Әлем • 23 Сәуір, 2018

Жаһан жаңалықтары. Нурмагомедов пен МакГрегор жұдырықтасуы мүмкін

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арсен Венгер 22 жылдан соң «Арсеналдан» кетті

«Арсенал» футбол клубының франциялық бас жаттық­ты­ру­шы­сы Арсен Венгер маусым соңында клубтан кететінін мәл­ім­д­еді. Ол Лондон командасын 1996 жылдан бері 22 жыл бас­қарған болатын.

«Клуб басшылығымен ақыл­даса келе биылғы маусым­нан соң клубтан кетуге шешім қа­былдадым. Бірнеше жыл бойы әлемнің ең үзік команда­сын жаттықтырғаныма қуа­ныш­тымын. Клубқа бар күш-жі­герімді салдым және адал жұ­мыс істедім деп айта аламын. Барша жанкүйерлерге, фут­болшыларға өз алғысымды айтамын», дейді Арсен Венгер.

Франциялық маман 22 жылдың ішінде «Арсеналмен» бірге 17 кубок жеңіп алған. Үш рет Англия чемпионы атанып, жеті рет Англия кубогы және Англия Суперкубогын жеңіп алған. Венгер Ағылшын премьер-лигасында жаттықтырушы ретінде 823 матч өткізіп, АПЛ тарихында рекорд орнатқан. Екінші орында «Манчестер Юнайтед» клубының бұрынғы жаттықтырушысы  Алекс Фергюсон (810) тұр.

Нурмагомедов пен МакГрегор жұдырықтасуы мүмкін

Аралас жекпе-жек өкілі Хабиб Нурмагомедов UFC спортының екі салмақ бойынша әлемнің экс-чемпионы Конор МакГрегормен жыл соңына дейін жекпе-жек өткізуі үшін келіссөз басталған.

«Қазіргі таңда Конордың командасымен кездесу өткізу туралы келіссөз жүріп жатыр. Ол біздің ұсынысты қарамай созып жүріп алмаса, осы жылы жекпе-жек өткізгім келеді. Егер ол менімен жұдырықтасқысы келмесе, онда Дастин Порьені сегіз бұрышқа шақырып көре­міз», дейді Нурмагомедов.

Айта кетейік, ресейлік спортшы соңғы жекпе-жегін Тони Фергюсонға қарсы өткізуі керек болған. Алайда америкалық спортшы жарақат алып қалуына байланысты айқас кейінге шегерілген. Кейіннен Хабиб Нурмагомедов Эль Яквинтпен жұдырықтасып, чемпиондық белбеуін қорғап қалған еді.

«Тоттенхэм» трансферде 120 млн фунт жұмсамақ

Лондонның «Тоттенхэм» клубы жазғы трансфер маусымында бірқатар футболшыларды сатып алмақ. The Independent басылымының мәліметі бойынша, бас жаттықтырушы Маурисио Почеттино клуб басшылығына трансфер үшін 120 млн фунт қаржы бөлуін сұраған.

Аргентиналық маман бұл қаржыға Джамаал Ласселлс («Ньюкасл») және Матейс де Лигт («Аякс») сияқты футболшыларды сатып алмақ. Сондай-ақ «Кристал Пэлас» клубынан Уилфрид Заха мен «Вест Бромвичтан» Джей Родригесті де сатып алуды көздеп отыр. Бұған дейін шетелдік басылымдар «Реал Мадрид» командасындағы жартылай қорғаушы Гарет Бэйл жаз айында «Тоттенхэм» клубына қайта келеді деп жазған болатын.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»