Қазақстан • 24 Сәуір, 2018

Жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді

740 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сенат осындай түзетулермен жер туралы заңды қабылдады. 

Парламент Жер тура­лы заң­ды қабылдады. Ал Пар­ла­ме­нт­тің екінші аты кім? Ха­лық! Сондықтан заң қа­был­данғанға дейін депутаттар ай­мақ­тарға сапармен барып, ха­лықтың пікірін тыңдады, ұсы­ныс­­­тарын жинақтады. Жерге қа­тысты ұлт патриоттары мен өз­ге де қоғамдық ұйым­дар­дың пікірлерін, ашық хаттарда, БАҚ-та және әлеуметтік же­лі­лерде айтылған ұсы­ныс­тар мен тілектерді ескеріп, не­гіз­ге ал­ды. Сенаттың тұрақты ко­митеттерінде тал­қыланып, олар­дың ұсыныстары ескерілді. 

Жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді

Осы­ның негізінде Жер туралы заң­ға біршама өзгерістер мен то­лықтырулар енгізіліп, жер еш­­қашан шетелдіктерге сатылмай­ты­ны, жал­ға берілмейтіні, ше­каралық жерлерде ешбір шет­ел­дік компаниялар жерге қа­тыс­­ты қыз­мет ете алмайтыны тай­ға таңба басқан­дай етіп нақ­ты­ланып жазылды.

Сенат депутаттары Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірз­ақ Шөкеевтің Жер туралы заң­ға байланысты баяндамасын тал­қы­лауға белсенді қатысты және пікірлерін айтты.

Өмірзақ Шөкеев Жер туралы заңға өзге­ріс­тер мен толық­ты­ру­ларды былай түсін­дір­ді:

Бірінші бағытта ауыл ша­руа­­­шылығы жер­лерін қ­азақ­стан­дықтарға жалға беру нормасын сақ­тау және жетілдіру мақ­са­тын­да жалға берудің жаңа әрі ар­найы тәртібі қарастырылып отыр.

Жер беру тәртібінің ашық­тығы мен айқындығын қам­та­масыз ету үшін конкурсқа қойы­ла­тын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық ке­ңес­термен және үкім­еттік емес ұйымдармен келісу, жер ко­­миссиясының құрамына 50 пай­ыздан кем емес қоғамдық ке­­ңестер мен ұйымдардың өкіл­де­рін енгізу қарастырылып отыр.

Сонымен бірге конкурстың жариялылығы мен оған барлық қа­ты­сушылардың тең қо­л­же­тім­­ділігін қамтамасыз ету мақ­са­тында жа­ңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі ту­ра­лы ха­барландыру тек аудандық қа­на емес, басқа да бұқаралық ақ­парат құрал­да­рын­­да, Ауыл ша­­руа­шылығы министрлігі мен әкім­діктердің ресми интернет-ре­­сурс­та­рында орналастырыла­ды.

Ауыл шаруашылығы жер­ле­рін тиімді пайдалану және жал­­ға алушылардың жер пай­да­­лану жөніндегі қабылдаған мін­­дет­те­мелерінің орындалуын қадағалау мақ­са­тын­да жалға алу­дың алғашқы бес жылында әр жыл сайын, келесі кезеңдерде су­­армалы жер­лерде – әр үш жыл сайын, ал суарылмайтын жер­лерде әр бес жыл сайын мониторинг жүр­гізу белгіленіп отыр.

Екінші бағытта ауыл шаруа­шы­лығы жер­лерінің үлкен көлем­де «бір қолға» берілуін бол­­дырмау мақсатында заң жоба­сында әр облыстың әкім­ші­лік аудандарында ауыл шаруа­шы­лығы жерлерінің шектік мөл­ше­рін белгілеу көзделген.

Бір қолға берілетін жерлердің мөлшерін мәслихаттар мен әкім­діктердің бірлескен ұсынысымен Үкімет бекітеді.

Бұл шектік мөлшерді айқын­дау үшін тиісті есептеу әдіс­те­ме­сі әзірленді.

Үшінші бағытта – мем­ле­ке­ттік шекараның шека­ралық бел­деуінде орналасқан ауыл ша­руа­­шылығы алқаптары ешкімге беріл­мейді, тек жергілікті ха­лық­қа жайылым, шабындық ре­тінде ғана пайдалануға рұқсат еті­леді.

Шекаралық аумақта орна­лас­қан жер учаскелерін ше­тел­­діктерге немесе Қазақ­стан Рес­публикасының шетел­діктермен некеде тұрғ­ан азаматтарына неме­се құрамында шет­елдіктер бар Қазақстан Республикасының заң­­ды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орна­ласқан ауыл шаруашылығы жер­лері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады.

Төртінші бағытта – ауыл­дық жер­лерде жергілікті тұрғын­дар­дың жеке аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында заң жобасымен жер­гілікті халыққа аналық мал ба­сын ұстау үшін жайылым ал­қап­тарын айқындау туралы норма көзделуде.

Осы мақсатта айқындалған жайылымдар­ды жалға беруге тыйым салынатын болады.

Сонымен қатар бүгінгі күні ел­ді мекен­дер­дің маңындағы жай­ы­лымдардың көбі жеке жә­не заңды тұлғаларға беріліп кет­ке­нін ескеріп, ол жерлерді қай­та­ру, мемлекеттік мұқтажға жат­қы­зу заң жобасымен белгіленіп отыр.

Бесіншіден, осы заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді же­кеменшікке сату және шетел­дік­терге жал­ға беру туралы енгізілген мораторийдің шең­берін кеңейту қарастырылып отыр, онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақ­стандық заңды тұлғаларға жер беріл­мей­тін болады.

Бұл ретте заң жобасы нор­маларының бар­лығы Жер комис­сиясы жұмысының қо­ры­­тын­дысы бойынша әзірленген және ауыл ша­руашылығы жерлерін тек қана қаз­ақ­­стандықтарға жал­ға беру институтын же­тілдіруді көз­дейді.

Бұл заң жобасымен Жер және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстері, «Жер ко­дексінің жеке­леген нормаларының қол­да­ны­сын және «Қазақстан Респуб­ликасының Жер ко­дек­­сіне өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» 2015 жыл­ғы 2 қарашадағы Қа­зақ­стан Республикасы заңының қол­данысқа ен­гі­зілуін тоқтата тұ­ру ту­ралы» және «Қо­ғам­­дық кеңес­тер туралы» заңдарға түзе­ту­лер ен­гізіледі.

Заң жобасының кейбір нор­ма­лары рес­пуб­­ликалық бюджет шығыстарының ұл­ғаю­ын көз­­дейді. Олардың барлығы Рес­­пуб­­­­ли­калық бюджеттік ко­мис­сия­да қаралып, қол­дау тапты.

Болжамды шығыстар жер­гі­лікті атқару­шы органдардың ұсы­ныстарына қарай және олар мемлекеттік мұқтаж үшін алы­­натын жағ­дайда ғана есептер әр жер учаскесіне жеке­ше анық­та­лып, нақтыланатын болады.

Заң жобасы ауыл шаруа­шы­лы­ғы мақ­са­тындағы жерлерді жал­ға берудің айқын те­тіктерін белгілей отырып, олардың тиімді пайдаланылуына бағытталған.

Қаралып отырған жаңа нормалар жергілікті атқарушы ор­ган­­дар қызметінің жариялы бо­луы­на ықпал етеді, сондай-ақ жер­лерді беру жүйелерін ақпа­рат­­тандыруға және қоғамдық пікір­­дің кеңінен ескерілуін көз­дейді.

Қазіргі кезде Үкімет жер қа­ты­настары сала­сындағы заң­на­­ма­ларды жетілдіру жұ­мыс­тарын одан әрі жалғастыруда.

Ө.Шүкеевке Сенат депутат­тары О.Пере­пе­чина мен С.Еңсе­ге­нов сұрақ қойып, кей­бір түйт­кілді мәселелерді анық­та­ды және Аграрлық мәселелер, та­биғатты пайдалану және ауыл­дық аумақтарды дамыту ко­ми­тетінің хатшысы Рашит Әкі­мов қосымша баяндама жасап, былай деді:

– Жер мәселесіне қазіргі уа­қыт­та қо­ғам айрықша көңіл бө­ліп, халық ерекше алаңдап отыр­ға­ны шындық. Сондықтан да жерге қатысты заңнамалардың қа­шан­да жұ­рт­шылықтың зор ықы­л­­асын туғызып, қо­ғам­да да қы­зу талқыға түсуі заң­ды­лық. Бұл заң жобасы бойын­ша түрлі пі­кір­лердің де, сын-ескер­тпе­лер­дің де, ұсы­ныс­тар­дың да сан алу­ан­­ды­ғын қалыпты жағдай деп санау керек.

...Жер реформасы жөніндегі комис­сия­ның жер қатынастарын реттеуге қатысты әзір­­леген бір­шама ұсыныстары бүгінгі қа­ра­­лып отырған заң жобасында еске­ріліп отыр. Осы орайда Жер реформасына қа­тыс­­ты ке­ле­­сі маңызды өзгертулер мен то­лық­­­ты­ру­ларды атап көрсетуге болады:

­– мораторийда белгіленген бұ­рынғы шектеулерден басқа, та­ғы да қосымша ретінде, шекара ма­ңы аумақтарында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге және құрамында шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық заңды тұл­ғаларға беруге тыйым салатын нормалар қарастырылды;

 – шетелдік азаматтармен некелескен қазақстандық азамат­тар­ға дәл осындай шектеу­лер бел­­гіленіп отыр;

– бұдан басқа қазақстан­дық­тар­ға уақытша пайдалануға бері­ле­тін ауыл шаруа­шы­лығы жер­лерінің шекті көлемін белгілеу;

– ауылдық жерлердегі халық­тың малын жай­ылымдармен қам­­тамасыз ету;

– ауыл тұрғындарын жеке тұр­ғын үй құ­рылысы үшін жер учас­келерімен де қам­та­масыз ету­ге бағытталған нормалар қа­рас­­­ты­рылған.

Әрине, қаралып отырған заң жобасы жер қатынастары сала­сын­дағы бұрыннан қор­даланып қал­ған барлық мәселелерді бір­­ден шешіп тастайды деп ойламаймыз. Де­ген­мен, осы заң жобасы мораторийде бе­л­­гіленген «өтпелі кезеңдегі» мәселелерді ше­­шуге толықтай мүмкіндік береді десек қа­те­леспейміз.

Ендігі арада Үкімет алдын­да осы «өтпелі кезең» деп отыр­ған уақыт аралығында ауыл ша­­руашылығы жерлеріне қа­тыс­ты мәсе­ле­лерді саяси-эко­но­микалық және әлеу­мет­тік тұр­ғыдан сараптап, жан-жақ­ты зе­р­­­делеу міндеттері тұр. Ке­ле­шек­­те осы мәсе­ле­ге байланысты та­ғы да нақтылы ұсы­ныс­тар­дың болары да анық.

Заңды талқылау барысында сенатор Т.Мұқашев мынандай пікір білдірді:

– Жерсіз ұлттық мүдде құн­ды­лықтары қалып­таспайды, қа­лып­тасқан да емес. Қа­зақ­тың бар­лық мәселелері, әлеуметтік мә­­­с­е­лелерді шешудегі қасиет­те­­рі ел мен жер тағ­дыры төңі­ре­гінде өрбіген.

Заң жобасы Сенатқа, әсіресе Ха­лық­аралық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің қарауына келіп түскен сә­тінен бастап бірнеше рет саралаудан өтті. Жұмыс топтарының және комитеттің отырыстарында қаралып, егжей-тегжейлі зерделенді. Жұмыс барысында заң жобасының жекелеген нормаларына қатысты бірқатар сауалдар қойылып, әзірлеуші тараптан жауаптар да ұсынылды. Дегенмен де бірнеше мәселе әзірлеушілердің назарынан тыс қалды.

Мәселен, қазіргі уақытта тұ­рып жатқан ауыл тұрғындары жер учаскелерін рәсімдеу үшін көп­теген кедергілерге тап болады. Әсіресе, бұл мәселе шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарына өте қиын. Сондықтан біздің пай­ымдауымызша, ауыл әкімі жер учаскелерін жекеменшікке не­месе оны пайдалануға беру фун­­кцияларын өз мойнына алуы тиіс. Осылайша ауыл тұр­ғын­дары үшін әкімшілік кеде­р­гілер азаяды.

Тағы да бір мәселе, жер учас­кесін ұсыну­дың шекті нормасын ұлғайту қажет. Бұл әсі­ре­се ауыл­ды елді мекендерде өзекті мә­селе. Се­бебі баршамызға ауыл­дың жағдайы мә­лім, ауыл тұр­ғынының күнкөрісі жермен бай­ланысты. Өзінің жер учас­ке­сіне үйімен қоса қорасын да, са­райын да, моншасын да тұрғ­ызуы қажет. Сонымен қатар ауылдық жер­лерде иесіз, шөп басқан бос жерлер де баршылық. Қаңырап, арам-шөппен шыр­­ма­лып жатқанның орнына өңделіп, ауыл тұр­ғыны мен оның отбасы­на пайда әкел­ге­ні абзал. Осы үшін ұсынылатын жер учас­­ке­сінің шекті мөлшерін ұлғай­ту­ды жөн кө­ре­­міз.

Бүкіл қоғамды толғандырып отырған жер мәселесіне қатысты се­на­тор М.Бақтиярұлы да өз пі­кірін ортаға салып, ұсыныс­та­рын айтты.

– Ғасырлар бойы отарлау сая­сатының зардабын тартқан қа­зақ халқы шетелдіктерге жер­ді жалға беруді қабылдай бер­мейтініне кө­зіміз анық жеткен­дей болды. Осы бір кө­ңіл ауаны ескеріліп, жерді сауда мен сая­сат­тың құралына айнал­дыр­мауымыз керек. Жер тағ­ды­рына халық алаңдап отыр. Жер халықтың ортақ байлығы, ол жеке­ше­ленбейді, сатылмауы керек деген ой-пікір­лер бұ­рын да, қазір де айтылып ке­ле­ді. Біз осыны ескеруіміз керек. Сон­дықтан да бо­ла­шақ­та жер­ді пай­даланудың осы кез­ге дей­ін қол­­данып келе жатқан жалға бе­ру тү­рін ғана негіз етіп алуымыз дұрыс бола­ды деп есеп­тей­мін. Осы жалға беру инс­ти­т­у­ты­­ның тетіктерін жетіл­д­і­руіміз қажет, – деді ол.

Сондай-ақ осы мәселе бой­ын­­ша сөз алған сенатор М.Жұ­ма­ғазиев әріптестерінің пі­кірін түйіндегендей болды.

Ол: Ата заңымыздың 2-ба­бын­­да: «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­­сының егемендігі оның бү­кіл аумағын қам­тиды. Мемлекет өз аума­ғы­­­­ның тұтастығын, қол сұ­­ғы­л­­­мауын және бө­лін­беуін қам­­­­тамасыз етеді» – деп атап көр­­­­сетілген. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Жер кодексінің негіз­гі принципі де соны көз­дей­ді.

Әрине, жер қатынастары жө­нін­дегі мә­селе бүгінгі күн өл­ше­мі­мен шешіле сал­май­ды. Ал­да­ғы уақытта бұл құжатты әлі де жетілдіру қажет деп ойлаймыз.

«Келісіп пішкен тон келте бол­мас» дегендей, әріптестерім заң жобасын талқылауға белсене қа­тысты, ашық пікірлерін ортаға сал­ды. Сөйтіп ел үшін тиімді, жер үшін түйінді, баянды бола­ша­ғымызға кепіл болатын ортақ шешімге келдік» деді.

Қайталап айтар болсақ, жер ешқашан шетел­діктерге сатылмайтыны, жалға беріл­мей­тіні, шекаралық жерлерде ешбір шетелдік ком­паниялар жерге қатысты қызмет ете алмайтыны тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылды.

Сөйтіп өздеріңіз байқап отыр­­ғандай, де­путаттар жер ту­­ралы заңның халыққа, ұлт­қа, мемлекетке тиімді болуын ба­рын­ша зер­делеп, жерді шет­елдіктердің иеленуіне не­ме­се қан­дай да бір қолсұғушылыққа еш­қандай жол бермейтін түзе­тулермен қабылдады.

Ендігі мәселе осы заңның ел игілігі үшін қыз­мет етуі.

Әділбек ҚАБА

Соңғы жаңалықтар