоқ.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»