Аймақтар • 23 Сәуір, 2018

Елордада бес мыңнан аса көшет отырғызылды

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада өткен жалпықалалық сенбілікке 5315 кәсіпорын мен мекеме, ұйымдардан 140 мыңнан астам адам қатысты. Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 2,7 миллион шаршы метр аумақты қамтитын саябақтар мен гүлзарлар тазаланып, 8 мыңнан астам ағаштың түбі әктелді, сондай-ақ 5090 ағаш көшеті отырғызылды. 

Елордада бес мыңнан аса көшет отырғызылды

Осылайша Астанаға көрік беретін ақ тал, үйеңкі, қайың, қарағай, емен, сүмбіл терек, шетен ағаштары көбейе түсті. Ағаш көшеттерін егуде ең алда келе жатқан Есіл ауданы деуге болады. Айта кетелік, Алматы ауданында – 1300, Байқоңыр ауданында – 500, Есіл ауданында – 2975 ағаш пен 274 бұта, Сарыарқа ауданында 495 көшет отырғызылған. Сенбілікте түс әлетінде 687,88 тонна қалдық жиналып, қоқыс жинау аума­ғына шығарылды. Барлығы 166 тасымал атқа­рылды. Атап айтқанда, қоқыс жинау мен шығару ісіне 200 трактор мен 387 жүк көлігі жұмылдырылды. Елор­да ішін қақ жарып аға­тын Есіл өзені мен оның Ақбұлақ, Сарыбұлақ іспетті салаларының жағалаулары санитарлық тәртіпке келтірілді. Аталған акцияға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 150-ден астам студенті мен қала аумағында әскери міндетін атқарып жүр­ген азаматтар белсене қатысты. Сондай-ақ сенбілікте тұрғындарға тазалауға қажетті заттар үлестірілді.

«Қаламыздың тазалығы балаларымыздың денсаулығы үшін өте маңызды. Мұн­дай шаралардың жиі ұйым­дас­тырылып тұрғанын қа­лаймын. Өзің тұратын қала­ның жар­қырап, жайнап тұрғаны барша­мызға ұнай­ды. Сондықтан таза­лық-санитарлық шараларын сақтау, қаланы таза ұс­тауға әрқайсымыздың қосар үлесіміз үлкен» дейді Ал­маты ауданының тұрғыны, зейнеткер Қ.Тоқсейітова.

Экологиялық айлыққа ми­нистрлік, агенттік ұжым­дары мен қалалық мәслихат, қала әкімдігінің аппараты, орталық атқарушы органдардың аумақ­тық бөлімшелерінің қыз­мет­керлері, ардагерлер кеңесі, кәсіп­одақтар мен қоғамдық ұйымдардың да өкілдері белсенді түрде қатысқанын атап өтуге болады. Шағын және орта кәсіпкерлік иелері өздеріне тиесілі аумақтың тазалығын қамтамасыз етсе, коммуналдық қызмет пен мер­дігер ұйымдар аулаішілік көріктендіру жұмыстарын жүр­гізіп, балалардың ойын алаң­дары мен спорт алаңдарын, тастақталар мен жиектастар­ды жаңартуға қатысты. Соны­мен бірге инженерлік және коммуникациялық желілерді жөндеуден өткізу кезінде бұ­зылған аумақтар, кабельді желі­лер, көшедегі және саябақ­тардағы жарықтандыру ретке келтірілді.

Экологиялық шараға «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы да қатысты. Олар көрме кешенінің нысандары мен саябақ маңайындағы 2 гек­тарға жуық алаңды тазалап, 200 көшет отырғызды. Сондай-ақ 7 арнайы техниканы жұмылдырып, 3 текше метр қоқыс шығарды. «Ұжымымыз толық құраммен жалпықалалық сенбілікке шықты. Көрме мұрасы нысандары Астана тұрғындары мен қонақтарының жиі келетін орталығына, ал «Нұр Әлем» сферасы – жа­ңа дүниежүзілік болашақ энер­гиясының нышанына айналды. Қазір көрме аумағына келу­шілердің жай­лылығы үшін ЭКСПО нысандарын қайта жөндеу және көркейту жұмыстарын атқарып жатырмыз», деді кәсіпорын басшысы Ербол Шорманов.

Сенбілік шаралары ел аума­ғында да өтуде. Ал «Аста­на – таза әрі қауіпсіз қала» ат­т­ы жалпықалалық сен­білік 12 мамырда тағы да ұйым­дастырылмақ.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»