Тарих • 23 Сәуір, 2018

Сарайшықтың сыры көп ашылмаған...

1323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ хандығының астанасы болған ортағасырлық Сарайшық шаһарының орнын сақтап қалу мәселесі талай мінберден айтылды. Жыл санап Жайық өзені жұтып бара жатқан көне қала орнының тым болмағанда жер бетінде қалған кішкене бір бөлшегін келер ұрпаққа көзайым қылу ұлт мұрасын ұлықтауы тиіс ел басындағы азаматтарға сын болған еді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы да ескі шаһар орнының естелікке айналмауына септігін тигізіп отыр.

Сарайшықтың сыры көп ашылмаған...

Алтын Орданың алғашқы сау­да орталықтарының бірі болған Сарайшық қалашығы Атырау қа­ласынан 50 шақырым қашық­тық­та, Махамбет ауданының аума­ғын­да орналасқан. 1999 жылы сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тас­мағамбетовтің бастамасымен «Хан ордалы Сарайшық» мемориалды кешені салынды. Мешіт пен кесене тұрғызылды. Содан бері мұнайлы мекенге алыс-жақыннан келетін қонақтардың ат басын бұратын бірден-бір орнына айналды. «Кешенге жылына 15 мыңға жуық адам келеді. Музей қорын­да­ғы қала орнынан табылған жәді­гер­лерді көруге қызығушылық та­ны­татындар қатары көп», дейді Сарай­шықтың шырақшысындай болған музей қызметкері Молдаш Бердімұратов.

2016 жылға дейін қаражат жеткіліксіз деген желеумен тарихи орынды өр суынан құтқарып қалуға аса мүдделі бола қоймағанымыз рас. Сол жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен жергілікті бюд­жеттен 1,6 млрд теңге бөлініп, жағалауды бекіту жұмыстары бас­­талды. Қорғаныс бөгетінің құ­рылысы биыл аяқталады. Жеті хан жер­ленген киелі орынды зерттеу жұмыстары да жалғасын таппақ.

Сүйінші жаңалықты халыққа есеп беру жиынында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі жеткізген еді: «Сарайшық» мемле­кет­тік тарихи-мәдени музей-қоры­ғы­ның сапар орталығының құры­лы­сы биыл басталады», деді ол. Елба­сының «Рухани жаң­ғыру» бағ­дарламасы аясында «Қазақ­стан­ның киелі жерлерінің география­сы» жобасының тізіміне ен­ген Сарайшықта қазіргі заманға сай бар­лық жағдай жасалған кешен бой көтереді. Әкімшілік ғи­марат, қонақүй, шаруашылық-тұр­мыс­тық үйі секілді бірнеше ғи­марат салу жоспарланған. Екі қа­батты әкімшілік ғимарат ішінде экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференцзал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітап­хана орналасады. Арнайы алаң­дар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл да тарихи орын­ның мән-маңызын арттырары анық.

Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы да Сарай­шыққа бір емес, бірнеше рет барып, жағалауды бекіту жұ­мыс­тарымен, қазба орындарымен та­нысты. Әзірге қағаз бетіндегі жо­ба ғана болғанымен, сапар орта­лығының салынар орны бел­гіленетін күн де алыс емес. «Қа­ла­шықтың орталық бөлігі Жай­ық­қа жұтылып кеткен жоқ, қазіргі Сарайшық ауылына қарай болуы керек» деген де пікірдегі ғалымдар бар. Осының бәрін ескере келе, «Сарайшық» музей қорығы маңындағы үйлерді көшіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанованың айту­ынша, 2030 жылға дейін музей жанындағы 65 тұрғын үй көшіріледі. Ауылдың бас жоспарын жа­саған кезде ескі Сарайшықтағы үйлерді көшіріп, орналастыруға ар­найы жер бөлінген. Бұл өз кезе­гінде археологиялық қазба жұмыс­тарының кең көлемде жүргізілуіне мүмкіндік береді.

Бастысы, сең қозғалды. Тарихи шаһардың шежіресін жаңаша жазып шығуға мемлекет тарапынан қолдау бары анық аңғарылады. Өткен ғасырдың ортасынан бас­тал­ған зерттеу жұмыстары Сарай­шықтың сырын әлі күнге дейін толыққанды ашып болған жоқ. Әр қазба жұмысы жүргізілген сайын кем дегенде бір жаңалық табылады. Бабалар өткен жолды зерделеу­ге ниетті өскелең ұрпақтың да бұл мекеннен әлі талай ғажайыпты табары сөзсіз.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ